Қазақстаннан жер сатып алуға шақырған адамның сөзін тексерейік

Әлеуметтік желілерде кейінгі бірнеше күнде әлдекімнің қытай тілінде “Қазақстаннан жер сатып алуға шақырған” видеосы тарап жатыр (1, 2, 3, 4, 5). Видеодағы адамның сөзіне сенсек, Қазақстаннан жер сатып алсаң, мәңгілік иелік етуге болады екенсің-міс. Сондай-ақ, егер керек болса, оның өзі көмектесуге дайын екенін айтады. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz аталған ақпараттың растығын тексеріп, шетелдіктер елімізден жер сатып алу құқығына ие бола ала ма деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Мәлімдеме: Қазір Қазақстарға келіп, жер сатып алып жатқан қытайлықтар бірте бірте көбеюде. Себебі шетелден жер алсаңдар, мәңгілікке беріледі. Ол жер мәңгі сенікі болып қалады.

Видеодағы мәлімдемеден үзінді

Үкім: Жалған

Видеодағы адамның Қазақстан туралы айтқанын әрі жер сатып алуға қытай азаматтарын шақырғаны рас. Алайда ҚР Жер Кодексі 24-бап, 1-тармағына сәйкес, шетелдіктер мен шетелдік заңды тұлғалар жер учаскелерін жеке меншік ретінде не пайдалану құқығын иелене алмайды. Яғни автордың “сатып алған жер мәңгілік сенікі деуге болады” деген сөзі – жалған.

Кодекстің 23-бабына сәйкес, шетел азаматтары және шетелдік заңды тұлғалар тек мына жағдайларда жер учаскесіне иелік ете алады:

  • Құрылыс салуға немесе өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерін салуға;
  • Ғимараттарға (құрылыстарға) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жерлер.

Дегенмен иелік ете алады деген сөз жоғарыдағы автор айтқандай “мәңгілік” немесе “өмір бойы” дегенді білдірмейді. Кодекстің 34-бабына сәйкес, жерді тұрақты пайдалану құқығы шетелдік азаматтар не заңды тұлғаларға берілмейді. Шетелдік азамат Қазақстан азаматымен неке қиса не жерді иеленіп отырған заңды тұлғаның қатысушылары (акционерлері, мүшелері) құрамына шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, шетелдік заңды тұлға, Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес меншік құқығы қайта ресімделеді немесе иеліктен шығарылады.

Қазір қанша шетелдік азамат жерге иелік етеді?

Естеріңізде болса 2016 жылға дейін шетелдік азаматтар мен компаниялар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша пайдаланатын құқыққа ие болған. Дегенмен қоғамдағы наразылыққа байланыста экс-президент 2016 жылы 6 мамырда мараторий жариялады. Мараторий уақыты 2021 жылы 31 желтоқсанға дейін созылып, кейін толыққанды шектеу қойылды. Осы тұста біз ауыл шаруашылығы министрлігіне 2016 жылға дейінгі пайдалануға берілген жерлер және олардың саны туралы сауал жолдаған едік. Министрлік бізге қазіргі таңда 127 жер учаскесі шетелдің қатысуы бар 11 заңды тұлғаның жеке меншігінде деп жауап берді.

Қазіргі уақытта, республика бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы 127 жер учаскесі 2016 жылғы 1 шілдеге дейін берілген шетелдік қатысуы бар 11 заңды тұлғаның жер пайдалануында. Бұл жер учаскелері жалдау шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданылатынын, жаңа мерзімге ұзартуға жатпайтынын немесе уақытша жер пайдалану құқығын тоқтату үшін өзге де негіздер басталғанға дейін қолданылатынын айта кетеміз.

Ауыл шаруашылығы министрлігі

Сондай-ақ министрлік жер учаскесі заңсыз берілгендігі туралы ақпарат болған жағдайда, белгіленген тәртіппен нақты фактіні көрсете отырып жергілікті департаментке жүгінуге құқылы екенін атап өтті.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz