Депутаттар құмар ойындар индустриясының кірісі туралы рас айтты ма?

2023 жылдың 12 сәуірінде Қазақстан Республикасы парламент мәжілісінің отырысында депутаттар Жанарбек Әшімжан мен Руслан Берденов елдегі құмар ойындарды ұйымдастыру қызметі және лудомания мәселесі туралы бірқатар мәлімдеме айтты. Factcheck.kz редакциясы депутаттардың сөзін тексеріп шықты.

Жанарбек Әшімжан мен Руслан Берденовтың сауалдары (тайм-код: 44:09:00 пен 1:30:01)

Мәлімдеме: 2022 жылы құмар ойындар мен ұтыстарды ұйымдастыру қызметінің көлемі 553,6 млрд теңге болды.

Жанарбек Әшімжан

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда 2022 жылы құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру қызметі көлемі 553 660.1 млрд теңге болған.

Мәлімдеме: «AMANAT» партиясының «Қоғамдық саясат институты» жүргізген әлеуметтік зерттеуде тұрғындардың 73,7%-і лудоманияға қатты алаңдайтыны, букмекер кеңселерінің жұмысына қатаң тыйым салу қажет екенін мәлімдегені айтылған.

Жанарбек Әшімжан

Үкім: Шындық

Қоғамдық саясат институты, шынында, 2019 жылдың қаңтарында құмар ойындар туралы зерттеу жүргізгенін хабарлаған. Оған 1700 адам қатысты. Сауалнама нәтижесі бойынша, сұралғандардың 66,1%-і ойынқұмарлықты тәуелділік деп атаса, 73,7%-і лудоманияның өзекті мәселе екенін айтқан.

Дегенмен, институт Telegram-арналарында зерттеудің өзі мен толық әдістемесін көрсетпеген. Сол себепті бұл сандардың рас-өтірік екенін анықтау мүмкін емес. Мұндай жағдайда біз депутат айтқан сауалнама нәтижелері бар-жоғын ғана тексереміз.

Мәлімдеме: Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметі бойынша, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, оның 20%-і немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған.

Руслан Берденов

Үкім: Шындық және дәлелденбеген

Шынында, ҚР Бас прокуратурасының дерегі бойынша, 2022 жылы Қазақстанда 157 473 қылмыстық іс тіркелген.

Дегенмен, біз ашық деректерді талдай отырып, олардың қанша пайызы құмар ойындар негізінде жасалғанын нақты айта алмаймыз. Мұндай қылмысқа шабуыл, тонау, салықтық қылмыс, тіпті адам өлтіру де жатады. Статистикалық деректерде «құмар ойындар негізінде жасалған қылмыстар» санын көрсететін бөлек баған жоқ.

Мәлімдеме: Сондай-ақ статистикалық деректер бойынша, 2022 жылы 3 676 адам өзіне қол жұмсаған. Оның ішінде әр бесінші адам – құмар ойын ойнаушы.

Руслан Берденов

Үкім: Шындық және дәлелденбеген

ҚР Бас прокуратурасының ақпараты бойынша, 2022 жылы Қазақстанда 3 676 суицид жасалған.

Дегенмен, алдыңғы жағдайдағыдай, біз ашық деректерді пайдалана отырып, суицид жасаған әр бесінші адам – құмар ойын ойнаушы («құмар ойын ойнаушы» атауының өзі түсініксіздеу) деп нақты айта алмаймыз. Статистикалық деректерде мұндай баған жоқ.

Мәлімдеме: Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, кейінгі 3 жылда құмар ойындар қызметі көлемі 1 трлн теңгеден асқан. Осылайша, кейінгі үш жылда азаматтарымыз құмар ойындарға 1 трлн теңгеден астам қаржысын жұмсаған. Бұл өте алаңдатарлық жағдай, себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны ауру деп таныды.

Руслан Берденов

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда құмар ойындарды ұйымдастыру қызметінің көлемі 2020 және 2021 жылдары 89 743 млрд және 501 242.7 млрд теңгені құрады. 2022 жылы бұл көрсеткіш 553 660 млрд теңге болды. Егер кейінгі үш жылдағы сандарды қоссақ бір трлн теңгеден асып кетеді.

ДДСҰ лудоманияны ауру деп танығанына келер болсақ, расымен солай. Ойынқұмарлықты (видеоойындарға тәуелділік – gaming және құмар ойындар – gambling) ұйым 2019 жылы Аурулардың халықаралық жіктемесіне (АХЖ-11), кіріптар мінез салдарынан болатын бұзылыстар санатына енгізді. Шешім Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 72-ші сессиясында мақұлданды.

Factcheck.kz