Интернетте алып саңырауқұлақ туралы зомби-фейк тарап жатыр

Интернетте “дүниежүзіндегі ең үлкен тірі ағза” деп аталған алып саңырауқұлақтың фотосы тарады. Оның сипаттамасында саңырауқұлақ жіпшумағымен (мицелиясымен) бірге 890 гектар жерді алып жатқаны жазылған.

Factcheck.kg сайтындағы әріптестеріміз бұл фотоны және оған қатысты ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Алып саңырауқұлақтың суретін көптеген әлеуметтік желі мен ақпарат агенттігінен көруге болады. Мұндай саңырауқұлақ шын мәнінде болса, оның көп фотосы табылар еді. Ғалымдар таңғажайып көріністі зерттейтін еді, оған қоса журналистер мен туристердің де назарына ілінері анық. Бірақ интернетте алып саңырауқұлақтың тек бір суреті тарап жүр.

Интернетте алып саңырауқұлақ туралы зомби-фейк тарап жатыр
Жарияланым скриншоты

Фотодан саңырауқұлақтың негізі тамырымен бірге жерден жұлынып алынғанын аңғаруға болады, бірақ олай болса — ол тік тұра алмас еді:

Интернетте алып саңырауқұлақ туралы зомби-фейк тарап жатыр
Скриншот

Ал кескінді мұқият зерттесе, оның цифрлық өңдеуден өткені байқалады (саңырауқұлақтың бірнеше бөлігі ерекше қанық болып тұр).

2016 жылы Waffles at Noon фактчекерлері суретке қатысты түсініктеме алу үшін саңырауқұлақ экологиясын зерттеумен айналысатын профессор Том Брунске жүгінді. Профессор саңырауқұлақтың латынша атауы «Boletus photoshopus» деп, оның өзінің табиғи мекенінде – цифрлық кеңістікте бейнеленгенін әзілдеп айтты. Кейінірек Брунс бұл суреттің пайда болуы туралы Snopes басылымының электрон поштасына егжей-тегжейлі баяндап жазды. Фото шамамен 2000 жылы «көңілді зертханалық портрет» ретінде түсірілгені анықталды. Брунс пен оның шәкірті Редекер биіктігі шамамен 20 см Boletus rex-veris саңырауқұлағы кескінін қолданып, Photoshop-ты пайдаланып, алып саңырауқұлақты жасаған. Мұны олар әзіл ретінде презентациясында көрсеткен.

Бұл фотодан бөлек интернетте тағы бір басқа “алып саңырауқұлақтың” суретін байқауға болады. Алайда Малур ұлттық саябағының қызметкерлері (Орегон, АҚШ) кескіндегі алып өсімдіктің шынайы емес екенін мәлімдеді. Соған қарамастан аталмыш фото интернетте әлі күнге дейін тарап жүр.

Сонымен қатар Малур ұлттық саябағының қызметкерлері жіпшумағы ең үлкен болып саналатын рекордтық саңырауқұлақ, нақтырақ айтқанда Armillaria ostoyae — қара бал агаригі туралы құжат жолдаған. Ұлттық саябақтың аумағында бұл саңырауқұлақ түрінің бірнешеуі өседі. Олардың ең үлкенінің ауданы шамамен 965 гектар (1 220 футбол алаңына тең). Жасы шамамен 2 400 жылдан асады. Ал салмағы — ондаған тоннаға жуық.

Armillaria ostoyae саңырауқұлағы әлемдегі ең үлкен саңырауқұлақ және ең үлкен организм ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Бірақ 2022 жылғы маусымнан бастап Батыс Австралияның Шарк шығанағында шамамен 200 шаршы шақырым аумақты (шамамен 28 000 футбол алаңы) алып жатқан теңіз шөптері — Posidonia australis аумағы бойынша ең үлкен тірі организм болды.

Factcheck.kz