Brexit деген – тозақ

ПРИНСТОН – Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск жақында “Жоспарсыз “Брекзитті” жақтап жүргендерге тозақтан арнайы орын бар” деп біраз дау тудырды. Ашулы брекзитшілер үшін бұл мәлімдеме Брюссельдегі Еуроодақ технократтарының сезімсіз, моралистік ұстанымын паш етті. Британия премьер-министрі Тереза Мэй Тусктың бұл пікірін айыптаған мәлімдеме жасады.

Дегенмен, Мэйдың жауабының көп мәні жоқ. Ол Еуроодақтан шығу келісімін “мағыналы дауысқа” салудың мерзімін ұзартты, сол арқылы соңғы сәтке дейін жоспарсыз отыратынын көрсетті. Бұлай болса, Брекзиттің дедлайндарын кері ысыру шексіз жалғаса беруі мүмкін.

Алайда, Туск бұлайша тіл тигізу арқылы көпке аян ақиқатты айтқысы келсе керек. Лондонда, Вашингтонда, не әлемнің қай түкпірінде болсаң да, айқын мақсатсыз, қарсы тараптың оған қалай қарайтынын ұғынбастан келіссөз бастамаған жөн. Сондықтан, адамзат тарихында Отто фон Бисмарк сияқты тұлғалар дипломатияны шахмат ойыны ретінде қарастырған. Бисмарк фигураларды әрі-бері алмастырып қоя бермей, алда не болатынын болжап отыру керектігін жақсы білген.

Ал Тусктың діни тілмен сөйлегеніне келсек, көбіне секулярланған Еуропа саясаткерлерінің тозақ туралы айтуы өте орынды деп айтуға болар. Оның үстіне, тіпті христиан дінбасыларының көбі о дүниеге мәңгі қарғыс арқалап кету сенімінің аясынан шығып кеткен. Әрі англикан шіркеуі де XVI ғасырдағы реформация кезінде азап идеясынан бас тартқан.

Кристофер Марлоудың “Доктор Фаус” атты классикалық пьесасында (1592) басты кейіпкер Мефистофельден “мына әзәзіл неге тозақта емес, менің кабинетімде жүр?” деп сұрайды. “Неге? Бұл – тозақ, мен де соның ішіндемін”, – деп жауап береді Мефистофель. Жан-Поль Сартрдың “Тозақ деген – басқалар” деген концепциясы да біршама ауқымды ойларды қамтиды.

ХХІ ғасырдың Дантесі жан-жақты эсхатологиясы мен инферноның жаңа картасын ұсынғанша, заманауи саяси контекстіде тозақ ұғымы қалай түсіндірілетіні – пікірталас тақырыбы болып қала бермек. Мәселен, 2016 жылғы сайлауда жеңіліс тапқан Хиллари Клинтонды қолдаған АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайттың түсінігінде тозақ деген – “бір-біріне көмектеспейтін әйелдердің” барар жері. Олбрайт Трампты қолдаған 42 пайыз әйел затын тозақ оты күтіп тұр дегісі келмеген болар.

Ал, италиялық журналистер тіпті Папа Франциск те тозақ ұғымынан тыс қалмады деп қате тұжырым жасады. Шындығында ол тозақты гуманизмнің басты өзегі етіп алған. Франциск тозақ бүлікшіл періштенің тәкаппарлығынан (немесе superbia) пайда болған дегенді еске салады. Адам психикасына терең орныққан тәкаппарлық Құдайға: “Өз қамыңды өзің ойла, себебі мен өзіме-өзім жауаптымын” деп айтқанмен бірдей деді Франциск 2015 жылы. “Яғни, сені тозаққа ол жібермейді, онда өзің кетесің, себебі сен ол жаққа баруды өзің таңдадың”.

Брекзиттің де бағыты – осы. Егер тозақ “саған басқалар керегі жоқ, сен тек өз қамыңды ғана ойлауың керек” десе, онда брекзитшілер қазір-ақ сонда шығар. Тек өздеріне сенетін адамдардың келіссөз жүргізуі керек емес, себебі олар қарсы тарап оларды өз дегеніне көндіреді деп санайды.

Ал, халықаралық қатынастарда “біреу барлығын өзі жайғайды” деген тұжырымның өзі тозақты тудырады әрі бұл тозақта басқалар да өмір сүруге мәжбүр. Бұл тұрғыдан алғанда тозақ – адамдардың өз құқын өзі анықтау және “егемендік” қағидаларының арбауына еріп, ара-қатынасты үздіксіз шиеленістіруі, бірбеткейлікпен екі жаққа да кесірін тигізе беруі. Тозақтың бұл түрі өте ұзаққа созылады, себебі екі тараптың өз таңдаулы жады бар және екеуі де бірін-бірі жазалағысы келеді.

Брекзитшілерден айқын көрінгеніндей, егемендік туралы пайым шексіз жаңа мүмкіндіктер беретіндей көрінгенімен, ол шын мәнінде адам таңдауын шектейді. Мәселен, келісімдерден бас тартқандар басқаларды да осыған шақырады, содан соң қандай да бір уағдаға келу мүлде мүмкін болмай қалады. Ал жүзеге аспаған шексіз мүмкіндіктер арасынан оп-оңай таңдау жасаймын деп сенетіндер үнемі болуы керек-ау деген істерге өкініп жүреді. Бұл – өркөкіректіктің қақпаны.

Сондықтан, қол жетпейтін жердегі жемістерге өмір бойы ұмтылып өткен Тантал сияқты Біріккен корольдік те Еуроодаққа мүшелігі жоққа шығаратын сауда келісімдеріне қол жеткізуге тырысады. Бұл іс жүзінде қалай болатыны айтылмай қалды. Ұлыбритания жаңа келісімге тез арада қол жеткізіп, байлығын арттыруды көздейтін болар. Алайда, басқалармен, соның ішінде Еуроодақпен тиімді саудаласу үшін олардың қауіпсіздік, сапа және басқа салалардағы ережелеріне бағынуы керек. Оның үстіне, Еуроодақтың нормативтік-құқықтық ережелерінің сыртында, жаңа қол жеткізген бостандық өз тұрғындарын қорғау бойынша ереже қабылдауда Ұлыбританияға жаңа жауапкершіліктер жүктейді.

Демек, мұндағы нақты сұрақ: бұдан қашып құтылу мүмкін бе? Мэй батыл болғысы келсе, “Брекзит деген – масқара қателік. Өтірік үгіттеу мен қаскөй сыртқы күштердің ықпалы кесірінен осындай шешім қабылданып кетті, оның шығыны пайдасынан анағұрлым көп екені анық. Сондықтан, біздің үкімет одақтан шығуға әрі қарай ұмтылмайды. Оның орнына біз Британияны толғандыратын мәселелерді шешіп, болжап білмейтін болашаққа әзірлену үшін Еуроодақпен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз” деген мәлімдеме жасауы керек.

Мұндай мәлімдеменің болуы мүмкін емес, әрине, себебі Мэй осыған дейінгі таңдаулары үшін ақы төлеп қойған. Оны және Ұлыбританияны жаза күтіп тұр. Біріншіден, аймақтарда жан шошытарлық шынайылық айқын көрінеді, бұл шынайылық күткендегіге мүлде қарама-қайшы болып шығады. Екіншіден, бұл үшін біреу жауапты болуы керек. Бірақ айыптаудың өзі-ақ жаза саналады. Дантенің сөзімен айтсақ, зинақор Франческа да Римини мәңгілік өмірінің қалған бөлігін өз әрекетінің айыбын басқа адамдарға және жағдаяттарға артумен өткізген.

Брекзит те елді осындай тағдырға апармақшы. Вестминстер мен Уайтхолдың арасындағы пікірталастың бітетін түрі көрінбейді, мұның себебі де бар: Брекзит – мәңгілік қарғыс.

Brexit деген – тозақГарольд Джеймс – Принстон университетінің Тарих және халықаралық қатынастар профессоры, Халықаралық басқару инновациясы орталығының аға ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz