Ресейліктер неге наразылық білдіріп жатыр?

Ресейдің бұрынғы Қаржы министрі, қазір Есеп палатасының төрағасы “өмір стандарттарының төмендеуі мен жаппай кедейлік кесірінен елде жаппай наразылықтың өршу қаупі төніп тұр деп ескертті. Ол қателеседі.

Кудрин Ресей президенті Владимир Путиннің иллиберал жүйесіндегі либерал технократ кадрлардың пионері саналады, сондықтан либерализмді жөн көретін бақылаушылар үшін оның сөзінің ерекше салмағы бар. Алайда, Ресейдегі қазіргі әлеуметтік толқуды бағалағанда Кудрин экономикалық құлазуды бұдан әлдеқайда фундаменталды нәрсе – қадір-қасиет үшін күреспен шатастырып отырған тәрізді.

Экономика мен бедел

Әрине, Ресейдің үлкен экономикалық проблемалары бар екені рас. Ресей Қырымды Украинадан заңсыз тартып алу туралы тым қымбатқа түскен шешім қабылдаған 2014 жылдан бері ел тұрғындарының шынайы табыстары тұрақты түрде төмендеп келеді. Кудриннің айтып отырғаны да – осы. Сондықтан, жеке адамдардың тұтыну көлемі де нашарлағаны таңқалдырмайды. Былтыр үкімет зейнет жасын бес жасқа көтеруді және басқа да радикалды реформаларды қолға алғанда халық наразылығының күшті болғаны сондай, Путин бұл саясатты дүйім жұрт алдында ақтап алуға, тіпті кей жерде шегініс жасауға мәжбүр болды.

Ресейліктер Путиннің сөзіне толық илана қоймайды, сондықтан халықтың үкіметке сенімі құлдырап кетті. Зейнетақы реформасына қарсылық саябырсығанымен (оған бір жағынан үкімет күштерінің адамдарды тұтқындауы себеп болды), сайлаушылар қыркүйекте өткен жергілікті сайлауда Путиннің “Единая Россия” партиясын мықтап жазалады. 80 пайыздың айналасында болып келген Путинді халықтың қолдау рейтингі 2018 жылғы қазаннан 64-68 пайызға төмендеді.

Қазір Путин шамамен Қырымды аннексиялаудың қарсаңындағыдай қолдауға ие. Сол оқиғамен қатар жүрген ұлтшыл риторика оның рейтингін жоғары ұстап тұрған еді. Бес жылдан кейін бұл тактика іске аспайтын сияқты: қазір ресейліктерді Батысқа қарсы дискурс пен милитаристік риторика онша иландырмайтын сияқты.

Қоғамның қолдауын нығайытуға көмектесетін сүйікті құралы бар Путин қазір ыңғайсыз жағдайда тұр. Дегенмен, халық қолдауы өзі ойлағандай жоғары болмаса да, оның рейтингі біршама тұрақтады. Бұл ресейліктердің қазіргі экономикалық ахуалды “жаңа норма” деп қабылдағанын аңғартса керек.

Наразылық пен жемқорлық

Дегенмен бұл – ресейліктер өз үкіметінің басқа да “норма” әрекеттеріне көніп отыра береді деген сөз емес. Ресейдің ең ірі төртінші қаласы – Екатеринбург халқының шаһардағы аз ғана жасыл алқаптың бірінде православ шіркеуін салу жоспарына қарсылық білдірген мамыр айындағы шарасын мысалға алайық.

Мұндағы басты мәселе – экономика да, тіпті дін де емес, жемқорлық болды, себебі ең діншіл деген ресейліктердің өзі бұл жобаға қарсы шықты.

Адамдар үкімет басшылары, Ресей православ шіркеуі иерархиясы және олардың сүйікті бизнесмендері арасындағы қарым-қатынастан шаршады. Өзінің дәстүрлі электораты – Мәскеуден тысқары аймақтағы қарапайым ресейліктердің қолдауын сақтап қалу үшін Путин әзірге жобаны тоқтата тұру туралы нұсқау берді. Бұл – Ресей азаматтық қоғамының сирек жеңістерінің бірі болды.

Одан соң жерлеу бизнесіндегі жемқорлық туралы зерттеу мақалалар жазатын беделді журналист Иван Голуновтың тұтқындалуы, оған есірткімен айналысты деген күмәнді айып тағылуы және қауіпсіздік қызметінің оның құқықтарын таптауы халықты тағы да наразылыққа алып шықты. Халықтың үні қатты шығып, наразалықтың күшті болғаны сондай, көп жұрт ойлағандай Голуновты ұзақ жылға соттағанның орнына билік оны жылдам босатуға пәрмен берді. Путин халықтың қолдауынан айырыла бергеннің орнына оларды тыныштандырып отырғысы келетінін тағы да көрсетті.

Бірақ тыныштандырудың да шегі бар. Голунов босатылған соң полиция Мәскеудің орталық көшелерінде тәуелсіз баспасөзді тұншықтыруға, саяси себеппен түрмеге қамауға қарсылық білдіріп жүрген 500-ге тарта адамды қамады.

Азаматтық қарсылықтың ерекше үлгісі Ресейдің қиыр солтүстігінде – Архангельск аймағында болды. Күтпеген жерден үкіметтің Мәскеуден шыққан қоқысты Шиес қаласы шегінен басталатын адам аяғы баспаған орманға әкеліп көму жоспарын біліп қойған жергілікті тұрғындардың наразылығы бір жылға созылып, көрші аймақтарға да жайылды.

Әрине, мұнда да экономикалық компонент бар. Кедей ауданның тұрғындары бақуатты Мәскеудің билеп-төстеуіне қарсы бас көтеріп жатыр. Бірақ олар өздерінің шынайы табысын арттыруды талап етіп жатқан жоқ. Керісінше, қоқыс төгу орнын салуды доғаруды сұрап қана қоймай, губернатордың, беріректе тіпті Путиннің өзінің отставкаға кетуін талап ету арқылы олар өз қоғамдық сфераларын орталық үкіметтің жаулап алуына қарсылық танытып жатыр.

Үкімет Шивесте қоқыс төгетін орын салу жоспарын мамыр айында тоқтатқанымен, Путин бұл наразылық туралы бір рет қана пікір білдіріп, даулы аймақтық деңгейдегі мәселе қатарына ысырып қойды. Маусымның 20-сында жыл сайын өтетін президентпен тікелей сұхбатта бұл мәселенің мүлде көтерілмеуі кездейсоқтық емес. Кремль қарсылықтың бұл жаңа түрін не істеу керектігін білмей отырған сияқты.

Және бұл – жаңалық. Архангельск тұрғындары ерекше табандылықпен және кәсібилікпен әрекет етті, әрі Путин үкіметін өте жақсы түсінетінін аңғартты. Бұл демонстрацияны үлкен саяси мүдделері бар ауқымды қозғалыстар ұйымдастырған жоқ. Керісінше, Екатеринбургтегі және тіпті Мәскеудегі сияқты Архангельскідегі наразылық та – қарапайым халықтың өз үкіметі үшін, лайықты деңгейдегі қадір-қасиеті үшін күрес   

Ресейліктер неге наразылық білдіріп жатыр?Андрей Колесников – Мәскеудегі Карнеги орталығының Ресейдің ішкі саясаты және саяси институттар бағдарламасының басшысы әрі аға ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz