Магистратура туралы мифтер | 1-бөлім

Қазақстанда ең кейінгі дерек бойынша, 36 483 магистрант білім алуда. 2021 жылы 19 457 магистрант оқуын тәмамдаса, 15 616-ы оқуға қабылданған. Яғни жыл сайын кем дегенде 15 мыңға жуық талапкер оқуға тапсырады. Магистратура жайында талапкер арасында оқуға түсу, тест тапсыру, жалақы және оқу бітіргеннен кейінгі процестерге байланысты алып қашпа әңгіме көп. Солардың алдын алу үшін Factcheck.kz талапкер көкейінде жүрген мифтерді жинап, тексеріп көрді. Мифтер тым көп болғандықтан материалды 2 бөлімге бөлдік.

Магистратура – білім беру бағдарламалары «магистр» дәрежесін бере отырып, кадрлар даярлауға бағытталған жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру. Магистр – жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын игерген тұлғалар біліктілігі.

1-миф. Магистратураға түсу үшін IELTS керек.

Үкім: Жалған

Магистратураға түсу үшін тапсыратын құжаттар тізімінде IELTS не шет тілін меңгергенін растайтын басқа да сертификат жазылмаған. Дегенмен IELTS-тан кем дегенде 6.0 балл алған талапкер магистратураға кешенді тестілеу (КТ) барысында шет тілі бойынша емтиханнан босатылады. Бұл туралы ҚР “Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы” №600 бұйрығының 2-тарау, 14-тармағында жазылған.    

Магистратураға тапсыру үшін негізінен мына құжаттар қажет:

  • Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 8 мамырдағы №190 бұйрығымен бекітілген Кешенді тестілеу өткізудің үлгілік қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №18657 болып тіркелген) сәйкес белгіленген нысанда ұйым басшысының атына өтініш;
  • Жоғары білімі туралы құжат (түпнұсқа, қабылдау комиссиясына құжаттарды тапсыру кезінде);
  • Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • 3×4 сантиметр өлшемді алты фотосурет;
  • «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 907 бұйрық) 086-У нысанындағы медициналық анықтама.

2-миф. Магистратура тәмамдаған мектеп мұғалімдерінің жалақысы өседі.

Үкім: Шындық

“Педагог мәртебесі туралы” 2019 жылғы №293-VІ ҚР заңының 8-бап, 5-тармағына сай, мемлекеттік орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогке негізгі жұмыс орны бойынша ғылыми-педагогикалық бағытқа сай магистр дәрежесі үшін 10 АЕК (34 500 тг) мөлшерінде қосымша ақы белгіленген. Бұл жерде “жалақы өседі” дегенді тікелей мағынада емес, қосымша ақы ретінде қарастырған жөн.

Оның үстіне 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыл сайын (2023 жылға дейін) мұғалімдердің жалақысы 25%-ке өсіп отырды. Бұл ретте инфляцияның да артқанын де ұмытпаған жөн.

3-миф. Университетте оқытушы болып, сабақ беру үшін міндетті түрде “магистр” дәрежесі керек.

Үкім: Шындық

Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығының 15-тармағына сай, ЖОО және одан кейінгі оқу орындарына жұмысқа қабылдау кезінде қойылатын талаптардың ішінде “магистр” дәрежесі бар.

Дегенмен, магистратурадағы кадрларды даярлау екі бағыт бойынша жүзеге асырылады, яғни талапкер магистратураның мына екі түрін таңдай алады:

  • Бейінді бағыт бойынша – оқу мерзімі 1 жыл;
  • Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша – оқу мерзімі 2 жыл.

Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша оқуын тәмамдаған талапкерлер “магистр” дәрежесін алғаннан кейін университеттерде “оқытушы” бола алады. Ал бейінді бағытты тәмамдаса кемінде бес жыл еңбек өтілі болу керек.

4-миф. Магистратура тәмамдаған соң 3 жыл жұмыс (отработка) істеу міндетті.

Үкім: Шындық

ҚР Білім туралы заңының 47-бабында білім алушылардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі жазылған. Осы баптың 17-тармағында (2021 жылдан бастап) мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған (олардың ішінде магистранттар да бар) ҚР азаматтары кейінде үш жыл жұмыс істеу (отработка) міндетті.

Бұл жерде “бакалавр” дәрежесін бітірген түлектер арасында мынадай сұрақ туындайтыны анық: Міндетті жұмысты (отработка) тек мемлекеттік секторда жүріп істеу керек пе әлде жеке меншік секторда бола ма? Осы сауал бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің ресми өкілінен сұраған едік. Жауап төмендегідей:

Бүгінгі күні білім гранты бойынша оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді. Енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істей алады.

Ал жоғарыдағы заңның 47-бабы, 17-2-тармағы бойынша келесі азаматтарға жұмыс істеу (отработка) міндетті емес:

  • жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін елді мекенде бос орын болмаған жағдайдағы адамдарға;
  • бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
  • одан әрі оқу үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде резидентураға, магистратураға, докторантураға түскен адамдарға;
  • жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баланы (балаларды) өзі тәрбиелеп жатқан адамдарға беріледі.

5-миф. Қазақстанда екі рет магистратураны оқи алмайсың.

Үкім: Манипуляция

ҚР Білім туралы заңының 8-бап, 2-тармағына сай, әскери, арнаулы оқу орындарында және ҚР президенті жанындағы білім беру ұйымдарында алынатын білімді қоспағанда, әрбір азамат жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білімді бірінші рет алса тегін оқуға мүмкіндігі бар. Яғни Қазақстанда магистратураны мемлекеттік грант арқылы ғана тек бір рет оқуға болады. Дегенмен, ақылы түрде қанша рет оқыса да шектеу қойылмаған, тек білім ақысын өздері төлейді.

6-миф. Магистратура оқып жүріп жұмыс істеуге болады.

Үкім: Шындық

ҚР “Білім туралы” заңының 47-бап, 4-тармағына сай, оқудан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштастыруға мүмкіндік қарастырылған. Ал осы басптың 14-тармағы бойынша, білім алушы (магистрант та бар) ішкі тәртіп ережелерін сақтауға әрі білім беру ұйымының жарғысына және білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта көзделген басқа да талаптарды орындауға міндетті.

Магистратура жайында тараған мифтердің екінші бөлімін алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz