Еуропарламент сайлауында ресейлік дезинформация туралы баяндама жарияланды

Еурокомиссия мамыр айының соңында өткен Еуропарламент сайлауына Ресейдің ықпал ету әрекеті туралы баяндама жасады. Deutsche Welle сайтының хабарлауынша олардың мақсаты сайлаушылардың санын азайту және олардың таңдауына әсер ету болған.

Баяндаманы өткен жұмада Брюссельде өткен баспасөз конференциясында екі еуропалық комиссары – әділеттілік мәселелері бойынша Вера Юрова және қауіпсіздік бойынша комиссар Джулиан Кинг таныстырды.

Ресейлік дезинформация мысалдары

Джулиан Кинг DW сайты үшін ресейлік дезинформация мысалдарын көрсетті. 

«Польшада Sputnik, барлығын өз атымен атайық, оны “кремль агенті” десек болады. Бұл басылым Еуроодақ Польшаны коммунизм кезеңіне қарағанда одан сайын кедей етті деп жалған ақпарат таратқан еді» деп мәлімдеді комиссар. 

Кингтың айтуынша Sputnik Франция президенті Эмманюэль Макрон ЕО-тан бірнеше мүше мемлекеттерді алып тастауға ниетті деген хабар таратты. Редакцияның айтуынша бұл ісі арқылы Макрон бірқатар мемлекеттер Еуроодаққа мүше бола алмайтынын көрсеткісі келді.  

“Ресеймен байланысы бар” жалған Twitter аккаунт және Facebook-тегі ресейшіл топ Еуроодақтың түбі нацистік екенін дәлелдейтін “сараптамалық баяндама” жарияланған еді. Кинг стратегиялық коммуникация жөніндегі «Восток» жұмыс тобы мамырдың 28-і ресейлік дезинформация мысалдарының үлкен тізімін жариялағанын хабарлады. Жалпы айтқанда 2019 жылдың басынан бері мұндай мыңдаған жағдай тіркелген.     

Жалған ақпарат тарату заңсыз емес 

Еурокомиссарлардың айтуынша Еуропарламентке сайлауға дейін Facebook пен Cambridge Analytica арасындағы жанжалдай немесе 2016 жылы АҚШ-тың Ұлттық Демократиялық Партия комитетіне жасалған ауқымды кибершабуылдар сынды оқиғалар тіркелмеді.

Бірақ, Вера Юрованың хабарлауынша Еуропадағы сайлау кезінде жалған ақпарат таралмады деп сенімді айтуға болмайды.

Есепке сәйкес жалған ақпаратты тек “ресейлік дереккөздер” таратпаған. Мәселен, Испанияда, Twitter-де жалған аккаунттар мен боттар желісі антипопулистік партия Vox-ті қолдауды арттыру үшін исламға қарсы хэштегтерді таратуға тырысты. Кингтың дерегінше Facebook-те 600-ден астам топтар мен парақтар жалған ақпарат таратқан. 

Еурокомиссия фейк тарату қылмыс емес деп үнемі айтады.

«Жалған сөйлеу заңға қайшы емес. Фейк ақпаратпен күресте еуропалықтардың бостандығына, ең алдымен сөз бостандығын шектемеуіз керек» деп мәлімдеді еурокомиссар Юрова. 

Өз кезегінде Кинг «біздің мақсатымыз ашықтықты арттыру. Яғни, ақпараттың дереккөзін көрсетіп, азаматтарға пікір қалыптастыруға көмектесу» деді. 

Мамыр айының соңында Facebook, Google және Twitter Еурокомиссиядан сөгіс алғаны анықталды. Ұйым өкілдерінің айтуы бойынша компаниялар фейк жаңалықтармен күресу үшін жеткілікті шара қолданбады. Оған дейін Еуропарламент сайлау кампаниясы кезінде фейк жаңалықтар мәселесі қарастырылған еді.

Назар аударыңыз! Материал Deutsche Welle сайтының жазбаша келісімі негізінде жарық көрді. Қазақ тіліндегі материалды көшіріп басу үшін міндетті түрде Factcheck.kz сайтының жазбаша келісімі керек. 

Factcheck.kz