Кәріптас бөлмеге апаратын туннель жайлы жаңалық болжамға негізделген 

Ресей басылымдарында Кәріптас бөлменің табылғаны жайлы жаңалық тарап кетті. RTVI  сайты жер бетінде жоғалып кеткен қазына жайлы жаңалықты неліктен дәстүрлі «Ақпараттық дүрбелең» айдарында жариялағанын түсіндірді. 

Барлығы Польшаның солтүстігінде, Калининград облысымен шекаралас орналасқан Мамерки елді мекенінде Екінші дүниежүзілік соғыс мұражайының қызметкерлері Кәріптас бөлмеге апаруы мүмкін бункердің кіреберісін тапқанынан басталды. Бұл жайлы маусымның 10-ы RMF24 радиосы хабарлады

Мұражай өкілі Бартоломей Плебанчиктің айтуынша алдымен арнайы георадардың көмегімен жерасты жолы табылды. Артынша жерасты үңгірге кіретін есікті 100 килограммдық бетоннан жасалған тас жауып тұрғаны анықталды.

Зерттеушілердің пікірінше есікті адамдардан әдейі жасырып қойған және Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері ашпаған. Мұражай қызметкерлері “жаңалыққа” қатысты барлық іс-қағаздарды реттеп, маусымның соңына дейін жерасты жолдың қайда апаратынын және ол жерде не барын анықтағысы келеді.

Алайда, мұражай қызметкерлері Кәріптас бөлмені де, оған апаратын жолды да таппаған. Олардың болжамын әлі тексеру керек. Мұражай қызметкерлерінің болжауы бойынша бункерде нацистердің жеке заттары, маңызды тарихи құжаттар немесе Кәріптас бөлме(осы күнге дейін әлі табылмағандықтан) болуы мүмкін.

Тарихшы Олег Будницкий RTVI сайтына берген сұхбатында Кәріптас бөлменің табылуы жайлы ақпарат тек болжам екенін айтты. Бұл ақпарат бункер ашылғанша расталмайды немесе жоққа шығарылмайды. Оның айтуы бойынша поляктар бөлмені қарқынды түрде іздеген, бірақ кейіннен іздеу тоқтатылды. Будницкий бөлмені бүтін күйінде табу мүмкін еместігін айтты. 

RTVI мақаласында Regnum («В Польше рассказали об успехах в поисках Янтарной комнаты»), «Культуромания» («В Польше нашли туннель в Янтарную комнату»), RuNews24.ru («В Польше рассказали о местонахождении Янтарной комнаты») және т.б басылымдардың мақаласын қолданған. Бұл жаңалықты 60 астам басылым жариялаған. 

2016-2017 жылдары нацистер 30 бункер тұрғызған жерде , Мамер ормандарында жоғалған қазынаны іздеген еді. Алайда, ол кезде іздеу жұмыстары сәтсіз аяқталды.

Петербургтегі Царское Селосындағы Екатерина сарайын безендірген әйгілі Кәріптас бөлменің мекен жайы жайлы ондаған теория бар. Бөлме 1945 жылы Кенигсбергтен (қазіргі Калининград) із түссіз жоғалып кеткен.

Factcheck.kz