Шымкентте жарылыс жайлы жалған ақпарат таратқан екі әйел тұтқындалды

Шымкент полициясы бомба жарылысы туралы жалған мәлімет таратқаны үшін күдікті екі әйелді ұстады. ІІМ хабарлауынша күдікті екі әйелге қатысты қылмыстық кодекстің 247 бабы 1 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. 

Шымкентте жарылыс жайлы жалған ақпарат таратқан екі әйел тұтқындалды
©ІІМ ҚР

Соңғы тәулікте бұл бап бойынша үш қылмыстық іс қозғалды.

Шымкентте жарылыс жайлы жалған ақпарат таратқан екі әйел тұтқындалды
©ІІМ ҚР

«Ішкі істер министрлігі жалған ақпарат таратпауға және дүрбелеңге ермеуге шақырды. Ресми ақпаратты жедел штаб өкілдері тарататынын еске саламыз» деп хабарлады полиция. 

ІІМ ресми деректер бойынша Арыс қаласында болған апатта 3 адам қайтыс болғанын еске салады. Басқа қайтыс болған адамдар жайлы әлеуметтік желіде және мессенджерлерде тарап жатқан ақпаратты полиция растамады.

Кеше Ішкі істер министрлігі іс түссіз жоғалған Арыс қаласының 350 тұрғыны жайлы ақпаратты жоққа шығарды. Ресми мәлімдемеден соң бірқатар БАҚ жаңалықты қайта өңдеді.

Осыған дейін  Үкімет отырысында сөз сөйлеген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев эвакуация кезінде жоғалған барлық балалардың табылғанын хабарлаған болатын. Алайда, Factcheck.kz өз зерттеуін жасап, мұның манипуляция екенін анықтады. Балалар әлі де іздестірілуде.

Factcheck.kz