Қытайдағы ГУЛАГ-қа қатысты әлемнің үнсіздігі

Екі жылдан астам уақыт бойы Қытай ислам дінін ұстанатын азшылық өкілдеріне бұрын-соңды болмаған репрессия науқанын жүргізіп келеді. Кей тұстарда Шыңжан аймағындағы ересек мұсылмандардың шамамен алтыдан бір бөлігі түрмеге қамалған. Алайда, АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның жақында жазған Қытайды “репрессияны тоқтатуға” шақырған туитін қоспағанда, халықаралық қауымдастық көбіне бұған үнсіз қарап келеді.

Жаппай қамау әдісіне жүгіну арқылы Қытай коммунистік партиясы Кеңес одағының үлгісін ұстанса керек. Дегенмен, Қытайдың концентрациялық лагерлері кеңестікіне қарағанда әлдеқайда үлкен әрі технологиялық жағынан ілгері дамыған, оның үстіне олардың мақсаты – тек саяси диссиденттерді емес, бүкіл бір діни қауымдастықты өз дегеніне көндіру.

Тәуелсіз зерттеушілер мен адам құқықтарын қорғау топтары мұсылмандарға алкоголь ішімдігін күштеп ішкізіп, доңыз етін жегізу фактілері болғанын айтып, дабыл қаққанымен, Қытай басшылығы Исламға шабуылын жалғастырып келеді әрі оларға еш тоқтау жоқ. Қытайдың қауіпсіздік күштері ұйғырлар мен басқа да мұсылмандарды шалғайдағы Түркияға дейін аңдып жүргеніне қарамастан, Қытай басшылары мен бұл жазалауға қатысы бар мекемелер халықаралық санкцияға да ілінген жоқ, мұның ешқандай залалын да тартпады.

Мұндағы негізгі кінәлі адам, әрине, Қытай төрағасы Си Цзиньпин, ол 2014 жылы саясатты өзгертуге пәрмен беріп, этникалық ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар және басқа мұсылман топтарын қудалау шараларына жол ашып берген. Қытайдағы марксизм мен маоизмнің ықпалын әлсірету үшін ол ұсынған ірі “изм” – сиизм, яки “Си Цзиньпин идеясы” мұсылмандарды елдегі басым көпшілік ханзу мәдениетіне күшпен ассимиляциялауды мақсат тұтады.

Маз Цзэ Дун заманынан бері ең ауқымды билікке ие болған Си Цзиньпин мұсылман бірегейлігін өзгертудің осы бір ауқымды бағдарламасын басқару үшін ҚКП-ның атышулы “жендеті” Чэнь Цюаньгоны Тибеттен Шыңжанға ауыстырып, оны аса ықпалды саяси бюроның мүшесі деңгейіне жоғарылатты. Цюаньгоның адам құқықтарын бұзу әрекеттері бәріне белгілі болғанымен, Трамп әкімшілігі Қытай басшылығының ГУЛАГ саясатына рұқсат берген екіжақты комиссияның 2018 жылғы ұсыныстарына сүйеніп келеді. Жалпы, Қытайдың кек алу ықтималдығын былай қойғанда, қаржы және сауда мүдделері көп елді Қытайдың мұсылмандарға қарсы саясатын сынаудан бас тартуға мәжбүр етіп отыр.

Түркияны қоспағанда, тіпті мұсылманы басым елдердің  көпшілігі рохинджа мұсылмандарына қатысты әрекеттері үшін Мьянманы айыптағанымен, Қытайға келгенде үндемей қалды. Пәкістанның әскерилердің қолдауына сүйенетін премьер-министрі Имран Хан Шыңжандағы қудалауды байқамаған сыңай танытса, Сауд Арабиясының аса ықпалды крон-принці Мұхаммед бин Салман тіпті Қытайдың “терроризмді” ауыздықтау құқығын қолдап шықты.

Халықаралық қауымдастықтың үнсіздігінен қанаттанған Қытай мұсылман аудандарын қирату арқылы оларды қытайландыруға кірісті. Үрімжі мен басқа да қалаларда бір кездері қайнап жататын ұйғыр аудандарының орнын Ислам мәдениетінен мүлде таза, полиция қоршап тұрған аймақтар басты.

Бір қызығы – ел ішіндегі мұсылмандардың санасын тазалау үшін “қайта оқыту орталықтары” қажет деген Қытай шетелдегі исламшыл терроризмге қолдау білдіріп отыр. Қытай Үндістандағы бірнеше терактіні, соның ішінде парламентке және жақында әскери полиция колоннасына шабуыл жасады деп айыпталған, БҰҰ террорлық топ таныған пәкістандық Масуд Ажар бастаған топқа БҰҰ-ның санкция салу әрекетіне тосқауыл қойды. Помпео бұл туралы жазған туитінде: “Әлем Қытайдың мұсылмандарға қатысты екіжүзділігіне төзе алмайды. Қытай өз елінде миллионнан астам адамның құқығын бұзады, сөйте тұра исламшыл зұлым террористік топты БҰҰ-ның санкциясынан қорғаштайды”, – деп жазды.

Және бір қызығы – империялық күштерден “жүз жыл жапа шеккенін” айтып келе жатқан Қытай Шыңжаң мен Тибетте азшылық өкілдеріне ондаған жыл бойы жаппай құқай көрсетіп отыр.  Мұсылмандарды қатігездікпен, жүйелі түрде кемсіту арқылы ол әлемдегі ақтардың үстемдігін қолдайтындарды және исламофобтарды жігерлендіріп отыр. Мәселен, жақында Жаңа Зеландияның Крайсчерч қаласындағы екі мешітте қырғын ұйымдастырған австралиялық экстремист Қытайдың саяси және әлеуметтік саясатын қолдайтынын айтқан.

Си Цзиньпиннің Шыңжанды Оруэлше бақылау амбициясының зертханасына айналдырғаны туралы мақалалар көп. Бірақ оның триллион долларлық “Бір белдеу, бір жол” (БББЖ) жобасы адамдарды жаныштаудың катализаторы ретінде қалай пайдаланылып жатқаны туралы мәлімет аздау. Қытай басшыларының айтуынша, БББЖ жобасының құрлықтық бөлігінің дәл кіндігіндегі аймақта тәртіпсіздіктің алдын алу үшін жаппай бақылау орнату аса қажет.

Миллиондаған адамды өлтірген марксизм-ленинизм, нацизм, сталинизм және маоизм сияқты сиизм де ұзақ жылға шығын келтіріп, сансыз көп бейкүнә жанның тағдырына кесірін тигізетін сияқты. Қытайдың азшылық мәдениеті мен қауымдастықтарын аяусыз қудалау саясатының да, халықаралық суларға агрессив түрде жайылып, сандық тоталитаризмді ұсынуының да басты қозғаушы күші – осы болса керек.

Сиизмнің кесірінен әлемнің ең ірі, ең күшті әрі ең көне автократиясы жолайрыққа тірелді. Қытай Халық Республикасы 70-ші мерейтойына жақын қалғанда капиталдың қашуы, сауданың үзілуі және бай қытайлықтардың эмиграцияға кетуі кесірінен ел экономикасы баяулап қалды. Елдің технология саласындағы үздігі – Huawei алдағы ауыр сынақтардан халықаралық деңгейде көп қиындыққа кезіккелі тұр.

Қытайға қазір ең қажетсіз нәрсе – жауларының көбеюі. Сонда да Си Цзиньпин шексіз билігін пайдаланып, Қытайдың ғаламдағы ықпалын күшейтіп, империялық амбицияларын арттырып жатыр. Оның мұсылман азшылыққа қарсы репрессиясына халықаралық қауымдастық қарсы әрекет жасауы да, жасамауы да мүмкін. Бірақ бұл исламшыл террористердің жаңа буынын қалыптастырып, Қытайдың ішкі қауіпсіздік мәселесін қиындатып жіберері анық. Елдің ішкі қауіпсіздік бюджеті тым ұлғайып кеткен қорғаныс бюджетінен онсыз да асып түседі. Соның арқасында ол әскери шығындар бойынша әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Кеңес одағы да кезінде осы орында болған еді. Ыдырап кеткенге дейін.

Брахма Челланей – Нью-Делидегі Саяси зерттеулер орталығының стратегиялық зерттеулер профессоры әрі Берлиндегі Роберт Бош академиясының ғылыми қызметкері,  Asian Juggernaut, Water: Asia’s New Battleground және Water, Peace, and War: Confronting the Global Water Crisis сияқты тоғыз кітаптың авторы.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz