Билл Гейтс вакцина салдыртуға шақырғаны үшін сот алдында жауап бере ме?

24 қазанда орыс тілінде ақпарат тарататын сайттарда Билл Гейтс вакцина салдыртуға шақырғаны үшін сот алдында жауап береді деген ақпарат тарады (1, 2, 3). Сайттардың жазуынша, «‎Нидерландыда жеті талапкер кәсіпкерді коронавирусқа қарсы вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы адамдарды адастырды деп айыптап, сотқа берген»‎. Артынан осындай ақпарат Instagram желісінде пайда болды (1, 2; архивтелген нұсқасы 1, 2).

Factcheck.kz редакциясы Билл Гейтстің атына шағым түсті ме, ол вакцина салуға шақырғаны үшін Нидерланды соты алдында жауап беруі керек пе дегенді тексерді.

Үкім: Дәлелденбеген

«‎Билл Гейтс COVID-19 вакцинасына қатысты сот алдында жауап береді»‎ деген мәлімдеме сот құжаттарын дұрыс түсінбеуден туындаған, оның сот алдында жауап беретіні анық емес. Яғни, мұндай мәлімдеме оған қайндай да бір айыптың тағылғанын меңзейді. Бірақ Нидерландыда Гейтке ресми айып тағылмаған. Дегенмен сот өткені рас, онда нидерландық бір топ адам Гейтсты (Билл Гейтс бұл тізімде жалғыз емес) вакцинаға қатысты «‎адастырды» деп шағымданған, ал Гейтстың адвокаттары оның АҚШ азаматы екенін, Нидерланды сотының Гейтске пәрмені жүрмейтінін айтқан. Бірақ сот Гейтсті Нидерландыдағы сотқа шақыра алады деп шешті. Осыдан, түсініспеушілік пайда болса керек.

Толығырақ

Жаңалықты орыс тілінде таратқан сайттар The Gateway Pundit сайтына сілтегенімен, оның өзі жаңалықты The Defender сайтынан алған. The Defender сайтының жазуынша, коронавирусқа қатысты «‎жеті скептик» Билл Гейтс пен Нидерландының бұрынғы премьер-министрі және НАТО-ның жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Марк Рютте, Pfizer бас директоры Альберт Бурлаға және тағы басқаларын «адастырды» деп айыптаған.

Сот шешіміне қатысты ақпаратты The Gateway Pundit пен The Defender сайттары нидерландық De Telegraaf газетінен алған. Газет, негізінен, тек сот шешімі туралы қысқа ақпарат жазып, Гейтстің сотқа келуі керектігі туралы айтқан. Бірақ оған айып тағылғаны туралы ештеңе жазбаған.

The Gateway Pundit пен The Defender сайттары соттың ағылшын тіліндегі шешіміне сілтейді (оның растығына reuters.com сайты көз жеткізді). Құжатта жеті адамның (аты-жөндері жасырылған) бас аяғы 12 адамға қарсы коронивирусқа қарсы вакцина туралы «адастырды» деп шағымданғаны (ішінде Гейтс бар) жазылған. Гейтстің тарапы мұны нидерландық сот қарай алмайтынын алға тартқан. Бірақ сот, бұл бір топ адамға қатысты шағым екенін, ал ол топта пәрмені жүретін бір адам болса, Гейтсті де шақыра алады деп шешкен және оған 1 406 еуро көлеміндегі заңгерлік төлемдерді төлеуге міндеттеген.

Reuters.com ресурсының фактчекерлері Билл мен Мелинда Гейтс қорының өкілімен электронды пошта арқылы сөйлескен, қор өкілі Гейтске Нидерландыда айып тағылмағанын хабарлаған. Осылайша, интернеттегі ақпарат бұрмаланған. Ақпарат көздері сілтейтін құжатта Гейтске қатысты қандай да бір істің қозғалғаны туралы емес, оның Гейтске қарсы азаматтық шағымдарды қарау құзіреті бар екендігі туралы.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz