Сауд Арабиясынан келген құрмадан Corro-вирус жұға ма?

Мессенжерлер мен әлеуметтік желіде (мында және мында) “құрманы жуып жеу керек екенін” ескертетін ақпарат тарап жатыр. Мәтінде “Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі ескерту жасады. Тамақтану алдында құрманы жақсылап жуыңыз. Өйткені бұл маусымда ағаштарда жарқанаттар көп, ал жарқанаттар Корро вирусын тасиды деп жазылған.

Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Сауд Арабиясынан келген құрмадан Corro-вирус жұға ма?
Мессенжерлер мен әлеуметтік желіде тараған мәтін

Үкім: Зомби-фейк

“Corro” атты вирус жоқ, бұған қатысты Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да (ДДСҰ) ешқандай мәлімдеме жасамаған. Ақпарат кем дегенде 2017 жылдан бастап түрік тілінде, кейін 2022 жылы Орталық Азияның ақпарат кеңістігінде орыс тілінде тараған. Екі жағдайда да деректі фактчекерлер терістеген (Түркияда, Қырғызстанда).

2017 жылы Малайзияның жергілікті басылымында сол елдің Денсаулық сақтау министрі Нур Хишам әлеуметтік желілерде тараған вирустық хабарламаларға түсініктеме берген. Әлеуметтік желілерде тараған хабарламада Таяу Шығыстан келетін құрмалардың коронавирус жұқтырғанын және тұтынушыларға жемістерді жемес бұрын жууға кеңес беріледі.

ДДСҰ-ның ақпараттық бюллетеньдерінде жарқанаттар арқылы жұғатын бірнеше вирусты жариялаған. Олардың қатарында құтырма, Нипах, Марбург, Эбола вирустары және Таяу Шығыс респираторлық синдромының коронавирусы (MERS-CoV) бар.

Нипах вирусы – бұл вирусты Pteropodidae тұқымдасының жарғанаттары тасымалдайды. Әрі вирус адамдарға жарқанаттар немесе шошқалар сияқты жануарлардан берілуі мүмкін. Алайда бұл вирус тек Бангладеш пен Үндістанда тіркелген. Вирусты ерқоректі жарқанаттардың зәрі не сілекейімен ластанған жемістер мен олардан алынған өнімдерді (мысалы, құрма шырыны) тұтыну арқылы жұқтырады.

Таяу Шығыс респираторлық синдромының коронавирусы (MERS-CoV) – 2012 жылы Сауд Арабиясында MERS-CoV вирусы өршіді. Зерттеушілер вирусты тасымалдаушы ретінде Таяу Шығыс жарқанаттары деп болжаған. Вирус жарқанаттар үшін қауіпсіз, ал адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін. Алайда ғалымдар вирустың адамға қалай жұғатынын анықтай алмады. Бірақ болжам бойынша ластанған тағамдарды жеу немесе жарқанаттар шағып ауырып қалған ешкі не түйе секілді үй жануарларынан жұғуы мүмкін. MERS-CoV вирусы Таяу Шығыста, Африкада және Оңтүстік Азияның бірнеше мемлекетінде бір өркешті түйелерден анықталған.

Қазақстанға құрма қайдан келеді?

Ұлттық ститистика бюросының дерегіне сай, 2022 жылы Қазақстанға 10-нан аса мемлекеттен құрма импортталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі (2021). Әлеуметтік ғылымдар магистрі (2023). OMS (Online Media School, 2020) және OFA (Online Factcheck Academy, 2021) түлегі.

Factcheck.kz