Фейк | Түркиядан 7 млн сириялық қайтып барады

Әлеуметтік желілерде Түркиядан 7 млн сириялықтың көлікпен қайтып жатқаны туралы видео тарап жатыр. Бейнеролик қазақ тіліндегі парақшаларда «7.000.000 млн Сүриялықтар Түркиядан еліне қайта оралып жатыр» деген жазумен жарияланған (1, 2, 3; архивтелген нұсқасы 1, 2, 3). Тараған деректерді Factcheck.kz редакциясы тексеріп көрді.

Фейк | Түркиядан 7 млн сириялық қайтып барады
Instagarm әлеуметтік желісінің скриншоты

Үкім: Фейк

Видеода Түркиядан Сирияға қайтқан босқындар емес, Дамаск (Шам) қаласына кіруге асыққан көліктердің кептелісі бейнеленген. Бұл туралы ақпаратты алғаш болып таратқан TRT Haber арнасы жазды. Бірақ кейін ақпарат тарата бастаған медиалар (мысалы, BBC Pashto) мұның Түркия мен Сирия арасындағы шекара екенін жазған.

Картаға мән берсек, Дамаск (Шам) қаласы Түркиямен шектеспейді. Сол үшін видеоның Түркия мен Сирия шекарасында түсірулі мүмкін емес. Алғаш видеоны жариялаған TRT Haber арнасының жазбасында Түркия туралы ақпарат жоқ.

Фейк | Түркиядан 7 млн сириялық қайтып барады

Оның үстіне, қазақ тіліндегі жазбалардағы «7 млн адам» туралы дерек — жалған. Түркияның ақпарат таратқан медиалары «мыңдаған» сириялық туралы жазған. Ал Түркияның сыртқы істер министрі 2024 жылдың қарашасында Түркияда 2,93 млн сириялық босқын барын айтқан.

Толығырақ

Видеоны Түркияның TRT Haber арнасы дронмен түсірген. Сирияны 2000 жылдан бері басқарған Башар Асадтың саяси режимінің құлауына байланысты сириялықтар отанына оралып жатыр. Түркия мен Сирияның шекарасының ұзындығы 900 шақырым болады. Түркия сириялық босқындардың еліне қауіпсіз және ерікті түрде оралуын жеңілдету үшін Сириямен шекарада орналасқан Яйладагы шекара бекетін ашқан. Бұл туралы 9 желтоқсан күні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеді. Өткізу пункті 2013 жылдан бері жабық тұрған еді.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz