Қытайда DeepFake-мобильді қосымша сұранысқа ие

Тамыз айының соңында Қытайда “Zao” мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұрынғы Deepfake қосымшасында бірнеше сағат бойы нейрожүйеге суреттерді сараптауды үйрету керек. Ал, Tjournal хабарлауынша Zao-ның көмегімен бірнеше секунд ішінде дипфейк жасауға болады.

Мобильді қосымша Қытайдың App Store-ында жоғары сұранысқа ие. Алайда атақты қосымша интернет қолданушылары арасында алаңдаушылық тудырды.

Әзірше Zao Қытай пайдаланушыларына ғана қол жетімді, сондықтан оны тексеру мүмкін емес. Твиттерде жаңа қосымшаны сынақтан өткізіп, қолданушылар видеолармен бөлісуде. Өнім авторларының бірі Аллан Хиа, Леонардо Ди Каприоның бетін кез-келген адамның бетіне ауыстыру қаншалықты оңай екенін көрсетті. Оның айтуынша видеоны 8 секунд ішінде өңдеуге болады.

https://twitter.com/AllanXia/status/1168806502586445824

Аллан Хиа технологияның бейнені 100%-ға өңдемейтінін атап өтті, дегенмен қосымша өз жұмысын жақсы атқарып жатыр. Мобильді қосымшада тек фильм, сериал немесе видеоларды емес, сонымен қатар компьютер ойындарының кейіпкерлерінің бет әлпетін өзгертуге болады.

Алайда, бірнеше күн ішінде Zao өндірушілері сынға ұшырады. Bloomberg басылымының хабарлауынша, қосымшаның бастапқы нұсқаларында пайдаланушы келісіміне сәйкес өнім авторлары шексіз құқыққа ие. Олар қосымшадағы контентке кез келген дәрежеде иелік ете алады, ал пайдаланушылар тіркеуден кейін келісімнің күшін жоя алмады.

Осыған байланысты Қытайда мобильді қосымшаның рейтингі түсе бастады, ал WeChat Zao көмегімен жасалған роликтерді алып тастай бастады.

Factcheck.kz