Малайзиядағы исламшылдық бағыт өзгере ме?

ПЕНАНГ – Малайзияның жаңа тарихындағы ең тартысты сайлаудың өтуіне де санаулы айлар қалды. Малайзияда ең ұзақ жыл үкімет басқарып, 2003 жылы биліктен кеткен 92 жастағы бұрынғы премьер-министр Махатхир Мохамад бір кездері өзі қудалаған оппозиция өкілдерімен бірігіп, өзінің ізбасары, қайшылықққа толы премьер Наджиб Разакты қайта сайлатқызбаудың қамына кірісіп кетті. Бірақ, Махатхирдың өз партиясы – «Малайлардың біріккен ұлттық ұйымының» (UMNO) 61 жылдық жеңіс жолына тосқауыл қою қиын болмақ.

Сарапшылардың көбі Наджиб жеңеді деп отыр, тіпті бір сауалнама нәтижесі бойынша, ол парламенттегі үштен екі орынды иемденіп, конституцияға өзгеріс енгізу мүмкіндігіне ие болады. Pakatan Harapan (PH) деп аталатын оппозициялық коалицияны бастап, саяси динамиканы өзгертіп, «Жалпымалайзиялық ислам партиясының» (PAS) орнын өзінің жаңа партиясы – Малайзияның біріккен жергілікті партиясымен (PPBM) алмастырып, оны UMNO-ның баламасына айналдыру үшін Махатхирдың бірер ай ғана уақыты қалды.

Малайзиядағы исламшылдық бағыт өзгере ме?
Mahathir Mohamad addressing the United Nations General Assembly (September 25 2003)

PAS-ты электораттың 15 пайызы ғана қолдайтынына қарамастан, олар UMNO-ны ұлтшыл-діншіл талаптарының кейбірін орындауға көндірді. Келесі сайлауда PH оппозициялық коалициясы жақсы нәтиже көрсетсе, онда PAS саяси тұрғыдан жеңіліс табады, сол арқылы Малайзияны Исламға үстемдік әперуге бағытталған қауіпті ойыннан құтқарады.

Бұл ойынның ықпалына көз жұма қарауға болмайды. Бір кездері зайырлы ел болған Малайзияда діни төзімсіздік өршіп барады. Мәселен, араб және индонезиялық христиандар бұрыннан қолданып келген арабтың «Құдай» деген мағына беретін «Алла» сөзін қазір тек мұсылмандар ғана қолдана алады. Бұдан да қауіптісі – Ішкі істер министрлігі Чарльз Дарвиннің «Түрлердің шығуы туралы» деген индонезия тіліндегі еңбегінен бастап Исламды жақсы сипаттайтын Джон Эспосито мен Карен Армстронг сияқты Батыс ғалымдарының кітаптарына дейін көп әдебиетке тыйым салды.

Халықаралық трендтер мен ішкі жағдайларға байланысты Малайзияда қатаң әрі оқшаулануға ұмтылған Ислам қанат жая бастады. Отарлық кезеңде маргиналданып, кейіннен экономика мен білім саласында конституция бойынша артықшылыққа ие болған саны басым малайлар міндетті түрде мұсылман болуы керек. Олардың ерекше мәртебесінің сақталуы UMNO-ның саяси ықпалын сақтап қалуына немесе осы партияның шешіміне байланысты болмақ.

UMNO-ның бұрынғы басшылары дінге қарсы болғанымен, солшыл және либерал қарсыластарын жеңгеннен кейін PAS партиясы малай оппозицияның басты өкілі болып қалды. 1981 жылы билікке модернист Махатхир келген соң Ислам – PAS-тың UMNO-ға қарсы ең тиімді идеологиялық қаруына айналды.

PAS-тың кезіндегі жас әрі харизматик лидері, діншіл тұлға Хади Ауанг UMNO-ны қолдаған мұсылманның бәрін «кәпір» деп атап, радикал бағытты ұстанды. Себебі оның айтуынша, UMNO басқарған үкімет «колониалдық конституцияны, кәпірлердің заңдарын, Исламға дейінгі ережелерді бекіткен». Хадидің бұл пікірі елді екіге жарды, соның кесірінен тіпті бір ауылда бөлек екі мешіт, екі зират, намаз бен басқа да діни салт-жоралғыларды басқаратын екі бөлек имам пайда болды.

Десе де, Хади ең алдымен Малайзияның отарлаудан кейін қалыптасқан мемлекеттік және әлеуметтік құрылымдарының легитимдігіне кесірін тигізді. Малайзия Британияның қоластында болған кезде елге қытайлар мен үнділер көп келіп, Борнео аралында жергілікті христиан қауымы қалыптасқан.

Мұсылман ұлтшылдығы тұрғысынан қарағанда секуляризм мен демократияны қоса алғандағы плюрализм – отаршылдар күштеп таңған құндылықтар саналды. Толық деколонозиацияға қол жеткізу үшін Ислам мен мұсылмандардың үстемдігіне қол жеткізу керек. Осы сипаттамаға сәйкес, Оттоман империясы –  түрлі этно-діни қауымдардың сегрегацияланған, теңдікке негізделмеген, бірақ бейбіт өмір сүру моделі саналады. Азшылық топтары өздерінің автономиялық «миллеттерінде» толық азамат емес, «димми» (құқығы қорғалған азшылық) ретінде өмір сүрген.

Бір кездері толыққанды Ислам мемлекетін құруды көздеген PAS қазір ең аз дегенде шариғат заңдарының ауқымын кеңейтіп, қазір тек мұсылмандардың жеке және отбасы мәселелерін шешумен айналысатын шариғат соты жүйесінің мәртебесін азаматтық соттардың дәрежесіне жеткізуді талап етіп отыр. PAS-тың діни ұлтшылдығы UMNO-ның малай этнонационализмінің өзінен басым түскендіктен, мұсылмандар арасында бұл партияның мақсаттарын қолдайтындар көбейіп келеді.

Дінге жақындығы байқалмаса да, Махатхир Хадидың одан да харизматик әрі көреген замандасы Ануар Ибрагиммен ынтымақтасып, 1982 жылы UMNO өз исламдану жобаларын қолға алды. Махатхир мен Ануар жоғары ислами білім беруден бастап, ислам банкингі, діни бюрократия сияқты PAS-тың діни идеяларын көшіріп алды. Бұл – UMNO екіге жарылғанға дейін болған оқиғалар. 1998 жылы Махатхир өзінің орнын алмақ болған Ануарды түрмеге жапты. Содан кейін PAS Ануардың жақтастарын өз қатарына қосып, тек  солтүстікте ғана емес, бүкіл ел аумағында ықпалын жүргізе бастады.

2013 жылғы сайлаудан соң Наджиб Разак жалпы халықтың қолдауына ие бола алмаса да, сайлауға манипуляция жасау арқылы билікте қалды, содан соң ол Хадиді қасына алып, зинақорлық, алкоголь ішу, діннен безу сияқты қылмыс түрлеріне худуд (Алла бұйырған Ислам заңдары) тәртібі бойынша жаза енгізу сияқты ұсыныстар жасады. Макиаваллидің кеңесін жақсы пайдаланудың арқасында PAS оппозициялық коалициядан шығып қана қоймай, Хади дау-дамайдың кесірінен беделі төмендеген Наджиб Разакты құтқарып қалды.

PAS парламенттегі орындардың 60 пайызын иелену жоспары бар екенін айтты. Бұл малайларды PH коалициясынан бас тартуға, сөйтіп UMNO-ның шағын жеңістерге жетуіне мүмкіндік береді. Егер малайлар сайлау учаскелеріне өте аз келсе, онда РН Наджибтан да көп жеңіліс табады. Ал Наджиб 2013 жылғы сайлаудан да аз дауыспен жеңіске жетуі мүмкін.

Ал PAS-тың ықпалды болып қалуы оның Махатхирден және одан бөлініп шығып, Ануарды қолдайтын орташылдар құрған тағы бір партия – «Аманадан» төнген қауіпті тойтара алуына байланысты. Егер Махатхир парламенттегі орындардың үштен бірін ала алмаса, онда PAS барлық сайлау округтерінде жеңіліс тапса да, өздерінің халыққа қажеттігін дәлелдей алады. Мұндай жағдайда малай оппозиция лидерлерінің бірде-бірі PAS-тың мұсылмандық ұлтшылдығына қарсы тұра алмайды. UMNO сайлауда жеңіске жеткен күннің өзінде PAS-тың ұсыныстарына тосқауыл қоюға қауқарлы болмайды.

Егер Махатхир парламенттегі орындардың үштен біріне ие болса, UMNO техникалық тұрғыда билік тізгінін ұстағанымен, Малайзиядағы саясат біршама өзгеріске ұшырайды. Егер «Амана» PAS-ты басты Ислам партиясы рөлінен ығыстыра алса, онда діни экстремизмге ойысу қаупі сейіледі. Ал егер PPBM малайлардың ерекше мәртебесін қорғайтын тағы бір күшке айналса, онда UMNO бұл саладағы монополиясынан айырылады, соның арқасында Малайзияның саясатында бәсеке қалыптасады.

Әзірге Малайзияның буыны қатпаған «жас баласы» UMNO мен PAS-тың сайлау округтеріне дендеп еніп жатыр. Бірақ оның PAS пен Наджибке қарсы күресін тек малайлар ғана шешпейді. Шеткері округтердің көбінде түрлі этнос өкілдері аралас тұрады, малай еместердің аз дауыс беруі PAS-қа көмектесіп, Малайзияға кесірін тигізуі мүмкін.

Малайзиядағы исламшылдық бағыт өзгере ме?Чин-Хуат Вонг– Малайзиядағы Пенанг институтының саясаттанушысы.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz