Қазақстан капиталды оффшорға шығару бойынша Орта Азияда көшбасшы ма?

Оффшорлар туралы сөз қозғалғанда, көбінесе, келесі мәлімдемені естиміз:

«Қазақстан – Орталық Азияда капиталды оффшорға заңсыз шығару бойынша көшбасшы. Жыл сайын заңсыз $16,7 млрд шығарылады. Бұл Ресейден де көп. Онда жылына $10 млрд шығарылады. (Дерек көзі — GFI/Global Finance Integrity).

Анықтама үшін: Global Finance Integrity – америкалық зерттеу ұйымы. Бүкіл әлем бойынша заңсыз қаржы ағындарын талдап, зерттейді және қаржы секторының ашықтығын жақсарту мақсатында мемлекеттер үшін ұсыныстар әзірлейді. Нәтижелерді әрбір екі жыл сайын есеп түрінде шығарады.

Бұл сентенцияны бөліп қарастырайық: рас көрсеткіштер қайсы және көрсеткіштер шынымен Ресейден көп пе?

Алдымен, оффшор жайлы

Оффшор – бұл заңсыз қаржы ағындарының бір бөлігі ғана. Оған «лас ақшамен» жасалатын барлық операциялар жатады, яғни кез келген заңсыз кірістер, аударымдар немесе шығыстар, түрлі қулықпен жасалған шоттар, есірткі мен адам саудасы, кен орындарын заңсыз игеру, қару-жарақ контрабандасы және т.б. Алайда заңсыз қаржы ағындарының қазіргі уақытта нақты және жалпы қабылданған анықтамасы жоқ.

Сондай-ақ деректерді есептеудің күрделілігіне және жабықтығына байланысты заңсыз қаржы ағындары үшін жалпы қабылданған әдістеме жоқ. Негізге әртүрлі деректер мен әдістемелер алынады, алайда олардың кемшіліктері жетерлік:

  • Бағаға байланысты қулық әрекеттері – GFI-дың жазуынша, ақшаны көбіне дәл осылай «жуып-шаяды». Алайда олар Халықаралық валюта қорының деректеріне негізделеді. Бұл деректер жекелеген тауарлар үшін айырмашылықты, олардың саны мен бағаларын анықтамайды, ал әдістеме мүдделі және мүдделі емес тараптарды ажыратпайды. GFI-дың бұл әдістемесіне ҚР Ұлттық Банкі тарапынан да шағым болған. «Караван» газетіне жазған хатта олар былай дейді: «GFI капиталдың заңсыз шығарылған көлемін айтарлықтай артық қылып көрсетеді. Осылайша, капитал көздерін есептеу кезінде фирмааралық берешек екі есе есептелген, ал ресурстарды пайдалануды есептеу кезінде заңды шығарылған қаражат қатарына тек шетелдік тауарлар мен қызметтерді сатып алу және ҚР ҰБ ресми резервтеріне жататын активтердің өсуі ғана жатқызылған. Ал қалғандары (ҚР Ұлттық қорының және екінші деңгейдегі банктердің операцияларын қоса алғанда) заңсыз деп есептелген».
  • Оффшорларда жатқан ақшаларды есептеу де толық көріністі көрсетпейді. Себебі онда компания активтері мен ақшалай міндеттемелер туралы ресми есептер негізге алынады, ал олар барлығын көрсетпеуі мүмкін.
  • Салықтан қашу мен пайданы бір жерден екінші жерге ауыстыру бірнеше зерттеудің негізінде жатыр, алайда олар белгілі бір көрсеткіштерді пайдаланды: мысалы, United Nations Conference on Trade and Development

Сонымен, заңсыз қаржы ағындарын есептеу біркелкі емес екенін ескере отырып, тұжырымда көрсетілген GFI әдістемесіне назар аударамыз.

Көшбасшы жолы

Мәлімдеме: Қазақстан – капиталды оффшорға заңсыз шығару бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы. Жыл сайын заңсыз $ 16,7 млрд шығарылады.

Үкім: Жартылай шындық

Бұл мәліметтерге сүйенуге болады, алайда онда барлық Орталық Азия елдері бойынша деректер, сондай-ақ оффшорлар бойынша жеке статистика жоқ.

GFI 2019 жылы жариялаған есепте 2006-2015 жылдар аралығындағы деректер көрсетіледі. Ол есептеу әдістемесімен ерекшеленетін екі жақты сауда туралы түрлі дерекқорлар негізінде жасалды:

  • DOTS (Direction of Trade Statistics) – Халықаралық валюта қоры дайындаған. Әлемдегі 148 елге арналған деректерді қамтиды.
  • ComtradeБҰҰ дайындаған. 104 елге арналған 5 мыңнан астам тауардың импорт-экспортын егжей-тегжейлі көрсететін статистикасы бар. GFI есебінде алғаш рет қолданылды.

Екі дерекқорда тек тауарлар бойынша мәліметтер бар. Қызметтер бойынша сандар жоқ. Сондықтан GFI атап өткендей, заңсыз ақша ағындарының көлемі шын мәнінде әлдеқайда жоғары.

Орталық Азия елдеріндегі жағдай қалай? DOTS деректеріне сәйкес 2006-2015 жылдары елден заңсыз кеткен капиталдың көлемі келесідей:

      1. Қазақстан – 7 702 млн доллар;
      2. Өзбекстан – 4 144 млн доллар;
      3. Қырғызстан – 222 млн доллар;
      4. Тәжікстан – 183 млн доллар.
      5. Түрікменстан бойынша толық мәлімет болмағандықтан, олар бұл тізімде жоқ.

Comtrade кестесінде Орталық Азиядан тек Қазақстан мен Қырғызстан бар. Ондағы дерек бойынша жалпы елден кеткен заңсыз капиталдың көлемі Қазақстан үшін жылына 1 889 млн долларды, Қырғызстан үшін 54 млн долларды құрайды.

Жоғарыда айтылған 16,7 млрд доллар шығын GFI-дың 2015 жылғы есебінде көрсетілген. Алайда бұл тек оффшорлар ғана емес, ал 2004-2013 жылдары заңсыз қаржы ағындары бойынша орташа жылдық көрсеткіш. Сол уақытта Орталық Азия бойынша деректер келесідей:

  1. Қазақстан – 16 740 млн доллар,
  2. Қырғызстан – 101 млн доллар,
  3. Тәжікстан – 93 млн доллар.
  4. Түркіменстан мен Өзбекстанның деректері жоқ.GFI оффшор бойынша да жеке есептер келтірмейді.

Мәлімдеме: Бұл көрсеткіш Ресейден көп. Онда жылына $10 млрд шығарылады.

Үкім: Жалған

Ресей заңсыз қаржы ағындарының көлемі бойынша Қазақстаннан GFI-дың барлық көрсеткіштері бойынша озып келеді:

  • DOTS деректеріне сәйкес, 2006-2015 жылдары Ресей үшін капитал шығыны 31 013 млн долларды құрады (Қазақстан үшін – 7 702 млн доллар);
  • Comtrade мәліметтеріне сәйкес, сол кезеңде Ресейден 20 384 млн доллар «ағып кеткен» (Қазақстаннан – 1 889 млн доллар);
  • 2004-2013 жылдардағы заңсыз қаржы ағыны бойынша орташа жылдық көрсеткіш Ресей үшін 104 977 млн долларды құрады (Қазақстан үшін – 16 740 млн доллар).

Шын мәнінде оффшорлардың жағдайы қалай?

Инвестициялардың шетелге, атап айтқанда оффшорлық аймақтарға кетуі жөнінде ресми статистика Орталық Азиядағы екі ел бойынша ғана бар – олар Қазақстан мен Қырғызстан. Деректерді Қазақстан Ұлттық Банкінің және Қырғыз Республикасының Ұлттық статистика комитетінің сайттарынан табуға болады.

  • Дерек көздері: Қазақстан Ұлттық Банкі және Қырғыз Республикасының Ұлттық статистика комитеті
  • Ескерту. Оң цифр инвестициялардың елден кеткенін білдіреді; теріс цифра инвестициялардың елге келгенін көрсетеді.
  • Анықтама үшін: Қазақстанда және Қырғызстанда бекітілген оффшорлық аймақтардың тізбесі.
  • Деректерді жүктеу

Ресми ақпарат не дейді?

Егер ресми статистикаға сенсек, Қазақстаннан 2014-2018 жылдары оффшорлық аймақтарға кеткен ақша теріс мәнде болады, нақты айтқанда -2 175 580 мың доллар. Яғни елімізге келген инвестиция шетелге кеткен ақшадан көп. Қазақстанға келген инвестицияның ең үлкен ағындары Бермуд, Британиялық Виргиния және Маршалл аралдарынан болды.

Ал сол төрт жылдың ішінде Қазақстандағы ақша Кайман аралдарына (725 099 мың доллар), Багам аралдарына (637 318 мың доллар) және Люксембургке (283 327 мың доллар) «ағып кеткен».

Қырғызстанға келетін болсақ, олар 2014-2018 жылдары оффшорлық аймақтарға 107 700 мың доллар инвестиция салған. Ресми есептерде тек төрт оффшорлық аймақ бар: Сейшел аралдары (71 585 мың доллар), Британиялық Виргиния аралдары (36 090 мың доллар), Кайман аралдары (11,7 мың доллар) және Мальта (13 мың доллар).

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz