Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық туралы мифтерді талдайық

Басқа елдердегі сияқты, Қазақстанда да әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда көптеген мифтің қалыптасуына әкелген. Бұл мифтер мәселенің дұрыс түсінілмеуіне және оның шешімін табуға кедергі келтіреді. Халықаралық «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы және 10 желтоқсанда атап өтілетін Адам құқықтары күні аясында Factcheck.kz әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы ең көп таралған мифтерді талдайды.

Бірақ алдымен, терминдермен танысайық. «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық» ұғымы Ыстамбұл конвенциясында былай түсіндіріледі: «Бұл адам құқықтарының бұзылуы және әйелдерге қатысты кемсітудің бір түрі. Ол әйелдерге физикалық, жыныстық, психологиялық немесе экономикалық зиян не азап шегуге әкелетін немесе әкелуі мүмкін қоғамдық я болмаса жеке өмірде болғанына қарамастан барлық зорлық-зомбылық әрекетін, оның ішінде осы әрекеттердің қатері, мәжбүрлеу немесе еріксіз бостандығынан айыру әрекеттерін қамтиды».

Конвенцияда «әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылық» ұғымы да қарастырылған. Бұл термин: «Әйелге оның әйел болуына байланысты жасалатын зорлық-зомбылықты немесе әйелдерге ерекше қатты әсер ететін зорлық-зомбылықты білдіреді».

Осы материалда олардың нақты себептеріне қарамастан аталған екі терминді алмастыра отырып қолданамыз.

Миф №1: «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық тек кедей және білімсіз адамдардың мәселесі»

Факт: Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық білім деңгейі мен табысына қарамастан барлық әлеуметтік топты қамтиды. Бұл құбылыс этникалық және діни ерекшелікке тәуелді емес. Ол жоғары білімді адамдар арасында да, білімсіздер арасында да, кедейлер мен байлар арасында да кездеседі.

Қазақстанның бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың Салтанат Нүкенованы өлтіруі немесе экс-дипломат Сәкен Мамаштың бұрынғы әйелі Карина Мамашты ұрып-соғуы отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтың әлеуметтік мәртебе мен білім деңгейіне тәуелді емес екенін көрсетеді. Мұндай жағдайлар кез келген ортада болуы мүмкін.

«БҰҰ Әйелдер» ұйымының бағалауы бойынша, әлемде 15 жастан асқан әр үшінші әйел өмірінде кем дегенде бір рет өз интимді серіктесінен, басқа бір адамнан немесе екеуінен де физикалық және/немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Бұл дерек әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылықтың қаншалықты кең таралғанын көрсетеді.

Миф №2: «Әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылық тек физикалық түрде болады»

Факт: Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық тек физикалық әрекеттермен шектелмейді. Ыстамбұл конвенциясында көрсетілгендей, бұл құбылыс физикалық, жыныстық, психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылық түрлерін қамтиды. Өкінішке қарай, осы түрдің барлығына қатысты толыққанды деректер жиналмайды немесе мүлдем тіркелмейді.

Мысалы, 2023 жылы Қазақстанда ресми деректерге сәйкес, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 53 233 жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш негізінен физикалық зорлық-зомбылықты қамтиды. Алайда көптеген әйел экономикалық немесе психологиялық зорлық-зомбылыққа да ұшыраған болуы ықтимал, бірақ елімізде бұл түрлер бойынша статистика жүргізілмейді.

Психологиялық зорлық-зомбылық — Еуропалық гендерлік теңдік институтының анықтамасына сәйкес, бұл басқа адамның психологиялық тұтастығына елеулі зиян келтіретін кез келген қасақана әрекет. Ол мына формаларда көрінуі мүмкін: мәжбүрлеу; қорқыту; жала жабу; сөзбен қорлау; қудалау.

Экономикалық зорлық-зомбылық — жеке адамға экономикалық зиян келтіретін әрекеттер немесе мінез-құлық. Мысалы: мүлікті бүлдіру; қаржылық ресурстарға қолжетімділікті шектеу; білім алу немесе жұмысқа орналасуды шектеу; алимент төлеуден жалтару.

Зорлық-зомбылық барлық түрі қауіпті. Мысалы, психологиялық зорлық-зомбылық депрессияға, мазасыздыққа, өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне, әлеуметтік оқшаулануға, тіпті физикалық денсаулыққа теріс әсер етуі мүмкін. Экономикалық зорлық-зомбылық құрбандарды қаржылық тәуелділікке мәжбүрлейді, білім алу мен табыс табу мүмкіндіктерін шектейді, қарыз міндеттемелері мен манипуляцияларға алып келеді.

Миф №3: «Зорлық-зомбылық құрбандары мінезінен табады»

Факт: Құрбанның мінез-құлқы немесе сыртқы келбеті қандай болса да, зорлық-зомбылық әрекеттеріне ешқандай ақтау жоқ.

Құрбанды кінәлап, оған қатысты зорлық-зомбылық үшін толық немесе жартылай жауапкершілікті жүктеу құбылысы виктимблеймиң деп аталады. Бұл мәселе туралы мына мақалада толық жазғанбыз.

Виктимблеймиң құрбанның сөздеріне сенімнің төмендеуіне, қылмыскерді жауапкершілікке тарту ықтималдығының азаюына алып келуі мүмкін (1, 2).

БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының мәліметінше, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық — құқық қорғау органдарына ең аз хабарланатын және қылмыскердің жазасыз қалу ықтималдығы жоғары қылмыстардың бірі. Мұндай жағдайлардың негізгі себептерінің бірі — құрбанды кінәлау. Бұл мәселе әділдікке жету жолында құрбанға үлкен кедергі келтіреді.

Миф №4: «Әйелдерді көбіне бейтаныс адамдар өлтіреді»

Факт: 2023 жылғы «БҰҰ Әйелдер» есебіне сәйкес, әйелдерге қатысты кісі өлтіру жағдайларының шамамен 60%-ін жақын серіктері немесе отбасы мүшелері жасаған. Африка және Океания сияқты өңірлерде кісі өлтіру жағдайларының 70-80%-ін жақын адамдар жасайды.

Материалды Factcheck Dive курсының түлегі Екатерина Афанасьева дайынды

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz