Рейтинг | Аймақтардағы әр мемлекеттік қызметкер бюджеттің қанша ақшасын игереді?

Бюджет пен сатып алуды кестемен беруі жалғастырамыз. Бүгінгі рейтинг 2019 жылғы облыстар мен мемлекеттік маңызы бар қалалардағы бюджет сомасын облыстар мен мемлекеттік маңызы бар қалалардағы мемлекеттік қызметкерлер санына бөлу арқылы жасалды.

Мемлекеттік қызметкерлер – жергілікті атқарушы мекемелердің (әкімшілік, мәслихат аппараты, ревизиялық комиссия) өкілдері.

Әрине, әр шенеунік әртүрлі сомаға жауапты. Бірақ бұл жалпы ахуалды бағамдап көруге кедергі бола алмайды. Мәселен, елдегі ең көп мемлекеттік қызметкер Шығыс Қазақстан облысында – 4 335 адам, ШҚО-ның 2019 жылға арналған бюджеті 283 млрд теңге.

ШҚО бюджеті 283,051,423,000 / 4 335 шенеунік = ШҚО-да бір
мемлекеттік қызметкерге 65 млн теңгеден

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің 2019 жылғы 1 қаңтардағы мәліметіне сәйкес ең көп мемлекеттік қызметкерлер Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарында. Облыстар мен мемлекеттік маңызы бар қалалардағы бюджет көлемі бойынша алғашқы орындарда Түркістан облысы мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары тұр.

Ең көп бюджет қаржысын Нұр-Сұлтандағы мемқызметкер игереді – 416 млн, Алматыда – 339 млн және Шымкентте – 219 млн. Себебі бұл аймақтарда республика бойынша салыстырмалы түрде мемлекеттік қызметкер аз және бюджет көп (Шымкенттен басқасы). Шымкентте 727 шенеунік бар, бұл басқа аймақтарға қарағанда аз. Бюджет көлемі бойынша Шымкент он төртінші орында, – 159 млрд теңге.

Мемқызметкерлер туралы

Шенеуніктер саны бойынша соңғы орындарда тұрған бес аймақтың төртеуі донор-аймақтарға жатады. Олар: Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау және Маңғыстау облыстары. Егер жергілікті қазынадан республикалық бюджетке ақша алынса аймақ донор болады. Трасфертті (субвенцияны) қажет ететін аймақ – дотациялық.

Бюджет туралы

Түркістан облысы бюджет көлемі бойынша бірінші орында (562 млрд) және мемқызметкерлер саны бойынша үшінші орында (4 222), – ең дотациялық облыс. Кірістің 97% -ын республикалық бюджеттен алынған трансферт (субвенция да ішінде) құрайды.

Біздің рейтингте Түркістан облысы төртінші орында, мемқызметкердің қадағалауында 133 млн бар. Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары бюджет сомасы бойынша екінші және үшінші орындарда, ал мемқызметкерлер саны бойынша соңғы 14 және 16-орындарда тұр. Нұрсұлтан бюджетіндегі кірістің үштен бір бөлігі, яғни 33%-ы республикалық бюджеттен алынған трансферт, ал Алматыдағытрансферт кірістің бестен бір бөлігінен аз, яғни 18%-ды құрайды. Қос астанада да кірістің негізгі бөлігі салықтан алынады, Алматыда – 81%, Нұр- Сұлтанда – 65 %.

Журналист Factcheck.kz

Factcheck.kz