Актриса немесе ГМА-әйел: Элизабет Пэрриш деген кім?

Ол өзін әлемдегі ең алғашқы ГМА-әйел деп есептейді, «мәңгілік жастық» туралы мессенджерлерде тараған ақпараттардан бөлек түрлі сайттар оған арнап материалдар жазған. Элизабет Пэрриш деген кім және ол жастықтың құпиясын тапты ма? Осы сұрақтың жауабын іздеп көреміз.

Алғашқы гендік модификацияланған адам

«Сенің алдыңда тұрған алғашқы гендік модификацияланған адам – Элизабет Пэрриш» деген тақырыптағы мақалалар интернетте бірінен соң бірі шығады. Ал Google және Яндекс секілді ірі іздеу жүйелерінде сары шашты арудың әдемі суреттерімен қатар ашық интернет-энциклопедиядан алынған ақпарат қоса беріледі, ол ғылымға қызықпайтын және ғылыми жетістіктер мен ғылыми жаңалықтарды оқымайтын адамдарды шатастырып жіберуі мүмкін.

Актриса немесе ГМА-әйел: Элизабет Пэрриш деген кім?

Көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтың нүктесін қоюға тырысайық: Элизабет Пэрриш деген кім – актриса ма әлде алғашқы гендік-модификацияланған адам ба?

Миссис Малапроп және леди Макбет

Пікір: Элизабет Пэрриш – америкалық әнші әрі актриса

Үкім: Шындық

Актриса түскен фильмдер тізімін ұсынайық. Ол ең алғаш «Сироты» (1987 ж.) және «Увидимся утром» (1989ж.) картиналарымен шықты, сонымен қатар «Закон и порядок» (1990-2010 жж.) , «Кейт және Элли» (1984-1989 жж.), «На пороге ночи» (1956-1984 жж.) және «Медсестра» (1981-1982 жж.) сериалдарына түскен. Актриса бродвейлік театр сахнасында да бой көрсетті – «Храните это в семье», «Пиквик», «La Cage aux Folles» және «Смертельная ловушка» спектакльдерінде ойнады.

Кинематограф пен актерларға арналған Кинопоиск порталында актрисаға арналған парақша бар, бірақ суреті қойылмаған және туған күні де, жері де көрсетілмеген.

Дегенмен, актрисаның суретін Stella Adler актерлік шеберлік мектебінің сайтынан табуға болады.  Сол жерден Элизабет Пэрриштің Стэлла Адлердің консерваториясында мастер-оқытушы екенін, ал оның театрдағы негізгі рөлдері миссис Малапроп, леди Макбет, Мэдди Руни және басқалары болғанын білуге болады.

Гендік инженерияға актриса Элизабет Пэрриштің ешқандай қатысы жоқ.

Нөлдік пациент

Пікір: Элизабет Пэрриш – алғақы гендік-модификацияланған адам.

Үкім жоқ

BioViva фармацевтикалық компаниясының директоры Элизабет Пэрриш өзін «нөлдік пациент» деп атайды. Осы тіркес арқылы ол жаһанданған әлемде ГМА-пандемияның таралу ошағы өзі болатынын айтқысы келген болуы керек. Ол өзіне генетикалық тәжірибе жасаған, нәтижесінде БАҚ өкілдері оны «алғашқы гендік-модификацияланған адам» деп таныды. Ол актриса емес, оны Linkedin-дегі профайлды бір қарап шығып анықтау қиын емес. BioViva компаниясының ресми сайты хабарлағандай 2015 жылы қырық төрт жастағы америкалық әйел жасару мақсатында өзіне гендік терапияны сынап көрмекші болған.

Америкада адамға тәжірибе жасауға тыйым салынғандықтан Элизабет Колумбиаға барып, сол жерде өзінің компаниясы жасап шығарған эксперименттік гендік терапияның екі инъекциясын алған. Алғашқы инъекция қартайғанда бұлшықеттің әлсіреуінің алдын алу үшін аяқ бұлшықеттеріне салынды. Екінші инъекциямен бірге Элизабет Пэрриш құрамында  генетикалық материалы бар, теломераза, ақуызы бар теломерді ұзарта алатын вирустар дозасын алды (Пэрриштің тәжірибесі туралы толығырақ мына жерден және мына жерден оқуға болады).

Анықтама үшін: Теломера – хромасоманың екі иығының ұшындағы бөлігі, жасушалар бөлінгенде олар қысқарады. Әр адамның теломер ұзындығы әртүрлі. Жас келгенде Хейфлик шегі (жасушаның бөліну саны) деп аталатын процесстен теломердің ұзындығы қысқарады. Теломердің қысқаруы қартайған жасушалар санының көбеюіне әкеп соқтырады. Қысқа теломерлер жүрек-қан-тамыр аурулары, 2-типтегі диабет, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы мен деменцияның кейбір түрлерінің болуымен байланысты.

Инъекциядан жарты жылдан кейін 2016 жылдың сәуірінде BioViva компаниясының сайтында хабарланғандай Элизабеттің теломерасының ұзындығы 9% -ға артқан, бұл 20 жылға жасартады.

Дегенмен бұл ақпараттың тәуелсіз дәлелі жоқ. Тәжірибе ғылым әлемінде бекітілген қағидаларға сәйкес жасалмаған, сол себепті оны тәуелсіз сарапшы-генетиктер тексеріп, зерттей алмайды.

Ережесіз эксперимент

Кез келген клиникалық сынақтар реттеуші мекемелер қолдап, соған сәйкес рұқсатты алғаннан кейін ғана жүргізілуі керек. Жасырын, мемлекеттен тыс белгісіз клиникада жасалған тәжірибе әлем ғалымдары үшін құнды болып есептелмейді. Массачусет технологиялық институтының MIT Technology Review журналы бірнеше апта бойы деректерді қатар қойып, үлкен тергеу жүргізді, бірақ Пэрриштің мәлімдемесінің 100% дұрыс не бұрыс екендігін анықтай алмады.

15 қыркүйек күні Колумбияда расымен медициналық шараның болғанына BioViva компаниясына қатысы бар адамдардың сөзі дәлел. Гарвард медициналық мектебінің геномика бойынша сарапшысы және Элизабет компаниясының ғылыми консультанты Джордж Черч тілшілерге берген сұхбатында Латын Америкасында не болғанын өзі де білгісі келетінін айтқан, сонымен қатар Черч Пэрриштің айтқандарының да мүмкін екендігін жоққа шығармады.

«Мұның болуы мүмкін екендігіне бірнеше себеп бар.Жасырын режимдегі компания қалағанын істей алады», – деді ол MIT Technology Review журналына берген сұхбатта. Черчтің сөзіне сенсек, оның лобараториясындағы студент жануарларға гендік терапия жасау үшін бірнеше күннің ішінде қажеттіні дайындай алады.

«Кот Шредингера» Ғылым Фестивалінің танымал ғылыми журналы жасушалы қартаю механизмін алғаш ашқан ғалымдардан Пэрриштің әрекетін түсіндіріп беруді сұрады. Телемеразаны ашқаны үшін Нобель сыйлығының лауреаты атанған Джек Шостак былай деді: «Мен мұндай әрекеттерді қолдамаймын. Бұл күрделі мәселеге ғылыми тұрғыдан қарау болып есептелмейді. Оның жалғыз мақсаты – сенгіш адамдардың басын айналдырып, өмірі үшін қауіпті болатын «дәріге» ақша жинап алу».

Ресейлік биолог, ғылыми журналист, РҒА жалған ғылым мен ғылыми зерттеулердің фальсификациясымен күресетін комиссия мүшесі «Российская газета»– ға берген сұхбатында былай деді:

«Бұл шынымен күдікті оқиға… Шын мәнінде, Элизабет мұны өзіне істегенін дәлелдейтін тәуелсіз зерттеулер жоқ. Екінші жағынан, сенбеуге де негіз көріп тұрғаным жоқ. Өйткені бұл процедура жеңіл және оны жасау өтірік айтқаннан оңай… Бұл жерде Пэрриш инвесторларға пиар-қадам жасағанын түсінуіміз керек. Ол ешкімге «қартаймайтын дәрі» сатқан жоқ, ол сөзсіз жұмыс істейді деп ешкімді сендірген жоқ. Оның ойы ары қарай гендік терапияны адамдарға сынап көруге дайын инвесторлар тарту болатын… Жалпы Пэрриштің идеясы қызық».

Соңында…

1.Актриса Элизабет Пэрриш пен «ГМА-адам» Элизабет Пэрриш есімдері бірдей екі бөлек адам.

2.Гендік тәжірибенің нәтижесінде Элизабет Пэрриш супертанымалдылыққа ие болған жоқ: оны твиттерде көп адам оқымайды, инстаграмдағы аудиториясы да үлкен емес. Соған қарамастан Элизабет өз тәжірибесінің нәтижелерімен бөлісуді жалғастыруда. 2018 жылы ол теломераның өзгерістері «өскенін» және ол шамамен 30 жылға жасарғанын айтты. Ал өзінің соңғы видеоесебін Пэрриш 2019 жылдың 2 мамыры күні жариялаған.

Жоғарыда айтылғандардың барлығын қорытындылайтын болсақ, Элизабет Пэрриштің тәжірибесі ғылым әлемінде мойындалмаса да БАҚ өкілдері оны «алғашқы гендік-модификацияланған адам» деп атауды жалғастыруда. Ал болашақта «Википедияда» жастық пен сұлулық үшін генін өзгертуге бел буған тағы бір Элизабет Пэрриш туралы мақала жарық көруі әбден мүмкін.

 

Factcheck.kz