“Теңізшевройл” ССЕР компаниясымен келісімшартты бұзбады, шетелдіктерді эвакуацияламады

“Теңізшевройл” кәсіпорнының ресми өкілінің мәлімдеуінше ТШО ССЕР компаниясымен келісімшартты бұзбады. ATPress.kz хабарлауынша бұл туралы бүгін өткен брифингте «Теңізшевройлдың» мемлекеттік және қоғамдық байланыстар бөлімінің бас менеджері Рызабек Артығалиев мәлімдеді.

Соңғы оқиғаларға байланысты Артығалиев пікір білдірді. Оның айтуынша ССЕР компаниясы мен ТШО бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

«Қателеспесем ЗТП ПБР құрылыс алаңында 15-16 компания жұмыс істейді. Ал ССЕР компаниясында шамамен 8 мың адам бар және оның 600-ден астамы шетелдік азамат. ССЕР компаниясы құрылыс және электромеханикалық өңдеу бойынша ЗТП ПБР зауытының мердігер мекеме. Бұл 2018 жылдан бері ТШО-мен жұмыс істеп келе жатқан ірі мердігерлердің бірі. Олар жаңа зауыттың құрылысын аяқтамайынша жұмысты тоқтатпайды»

Журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында Артығалиев Теңіз кен орнынан шетелдік жұмыскерлерді көшіру туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Желіде бірнеше адамды депортациялады деген ақпарат тараған. Олардың 780-і Қытай азаматы екен. Бізде, Теңізде, қытайлық компаниялар жоқ. Бұл ақпарат қайдан алынғанын білмеймін. Мұның бәрі жалған. Депортацияланғандар жайлы мемлекеттік органдардан ақпарат ала аласыз. Қолымызда ондай ақпарат жоқ» деп мәлімдеді Артығалиев.

Ол сондай-ақ «Теңізшевройл» өз қызметкерлерін Теңізден эвакуацияламағанын хабарлады. Жұмысшылар қызметін жалғастыруда. Ал төбелес кезінде зардап шеккендерді Атырауға жіберді.

Журналистермен кездесу барысында Рызабек Артығалиев:

«Ешкім қайтыс болған жоқ. Әлеуметтік желіде жазылғандай ешкімді басынан темірмен ұрған жоқ. Трамп айтпақщы, мұның бәрі фейк» деп мәлімдеді. 

Маусымның 29-ы Атырау облысының Теңіз ауылында Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР) компаниясының жұмысшылары арасында жанжал шыққан. Алдын ала деректер бойынша бір топ жұмысшы Ливия азаматының месенджер профиліне орнатқан қызбен бірге түскен суретіне наразы болған. Төбелес кезінде ондаған адам дене жарақатын алды.  

 

Factcheck.kz