АҚШ-та бетті тану технологиясының қателігінен кінәсіз адам тұтқындалды

Детройтта бетті тану технологиясының қателігінен полиция қара нәсілді адамды заңсыз қамауға алды. Бұл туралы Американдық Азаматтық бостандық одағының (ACLU) жергілікті полиция бөліміне түскен шағымында айтылды. Reuters-тің хабарлауынша мұндай оқиға бірінші рет болды.

2020 жылдың қаңтарында Детройт тұрғыны 42 жастағы Роберт Уильямс бір тәуліктен астам қамауда отырды. Себебі жергілікті Shinola дүкенінде біреу жалпы құны 3,8 мың долларды құрайтын бес сағат ұрлап кеткен.

Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераға түсірген видеоның анық емесіне қарамастан Rank One Computing компаниясының бетті тану жүйесінен өткізді. Нәтижесінде жүйе Уильямстың жүргізуші куәлігіндегі фотосуретімен ұқсастықты анықтаған.

Полицияда Уильямстың кінәсін дәлелдейтін қосымша айғақ болды ма, жоқ па белгісіз. Алайда күдіктінің суреті дүкен күзетшісіне көрсетілді. Күзетші қылмыстың куәсі болмаса да ұрының Уильямс екенін айтқан.

Сонымен бірге, полицияның алгоритм бойынша тексеру нәтижелері туралы есебінде бетті тану технологиясына ғана сүйеніп күдіктіні қамауға алуға болмайтыны айтылған. Алайда Уильямс 30 сағаттан астам қамауда отырған, содан кейін офицерлер оны: «компьютер қателескен болуы керек» деп босатты.