Фактчек | Байбек: Әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан сала – туризм

7 желтоқсан күні Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан президентінің жолдауын іске асыру мақсатында Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылауға арналған қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жиында Байбек “жұмыс орнын жылдам ашуға болатын, ең қарқынды дамып келе жатқан сала – туризм ғана” деп мәлімдеген. Әкім бұлай деп Алматыдағы тау-шаңғы туризмі мен еңбек нарығындағы өзгеріс әңгіме болып жатқанда айтқан. Ол “Алматыда жыл сайын электрондық сауда нарығы 55 пайызға өсіп жатыр” деді.

“Бұл – қаладағы 57 базарда сауда істейтін адамдар ертең жұмыссыз қалуы мүмкін деген сөз. Алматы экономикасындағы үлесі 30 пайыз сауданы 5 пайызға дейін азайтып, оның орнына туризмді дамытуымыз керек”.

Баспасөз конференциясын мына сілтемеден көруге болады. 40:00-40.40 аралығын қараңыз.

Үкім: Жартылай шындық

Әлемде ең қарқынды дамып жатқан сала – IT секторы. Мәселен, жасанды интеллект индустриясы. Оны авиация, саяxат пен туризмде пайдалану да осы саланың ішіне кіреді. Бұл салада ашылған жұмыс орындарының саны жыл сайын артып келеді.

Туризм

Дегенмен туризм саласы әлем бойынша шынында да дамып келеді. UNWTO ұйымының (Дүниежүзілік туристік ұйым; БҰҰ құрамына кіреді) 2017 жылы жариялаған есебінде “туризм алдағы сегіз жылда жыл сайын 4 пайызға өсіп отыратынын” жазған. Ал WTTC (Саяxат пен туризм дүниежүзілік кеңесі) ұйымының былтырғы есебінше, 2017 жылы туризмнің әлемдік жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі –  4,6 пайыз. Тап сол есепте туристік индустрияда 118,454,000 жаңа қызмет орны ашылғаны, бұл барлық жаңа жұмыстың – 3.8 пайызы екені көрсетілген. Баяндаманы дайындағандардың пайымдауынша, туризм саласында қызмет ететіндер саны 2018 жылы – 2,4 пайызға, 2028 жылы 150,13 миллион адамға өсуі керек. Жыл сайынғы өсім 2,2 пайыз болып, жалпы жұмысшылардың 4,3 пайызына тең болады. Туризмнің жалпы еңбек нарығына әсерін мына сандармен көрсетуге болады.

Жалпы жұмысшылардың 9,9 пайызы, бұл – шамамен – 313,221,000 жұмыс орны. 2018 жылы күтілген өсім – 3,0 пайыз. 2028 жылға дейін жыл сайынғы өсім 2,5 пайыз болады (әлем жұмысшыларының 11,6 пайызы).

Фактчек | Байбек: Әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан сала - туризм
Жұмыспен қамту. Қазіргі жағдай мен туризм негізгі, жанама түрде тудыратын жұмыс орны

Баяндамада “соңғы он жылда ашылған жұмыс орындарының 20 пайызы туризм мен саяхат индустриясында ашылған” деп жазылған. Екі түрлі көзқараспен баяндалған бұл тақырып туралы мына жақтан және мына сілтемеден оқуыңызға болады.

Саланың өзіне қатысты айтсақ, болжам бойынша, әлемдік жалпы ішкі өнімге жыл сайын қосатын үлесі 2018-2020 жылдары 3,3 пайызға өсіп отырады. Қазіргі үлесі – 10 пайыз.

Фактчек | Байбек: Әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан сала - туризм
Туризмнің табысы. Дереккөз: Дүниежүзілік банк.

Өсім қарқынын салыстырып көрейікші

World of Finance порталында жарияланған материалда ең қарқынды дамып келе жатқан салалар жаңа технологияға байланысты екені жазылған. Ол салалар қатарына киберқауіпсіздік, виртуалдық шынайылық, жасанды интеллект, сондай-ақ IT-ға жатпайтын екі сала — қалпына келетін энергия мен биотехнология бар. Мұны көріп отырып, әрбір саланың экономикалық өсімге, жұмыспен қамту деңгейіне әсері қалай екенін салыстырып көрдік. Нәтижеге көз салыңыз.  

Жалпы IT

CompTia техникалық қауымдастығы 2018 жылғы зерттеуінде былай жазады: 2017 жылы әлемдік IT нарығы 4,5 трлн доллар табыс тапқан. 2015 жылы бұл сала – 5 пайызға, 2017 жылы 4,2 пайызға өсті. Болжам бойынша, 2018 жылы өсім 5 пайыз болады. Еңбек нарығына қатысты айтар болсақ, 2017-2018 жылдары бір АҚШ-тың өзінде осы салаға қатысты бос жұмыс орындары туралы хабарлама 27 пайызға өскен. Ал 2016 жылғы есепте “компьютер жүйелерін құрастыру саласындағы әрбір жұмыс орны экономикадағы өзге салаларда тікелей де жанама бес жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр” деп жазылған.    

Киберқауіпсіздік

Бұл саланың жыл сайынғы өсімі 10 пайыз болады деп болжанған. 2017 жылы киберқауіпсіздік нарығының құны 100 млрд доллардан аса қаржыға бағаланды. 2015 жылы АҚШ-та киберқауіпсіздік саласындағы сарапшы IT индустриясындағы ең көп сұраныс туған маманға айналған (өсім 4,8%), 2017 жылы сұраныс 1,1 пайызға азайған.

Фактчек | Байбек: Әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан сала - туризм
Киберқауіпсіздік бойынша алдыңғы жылдардың қорытындысы және салалар бойынша өсім болжамы: заттар интернеті, жеке компьютерлер, мобильді байланыс, смарт ТВ, жылжымалы құрылғылар, интернетке қосылған көлік.

Жасанды интеллект (AI — Artificial Intelligence)

AI нарығы бойынша ақпарат пен өсім болжамы

Фактчек | Байбек: Әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан сала - туризм
2016-2017 жылдары нарық 3221,8 млн доллардан 4819,11 млн долларға өскен (өсім — 33,4%)

Бұл нарыққа қатысты есепте “терең оқыту” саласының (DL, deep learning) мамандарына сұраныс 2015-2017 жылдары – 35 есе, “машиналық оқыту” (ML, machine learning) мамандарына сұраныс 6 есе өскені” жазылған.    

Қалпына келетін энергия

2017 жылы жарияланған есептегі дерек бойынша, 2015-2016 жылдары бұл сала әлем бойынша 7 пайызға өскен, 2016 жылы табысы 1,4 трлн доллар болған (туризм саласының табысы — 1,245 трлн доллар). Bloomberg-тің жазуынша, 2014-2024 жылдары жел турбинасын орнататын техниктерге сұраныс 108 пайызға өседі.

Биотехнология

2013-2018 жылдары бұл сектордың жылдық өсімі 5,1 пайыз болған, жұмыспен қамту деңгейі – 5,3 пайыз.

Контекст

  1. Көргендеріңіздей, экономика мен еңбек нарығындағы ең жылдам өсіп жатқан сала туризм емес, бірақ… халықаралық еңбек ұйымының сайтында әкімнің осы сала туралы сөздеріне ұқсас тезис айтылған. Ұйымның жазуынша, туризм – нарықтағы ең ауқымды жұмыс орны ашылатын, азаматтарды тікелей де, жанама да жұмыспен қамтитын сала. Дегенмен туристік индустрия бірнеше факторға байланысты еңбек жағдайы нашар салалар қатарына жатады:
  • туризм – жұмыс берушілердің көбі шағын және бизнестен болатын бөлшектенген сала болғандықтандын, олар кәсіподақпен қамтылмаған”
  • жалақы төмен, кәсіби деңгейі жоғары жұмысшы аз, мамандар тұрақтамайды, түнгі ауысым мен жұмыстың мезгілге тәуелді болуы да бар.
  1. Дүниежүзілік туристік ұйымның 2018 жылғы зерттеуінде “Қазақстанға xалықаралық туризмнен түсетін табыс өсіп жатыр (салыстыру үшін: 2010 ж. — 1,005 млн доллар, 2016 — 1,549 млн доллар, 2017 — шамамен Еуропадағы xалықаралық туризм табысының 0,3 пайызы немесе 1,781 млн доллар)” деп жазылған.
  2. Ұйымның 2018 жылға арналған “Әлемдік еңбек нарығының әлеуметтік болжамы” есебінде “xалқының табысы ортадан жоғары елдерде (оның ішінде Қазақстан да бар) 2017-2025 жылдары жаңа жұмыс орындары жылжымайтын мүлік пен бизнес-қызмет, Қонақүй бизнесі мен тамақтану, Көлік, қойма мен коммуникация салаларында ашылады” деп топшыланған. Жалпы бұл құбылыс 1992 жылдан бері байқалады.

Фактчек | Байбек: Әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан сала - туризм

  1. Дүниежүзілік экономика форумы “Еңбек нарығының келешегі” есебінде “әлем экономикасының ғылымды қажет ететін, инновациялық теxнология мен IT-ге қатысы бар барлық саласында жұмыс орындары көбейеді” делінеді. Квалификациясы төмен әкімшілік қызметкерлерге, тіпті квалификациясы орташа қызметкерлерге сұраныс, керісінше, төмендей бермек. Бұл құбылыс туризм индустриясын да айналып өтпейді.

2018 жылдың өзінде сапалы кадрлар өсімі 8 пайызға өсіп, квалификациясы төмендеу қызметкерлер 25 пайызға азайған.

Фактчек | Байбек: Әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан сала - туризм

Forbes осы баяндамаға сүйеніп, “жасанды интеллект” 75 млн адамды жұмыссыз қалдырып, 58 млн жаңа қызметкерге (кәсіби мамандарға) жаңа жұмыс орнын ашады” деп жазады.

Бұл – туристік индустрияда жұмыс орны тек кәсіби қызметкерлерге және IT саласына қатысты азаматтарға ашылады деген сөз. Біз Қазақстан туризмін дамытуға мамандар сапасының төмендігі кедергі екенін жазғанбыз. Аймақтық ерекшелімізге орай бізде “Жылжымайтын мүлік пен бизнес-қызмет” секторының дамуына мүмкіндік бар.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz