Фактчек | Қоңыров Қазақстандағы азық-түлік мәселесі туралы

23 қыркүйек күні Айқын Қоңыров «Халық коммунистерінің» атынан премьер-министрге «Барлық қазақстандық үшін қол жетімді әрі сапалы азық-түлік» деген ұлттық бағдарлама әзірлеу бойынша сауал жолдады. Депутаттардың пікірінше, пандемия мен экономика жағдайының нашарлануына байланысты қазіргі кезде Қазақстанда «кешенді азық-түлік дағдарысы» болып жатыр. Біз фракция басшысының дәлел ретінде келтірген барлық мәлімдемесін талдап көріп, үш шын, бір жартылай шын, бір манипуляциялық ақпарат пен бір техникалық қате таптық. Төменде осы мәлімдемелердің бәрін рет-ретімен келтірдік.

Мәлімдеме: Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айындағы бағаны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, азық-түлік тауарлары 10,4%-ға қымбаттаған.

Үкім: Шындық

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметі бойынша бір жыл ішінде (2020 жылдың тамызынан 2019 жылдың тамызына дейін) азық-түлік тауарларының бағасы 10,9%-ға өскен.

Мәлімдеме: Қаңтар мен шілде айындағы бөлшек саудадағы азық-түлік тауарларының сауда көлемі 2 трлн 158 млрд теңгеге жетті.

Үкім: Шындық

2020 жылғы қаңтар-шілде айында елімізде азық-түлік тауарлары расымен 2 трлн 158 млрд теңгеге сатылды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті хабарлады.

Мәлімдеме: Ресми ақпаратқа сәйкес, бағалардың өсу қарқынына қарамастан <…> тек 7 айдың ішінде үй шаруашылықтары азық-түлікке қосымша 225 млрд теңге жұмсаған.

Үкім: Техникалық қате

Депутат қаңтар-шілде айында сатылған (2 трлн 158 млрд теңге) азық-түлікке тамыз айындағы бағаның өсу қарқынын (оның сөзінше 10,4%-ды) қате қолданған. Егер Айқын Қоңыров айтқан сандарды сәйкестендіріп, дұрыстап есептейтін болсақ, онда үй шаруашылықтары 7 ай ішінде 243 млрд теңге, 8 ай ішінде 281 млрд теңгені «артық төлеген» болып шығады.

Мәлімдеме: Екінші тоқсанда адамдардың азық-түлікке кеткен шығындарының үлесі рекорд орнатып, 56,4%-ға жетті.

Үкім: Шындық

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің бюллетеніне сәйкес, 2020 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша үй шаруашылықтарының тұтынушылық шығындарындағы азық-түлікке кеткен шығындарының үлесі 57,4% болған. Расымен, бұл рекордтық көрсеткіш, не десек те мұндай жағдай кейінгі 5 жылда болмаған.

Төмендегі кестеде 2015 жылдың ортасынан бастап азық-түлік шығындарына қатысты үлестің тоқсан сайынғы өзгеру динамикасы көрсетілген:

Мәлімдеме: Қазақстандықтар тамақ жеуді көбейткен жоқ, бұл [азық-түлікке кеткен шығындардың артуы] азық-түліктің қымбаттауына байланысты.

Үкім: Манипуляция               

Ресми статистикаға сәйкес, қазақстандықтар 2020 жылдың екінші тоқсанында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда заттарды көбірек тұтына бастаған. Айта кетейік, тұтыну көлемі азық-түлік тауарларының барлық дерлік түрі бойынша артқанын байқауға болады.

Мәселен нан мен жарма өнімдерін тұтыну орта есеппен жан басына шаққанда 1,4 кг-ға, ет пен ет өнімдері – 1,2 кг-ға, сүт пен сүт өнімдері – 2,7 кг-ға, көкөніс – 800 г-ға, картоп – 400 г-ға, жемістер – 600 г-ға, жұмыртқа – 1 данаға өскен.

Мәлімдеме: Көтерме-сауда орталықтарын салуға мемлекет орасан зор инвестиция құюды жоспарлап жатыр. Алайда оның тиімді жұмысын жақын арада көре алмаймыз, себебі жоспар бойынша олар 2022 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

Үкім: Жартылай шындық

Расымен де ел үкіметі еліміз бойынша 24-тен астам көтерме-тарату орталықтарын (КСО) салуды жоспарлап отыр. Алайда оның бесеуі (Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында) 2020 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі (күзгі егінді «ұстап қалу» үшін).

Бюджет қаражаты осы бес көтерме-тарату орталығының құрылысына бөлінеді, ал қалған КТО-ларды салуға инвесторлар тартылып, МЖӘ тетігін пайдалану жоспарланған. Жобаны іске асырудың жалпы құны – 237,5 млрд теңге. Премьер-министрдің айтуынша, алғашқы бес КТО іске қосылғаннан кейін ауыл шаруашылығы өнімдері 25%-ға арзандайды. Бұл өте оптимистік болжам екен, рас-өтірігін құрылыс аяқталғаннан кейін тексеріп көреміз.

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz