Әуе билетінің құны қалай қалыптасады?

11 қыркүйекте өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат, экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ерболат Сатыбалдин әуе билеттерінің бағасы қымбат деп, билет құнының 20%-і ғана әуе компанияларына тиеді, қалғаны “әуежай алымы мен жанармай шығыны” деді. Factcheck.kz редакциясы әуе билетінің құны қалай қалыптасатынын талдап көрді.

Депутат мәлімдемесі (тайм-код: 1:42:48)

Мәлімдеме: Билет құнын әуежайдың алымдары мен жанармай шығыны 80 пайызына жуығын құраса, қалған 20 пайызы әуежай [әуе компаниясының – авт.] компаниясының табысы.

Ерболат Сатыбалдин

Үкім: Дәлелденбеген

Көлік министрлігінің азаматтық авиация комитеті Factcheck.kz редакциясының сауалына “Халықаралық тәжірибеге сәйкес авиабилеттерге баға белгілеу заңмен реттелмейді” деп жауап берді. Баға нарық механизміне (сұраныс, ұсыныс) сәйкес қалыптасады. Демек, билет құнының қанша проценті әуе компаниясына пайда болып түсіп, қаншасы жанармай мен әуежай алымы екені нақты белгісіз, сондықтан дәлелденбеген деген үкім қойылды. Бірақ бұл тұста жанармай құнының айтарлықтай рөл ойнайтыны рас.

Былтыр, 2023 жылдың 5 сәуірінде сол уақыттағы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов сенатқа келіп, әуе билеттері неге қымбат екенін айтып, билет құны қалай қалыптасуының шет жағасын айтып берді. Оның сөзінше, әуе билетінің құнынан жанармай шығындары — 32%, эксплуатация шығындары — 18%, әуе ұшақ лизингі — 18%, әуежай қызметтері — 13%, еңбекақы қоры — 6%. Яғни, вице-министрдің сөзіне сенсек, билет құнының 87%-і түрлі шығынға жұмсалады.

Билет құнына жанармай шығындарының айтарлықтай әсер ететінін ресми органдар да мойындайды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мирзағалиевтың айтуынша, еліміз авиациялық жанармай импортына тәуелді және жағдай жақын арада өзгергелі тұрған жоқ. Қазіргі қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары өндіретін көлем тек ұлттық әуе тасымалдаушыларының қажетін өтеп отыр. Ал Алмаз Ыдырысов “ішкі нарықтағы авиациялық отынның тапшылығы, оның қымбаттығы елдегі азаматтық авиацияның дамуын шектейтін және баға белгілеуге әсер ететін негізгі факторлардың бірі” дейді.

Ыдырысов сенатта бағаға әсер ететін тағы бір мәселенің бетін ашып берді. Оның сөзінше, авиакомпания шығындарының 80%-ке жуығы шетел валютасында жүргізіледі. Бұл – ұшақ сатып алу немесе жалға алу, қосалқы бөлшектерді сатып алу және т.б. Осы ретте авиакомпания табысының 80%-ке жуығы теңгемен түседі. Сондықтан авиакомпаниялар шығындарын өтеу үшін бағамдық қысымға байланысты билет бағасын реттеуге мәжбүр.

Дегенмен қазақстандық әуе компаниялардың өздері билет құнының қалыптасу жолына қатысты жалпылама жауап береді. 2022 жылы азаматтық авиация комитеті әуе билеттерінің тарифтеріне қатысты өткізген кездесуде Air Astana әуе компаниясының атынан тарифтерді белгілеу жөніндегі менеджер Оксана Перлевская бағаға әсер ететін үлкен үш фактор барын айтты. “Сұраныс, ұсыныс және бәсекелестік орта, баға осы үш тірекке негізделген” деді ол.

Әуе компанияларының өкілдері билет бағасына сатып алу уақыты айтарлықтай әсер ететінін айтады. Яғни, сапарды алдын ала жоспарлап, әуе билетін ерте алатын адамдарға биле құны арзанырақ шығуы мүмкін, бңрақ сапар жақындаған сайын қымбаттай береді. Бұл тұста азаматтық авиация комитеті редакциямызға қызықты статистика берді. Комитет ақпаратына сай, 2023 жылы жолаушылардың 52%-і билетті рейске 14 күн қалғанда броньдаған, 8%-і рейске 7 күн қалғанда, 27%-і рейске 3 күн қалғанда алса, ал 13%-і рейске 1 күн қалғанда және ұшатын күні (қымбат бағаға) сатып алған.

Мәлімдеме: «Лоукостердің» де нарқы шарықтап тұр. Лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу көрші елдердің бағасынан екі есе қымбат. Оның үстіне ұшаққа билет бола тұра салонындағы орынды бөлек сатып алуға мәжбүрміз.

Ерболат Сатыбалдин

Үкім: Дәлелденбеген

Factcheck.kz редакциясы депутат мәлімдемесін дәлелдейтін ақпарат таба алмады, редакцияға мұндай деректің қайдан шыққаны, зерттеу түрі мен табиғаты белгісіз.

Біз лоукостердің билетінің құнына қатысты жарияланған бір ғана ақпарат таптық. Медианың жазуынша, Экономикалық зерттеулер институты Қазақстанда әуе билеттерінің неліктен қымбат екенін талдап, тасымалдаушыларға билет бағасын халық үшін қолжетімді етуге көмектесетін бірқатар ұсыныс берген.

Институт шетелдік Ryanair (Ирландия) және FlyArystan (Қазақстан) екі авиакомпанияның бағасын салыстырған. Ұйым қазақстандық лоукостер әуе компаниясының халықаралық рейстері 20%-ке қымбат екенін, ішкі рейстердегі баға салыстырмалы түрде төмен екенін көрсеткен.

Әуе билетінің құны қалай қалыптасады?

Бір қызығы біз бұл зерттеудің бірінші дереккөзін таппадық. Зерттеу мәтіні Экономикалық зерттеулер институтының сайтында жоқ, сондықтан біз зерттеудің сапасына қатысты ештеңе айта алмаймыз.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz