Ауғанстанның ендігі тағдыры

Ауғанстанның жаңа геосаяси тарихын бес кезеңге бөліп қарауға болады. Бірақ қазір ол жаңа өзгерістің қарсаңында тұр. Ал жаңа кезеңнің басты ерекшеліктері қандай болары белгісіз.

Тарихқа үңілсек…

1974-1979 жылдар аралығындағы алғашқы кезеңде Пәкістан исламистерді паналатып, дайындықтан өткізді, олар Мұхаммед Дауд ханның үкіметіне қарсы шықты. Кейін, 1979-1989 жылдар аралығында Пәкістан, АҚШ және Сауд Арабиясы муджехедтерді қаржыландырып, дайындықтан өткізді, қару-жарақпен қамтамасыз етті, ал олар кеңес әскеріне қарсы соғысты. 1989-1996 жылдар аралығында Ауғанстан өтпелі кезеңде болды, онда дала командирлері күшейіп, Кабулды қоршап алды да, президент Мұхаммад Наджибулланы биліктен кетірді. 1996-2001 жылдар аралығында Талибан үкіметі қисынсыз жабайы режим орнатты, соның кесірінен ол Пәкістан, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерін қоспағанда толық дипломатиялық изоляцияда қалды.

Бесінші кезең 2001 жылғы 11 қыркүйек шабуылынан соң басталды. Содан бері Пәкістанның қолдауына сүйеніп қайта бас көтерген Талибанмен күресте қырық жамау ауған үкіметін қолдаған АҚШ соғысқа араласып келеді. Алтыншы кезеңде “АҚШ Ауғанстандағы соғыста жеңілді ме, жеңілсе неге жеңілді?” деген сұрақ туды.

Жауабы бар ма?

Бірінші сұраққа “иә” деп те, “жоқ” деп те жауап беруге болады. АҚШ Талибанның көзін құрта алмады, және Ауғанстанның террористердің бекінісіне айналу ықтималдығын толық жоя алмады. Талибанмен жүріп жатқан бейбіт келіссөздер мен елдегі АҚШ әскерінің санын қысқарту жоспары – соның дәлелі. Америка қоғамы соғыстан шаршады, сондықтан президент Дональд Трамп 2020 жылғы президент сайлауына дейін АҚШ тарихындағы ең ұзақ соғыстың аяқталғанын жариялағысы келеді.

Десе де АҚШ әу баста діттеген мақсаттарының көбін орындады. Талибан Кабулдан шығарылды және жүріп жатқан бейбіт келіссөздерге қарамастан, оның оңай қайтып оралуы неғайбыл. Осама бен Ладен көршілес Пәкістанда өлтірілді, Талибан басшысы Мулла Омар қашып жүріп қаза тапты, оның мұрагері Мулла Ахтар Мансұр 2016 жылы АҚШ-тың Пәкістанда жасаған дрон шабуылы кезінде мерт болды. Мемлекет, соның ішінде үкімет пен армия, нашар болса да, әйтеуір жұмыс істеп тұр. Пәкістанға да тазалау жүргіз деген қысым жасалып жатыр.

Дегенмен, барлығы АҚШ жоспарлаған ретпен жүріп жатқан жоқ. Бұған төрт себеп бар. Бірінші әрі ең белгілі себеп – АҚШ білімсіздік пен менмендік кесірінен (бұл көбіне кешігіп байқалып жатты) саяси қателіктер жіберді. 2001 жылдан соң АҚШ Ауғанстанға орынсыз тежеу және теңгеру жүйесі бар президенттік басқару ережесін күштеп енгізді. 2003 жылы саясаткерлер әу бастан-ақ тым қарқынды болған Ирактағы конфликтіге көп көңіл бөліп, Ауғанстаннан ресурстарын алып кетті. Оның үстіне, алғашқы жылдары олар Ауғанстанның ұлттық қаупсіздік күштерін (ANSF) құруға өте аз назар аударды. Бұған қоса, демократияландыру процесі көбіне төменнен жоғарыға қарай емес, жоғарыдан төменге қарай күштеп енгізілді, әрі сайлаулар көбіне лайықты саяси институттар қалыптасқанға дейін өткізілді.

Әскери саладағы қателіктер…

Екіншісі – әскери саладағы қателіктер. 2008 жылдан кейін АҚШ-тағы соғыс білгірлері бүлікшілерге қарсы соғыс әдісі дұрыс деп ұйғарды. Алайда, Ирактағы зомбылықты біраз азайтқан бұл әдіс бірнеше себеппен Ауғанстанда дұрыс жүзеге аспады.

Біріншіден, АҚШ “Анбар оянуынан” кейін Иракта суннит жасақтарын бауырына алғаны сияқты басты қарсыластармен ынтымақтаса алмады. Оның үстіне, олар шекараның ар жағы – Пәкістандағы жасырынатын орындар мәселесін шеше алмады. Талибан сол жерлерде соғыс жоспарлап, ұзақ уақыт шабуылдап отырды. Бұған қоса, АҚШ Ауғанстандағы Иракпен салыстырғанда тым күрделі басқару мәселеріне көз жұма қарады, соның кесірінен бұл даму мен мемлекет құру ісіне үлкен кедергі жасады. Ол ол ма, АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама Ауғанстандағы әскер санын арттыратынын жариялап тұрып, оларды шығаратын уақытты күні бұрын жариялап, көп іске кесірін тигізді. Тіпті Трамптың бұл қателікті қайталамайтындай ақылы бар екен.

Сондай-ақ, АҚШ бұрынғы қателіктерінен сабақ та алмады. АҚШ-тың Ауғанстанға қатысты саясатына жасалған терең талдаулардың соңында нашар да тиімсіз ұсыныстар айтылды. Ал бұл нашар да тиімсіз нәтижеге алып келді. Әсіресе, бірін-бірі алмастырған әкімшіліктер, әскери командирлер және дипломаттар қорқыту, көмек һәм әскери қолдау арқылы Пәкістанмен тактикалық тұрғыда ынтымақтасу жағдайды біршама тұрақтандырады деп санады. АҚШ-тың терроризммен күресте Пәкістанның көмегіне сүйенбеуіне бұл елдің ядролық қару бағдарламасына қатысты (шынайы әлде тым әсіреленген) қобалжуы себеп болды. Соның нәтижесінде жылдар бойы АҚШ саясаткерлерінің көбі Ауғанстанда бейбітшілік орнату үшін Джамму мен Кашмир дауын шеш деп Үндістанға қысым жасап, сол арқылы Пәкістанды сабасына түсіру керек деп келді.

Оның үстіне, АҚШ өз үгіт-насихатының құрбаны болды. Мәселен, “Ауғанстан – империялардың зираты” деген түсінікті алып қарайық. Бұл – бірінші ауған соғысы кезінде Британияның сәтсіздікке ұшырауын, соның арқасында Британия мен Ресей империяларының арасындағы буферлік аймақ ретінде Ауғанстанның пайда болуын айғақтайтын ұғым. Кейіннен, 1980 жылдары АҚШ, Пәкістан және басқалар мұны өз үгіт-насихатына пайдаланды, бұл ауған муджахедтерін қолдау кезінде өте ыңғайлы болды. Бірақ шындығында Ауғанстан Кушан, Эллинистік, Парсы, Муғал және Сикх империяларының құрамына кірді және Газнивид, Дуррани империяларының орталығы болды.

Азиядағы тоғыз жол торабында орналасқандықтан, Ауғанстан Иранның, Ресей мен Қытайдың, Пәкістан мен Үндістанның мүдделік аймағы болып қала бермек. Террористік топтар Ауғанстан мен Пәкістанда дайындалып, халықаралық деңгейде лаң сала берсе, АҚШ пен Еуропа бұл елдің болашағына әрі қарай да алаңдап отыратыны белгілі. Сол болашақты болжағанда Ауғанстан мен онымен қатысы бар басқа елдерді қазіргі халге душар еткен қателіктер тізбегін үзу үшін өткен күндерге көз жіберіп, сабақ алып отыру өте маңызды.

Ауғанстанның ендігі тағдырыДурва Жайшанкар – Нью-Делидегі Брукингс орталығының және Вашингтондағы Брукингс интститутының сыртқы саясат жөніндегі сарапшысы.

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz