Манипуляция │Тоқаев: Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша әлемдегі жетекші орындардың бірінде

2019 жылдың 26 сәуірінде ШҚО-ның жұртшылықпен кездесу барысында Қазақстанның
уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа
қарсы күрес бойынша әлемдегі жетекші орындардың бірінде екенін
мәлімдеді.

Үкім: Манипуляция

Transparency International-дің деректері бойынша Қазақстан рейтингте Джибути, Габон және Непал сияқты елдермен қатарласып, 180 елдің арасында 124-ші позициясында тұр.

Transparency International мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты
қабылдау деңгейін өлшейді. Ондағы «0» деген сыбайлас жемқорлықтың
деңгейі «өте жоғары» екенін көрсетеді, ал «100» «өте төмен» деген мағына
береді.

Әлемдегі жағдай:

  • Тізімдегі 120-дан астам елдің көрсеткіші 50-ден төмен.
  • Бүкіл әлем бойынша орташа балл — 43 (және 31 рейтингі бар
    Қазақстан бұл тізімге кірмейді).
  • Тек 20 ел ғана соңғы 7 жылда айтарлықтай жақсы көрсеткіштерге қол
    жеткізді.
  • 16 елдің нәтижесі нашарлады (Қазақстан өз позициясын сақтап қалды).

Нақты көшбасшылардың қатарында Дания, Жаңа Зеландия, Финляндия, Сингапур және Швеция бар.

Сан және сапа

Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде сандық және сапалық жетістіктер туралы айтып, соңғы уақытта Қазақстанда сыбайлас жемқорлық үшін «өте жоғары лауазымды тұлғалар жазаланғанын» атап өтіп, тіпті, әлемде мұндай мысалдар жоқ екенін айтады.

Соңғы бірнеше жылдағы халықаралық деңгейдегі мысалдарды келтірейік.
Айта кетейік, тізімде тек министрлер ғана емес, президенттер де бар:

Қытай (рейтингте 87-орында)

  • 2015 жылдың 11 маусымында Чжоу Юнкан өмір бойы қамауға алынды. Қоғамдық қауіпсіздіктің экс-министрі сыбайлас жемқорлық, билікті асыра пайдалану және мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін айыпталды.
  • 2016 жылы жоғарыда айтылған қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен оның ұлы Чжоу Бинь ұсталды.
  •  «Синьхуа» агенттігі 2012 және 2015 жылдар аралығында сыбайлас жемқорлық бойынша 104 мыңнан астам істің ашылғаны туралы хабарлайды. Қытай деректері 2012 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталғаннан бері партияның 1,5 миллион мүшесі туралы мәлімдейді.
  •  Ресми деректерге сәйкес, 2019 жылдың алғашқы екі айында ғана елде 8108 сыбайлас жемқорлыққа қарсы ережелерді бұзу оқиғасы анықталып, 11607 адам жазаланды. (Қытайда сыбайлас жемқорлық үшін жоғары жазалау шарасы да қолданылады.)

Бразилия (105-орын)

  • 2017 жылдың 12 шілдесінде Бразилияның бұрынғы президенті Луис Игнасиу Лула да Силва сыбайлас жемқорлық үшін 9,5 жылға сотталды. 2018 жылдың 24 қаңтарында ол аппеляциядан ұтылып қана қоймай, сонымен қатар сот оның мерзімін 9,5 жылдан 12 жылға дейін арттырды.
  • 2019 жылдың 21 наурызында антикоррупциялық тергеу барысында Бразилияның бұрынғы президенті Мишель Темер тұтқындалды. Ол 2016 жылдан бастап 2018 жылға дейін мемлекет басшысының міндетін атқарған еді. Экс-президент бірнеше сыбайлас жемқорлық істері бойынша тергелді.

Ресей (138-орын)

  • 2017 жылдың 15 желтоқсанында бұрынғы Экономикалық даму министрі Алексей Улюкаев бас бостандығынан айырылды. Ол 8 жылға қатаң режимдегі колонияға тұтқындалды және оған 130 млн рубль айыппұл салынды.
  • 2019 жылдың сәуір айында сот Владивосток қаласының бұрынғы мэрі Игорь Пушкаревті қатаң режимдегі колонияға 15 жылға тұтқындап, 500 млн рубль айыппұл төлеу туралы үкім шығарды.
  • РФ Бас прокуратурасының мәліметінше 2018 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 12 мыңға жуық адам, 2017 жылы 10 мыңға жуық адам сотталды.

МҚІСҚА сайтында соңғы жарияланған мәліметтер бойынша 2001 жылдан
бастап 2017 жылға дейін Қазақстанда сыбайлас жемқорлық үшін 10 931 адам
сотталды. 2018 жылы сыбайлас жемқорлық үшін 1 096 лауазымды тұлға
жауапкершілікке тартылғаны туралы хабарланады. (Оның ішінде республикалық деңгейдегі 20 басшы, облыстық деңгейдегі 83 басшы, қалалық және аудандық деңгейдегі 134 басшы).

Жоғарыда келтірілген деректерге негізделе отырып, еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекеменің жұмысы жақсарғанын айтуға болады, алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ісінде әлемдегі «жетекші орындардың бірі» туралы айту қате. Бұл Дүниежүзілік Банктің деректерімен де расталады:

Контекст

Естеріңізге сала кетейік, бұл қазақстандық БАҚ-та таралған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес көрсеткіштеріне қатысты алғашқы манипуляция емес. 2018 жылдың желтоқсан айында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Салауат Муксимов Астана Халықаралық бизнес-форумы кезінде бірқатар тұжырымдар айтты. Олар bnews.kz порталында жарияланған еді. Сол кезде біз айтылған тұжырымдамаларды тексеріп көрген едік.

Factcheck.kz