25 желтоқсан күні Ақтау қаласында болған Azerbaijan Airlines ұшағының апатынан кейін Instagram қолданушысы Айгүл Бердіғалиеваның видеосы әлеуметтік желіде кең тарады. Ол апатты бір ай бұрын болжағанын айтады. Дәлел ретінде Бердіғалиева Instagram-дағы «естелік» функциясын пайдаланып, алдын ала жасалған болжамның бейнесін көрсеткен. Кейін, 29 желтоқсанда Оңтүстік Кореяда болған тағы бір әуе апатынан кейін блогер тағы бір пост жариялап, бұл оқиғаны да алдын ала болжағанын айтқан. 320 мың оқырманы бар қолданушының жазбалары мыңдаған лайк пен жүз мыңдаған қаралым жинаған.
Factcheck.kz редакциясы оқырмандардың сұрауы бойынша бұл мәселені зерттеп, шын мәнінде мұндай апаттарға қатысты болжам жасауға болатынын немесе болмайтынын қарастырып көрді.
Қысқаша қорытынды
Алдымен, оқиғаларды алдын ала болжау мүмкіндігі ғылыми тұрғыда дәлелденбегенін атап өткен жөн. Аталған болжамдарды мұқият талдасақ, олардың жалпы сипаттағы тұжырымдар немесе оқиғалардың даму нұсқаларының әртүрлі жақтарын қамтитын мәліметтер екенін байқауға болады. Бұл тәсіл болжамдарды әртүрлі жағдайларға сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Авиациялық оқиғаларды болжауға келсек, мұнда да ешқандай тылсым күш жоқ. Әлемде ұсақ-түйек болса да, оқиғалар күн сайын болып тұрады. Мұндай оқиғалардың толық тізімін қарастырғанда, әлеуметтік желілердегі болжамдардың дәлдігі туралы иллюзия бірден жойылады.
Адамдардың болжамдарға сенуінің себебі әртүрлі логикалық қатеге, когнитивті бұрмалауларға және әдістерге байланысты болуы мүмкін. Мысалы, таңдаулы ақпарат беру, өткенді білуге негізделген болжам, өз көзқарасын растауға бейімділік, постдикция және тағы басқасы.
№1 кейс: Ақтаудағы ұшақ апаты
25 желтоқсан күні Azerbaijan Airlines әуе компаниясы ұшағының Ақтаудағы апаты туралы жаңалықтардан кейін Айгүл Бердіғалиева Instagram парақшасында пост жариялады. Жазбада ол, шамамен, 2024 жылдың 25 қарашасында жазылған видеоны бөліседі. Бұл бейнежазба Instagram Stories форматында жарияланған сияқты, өйткені оның парақшасынан мұндай жазба табылмады. Бейнежазбада әйел былай дейді:
«Міне, жоғарыда ұшақ бар, оның қандай ұшақ екенін білмеймін, бірақ біздің ұшақ емес… Қалай дұрыс түсіндірсем екен? Ол ұшып барады, ал төменнен оны бірдеңе магнитпен тартатын сияқты ма».
Мәлімдеме қиылған, жарияланған бөлігі дұрыс естілмейді, ал болжам жасалған мерзім белгісіз. Сондықтан оны кез келген, тіпті кішігірім авиациялық оқиғамен байланыстыруға болады. Әрі қарай білетініміздей, мұндай оқиғалар әлемнің әртүрлі бөлігінде болды. Тек 25 қараша мен 25 желтоқсан аралығында сол сияқты оқиғаның оншақтысы болды.
Бердіғалиева пост жазбасында түсініксіз тұжырымын бәрін тура айтуға, үрейлендіруге болмайтынымен және «магниттеу» сөзі «төмен тартуды» білдіретінімен түсіндірді.
29 желтоқсан күні қолданушы 25 қарашада түсірілген видеосының толық нұсқасын жариялады. Оның айтуынша, бұл нұсқада тағы бірнеше сөз бар: «төменнен жоғары қарай бірдеңе, түсінбеймін». Посттағы жазбасында ол «шарлар лақтырылуы мүмкін» дегенді меңзегенін айтып, тағы да «бәрін ашық айтуға болмайтынын» жеткізді. Бұл кезде ұшақ апатына әуе қорғаныс жүйесінің қатысы болуы мүмкін деген нұсқа пайда болғанын айта кетейік.
Болжамға қарасақ, онда ешқандай нақты детальдің жоқ екенін анық байқауға болады. Тек ұшақтың Қазақстанға тиесілі емес екені және оған қандай да бір ықпал болатыны айтылған. Оның үстіне, «болжамның» бір бөлігі кейінірек жарияланып, ұшақ апатына зымыран себеп болды деген нұсқамен сәйкестендірілген.
№2 кейс: Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты
2024 жылдың 29 желтоқсанында Оңтүстік Кореяның Муан қаласындағы әуежайда әуе апаты болғаны туралы ақпарат жарияланды. Апаттан 179 адам қаза тапты. Сол күні Астана уақыты бойынша 10:05-те Айгүл Бердіғалиева бұл оқиғаға қатысты тағы бір болжамын жариялады. Ол жаңалықтың скриншоты мен 25 желтоқсанда айтылған болжамның видеосын бөлісті. Видеодағы болжам мынадай:
«Ұшақтарға қатысты бір, екі, үш көрсетіп тұр. Бізде тағы бірдеңе болуы мүмкін, айтып едім ғой, дөңгелекпен бірдеңе болуы мүмкін, бір дүрбелең болады. Немесе басқа елде де апат сияқты бірдеңе болуы мүмкін, себебі бір, екі, үш — үш көрсетіп тұр […] бұл да апат болады, бірақ қате қону болуы мүмкін, тағы да бір дүрбелең, ұшақта бірдеңе дұрыс болмайды, дұрыс емес ұшып бара жатқандай, дөңгелегі ұшқын шығарғандай».
Бір қарағанда, бұл сөздер алдыңғы жасалған болжамға қарағанда егжей-тегжейлі айтылған сияқты көрінуі мүмкін, алайда олардың барлығы тек жорамал, әрі оларды ұшақтың кез келген оқиғасымен, мысалы, апатпен немесе жеңіл апатты жағдаймен де байланыстыруға болады: дұрыс емес ұшу, қате қону, дүрбелең, ұшқындар, дөңгелек проблемалары. Видео авторы нақты не болатынын немесе қай жерде болатынын білмейді («мүмкін бізде», «басқа елде»).
Көптеген жазылушы бұл болжамдағы «үш» санына назар аударып: «Тағы қандай да бір апат болуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойды.
Екі сағат өткеннен кейін, сағат 12:08-де Бердіғалиева тағы бір пост жариялап, Канадада мәжбүрлі қонған кезде өртенген ұшақ апатына қатысты болжам жасағанын меңзеді. Ол жазбасына осы оқиға туралы жаңалықтың скриншотын қоса тіркеген.
Видео, қолданушының өзі атап өткендей, 29 желтоқсанда Stories форматында жазылған және мазмұнына қарағанда таңғы сағат 10-да жарияланған посттан кейін шыққан.
«Адамдар мұнда мен жазған “бір, екі, үш” туралы сұрап жатыр — иә, бұл екі апат, бірақ үшінші жағдай толыққанды апат болмаса да, бір нәрсе болуы мүмкін деп ойлаймын. Ең бастысы, бір жарым тәуліктің ішінде тағы бір нәрсе туралы, ұшақ апаты жайлы естімесек болды. Мүмкін бұл толыққанды апат болмас, бірақ соған ұқсас бір нәрсе болуы ықтимал: жартылай жану, қате қону, тежелу, ұшаққа қатысты тағы бір нәрсе… бір жарым тәулікте тағы да бір жаңалық естуіміз мүмкін».
Посттардың жарияланған уақытын әдейі атап өтіп отырмыз, өйткені Канададағы ұшақтың мәжбүрлі қонуы таңғы уақытта — Астана уақыты бойынша шамамен 6:30-да болған. Сондықтан бұл оқиға туралы кейінірек айтылғандардың бәрін болжам деп санауға болмайды.
Бұл жерде 25 желтоқсанда болған «үш оқиға» туралы болжамға қарсы уәж келтіруге болады, бірақ әрі қарай білетініміздей, бұл алдын ала жасалған әңгімеге деректерді сәйкестендіру әрекеті сияқты көрінеді, ал шын мәнінде оқиғалар саны әлдеқайда көп болған.
№3 кейс: үш апат
29 желтоқсан күні сағат 18:11-де Айгүл Бердіғалиева қорытынды пост жариялап, онда «әрбір ұшақ уақыты туралы алдын ала болжам жасағанын» айтып, Ақтау, Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты мен Канададағы мәжбүрлі қону туралы үш жаңалықтың скриншотын берді. Постта блогердің видеосы қоса берілген. Онда ол «Жылдың аяғына дейін ұшаққа байланысты үш оқиға болады деп айтқым келген», — дейді.
Осы сәтте көптеген адам шатасуы мүмкін, сондықтан кейбір жайттарды нақтылап алған жөн. Біріншіден, үш оқиға туралы болжам Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін айтылған. Екіншіден, «датаға байланысты» ешқандай болжам жасалмаған. Үшіншіден, бұған дейін атап өткендей, Канададағы ұшақ болжам айтылғанға дейін мәжбүрлі түрде қонған.
Әуе апаттары қаншалықты жиі болады?
The Aviation Herald — коммерциялық әуе қатынастары жөніндегі оқиғаларды бақылайтын тәуелсіз ресурс әрі әуе кеңістігінде болып жатқан жағдайлардың толық картинасын көруге мүмкіндік беретін маңызды сайттардың бірі.
Оқиғалар маңызы бойынша үш түрге бөлінеді: құлау — көптеген адамның қаза табуына немесе апаттық шығындарға әкелген оқиға; апат — белгілі бір қауіпке әкелген немесе әуе көлігін айтарлықтай зақымдаған, жарақаттар немесе адам шығыны болатын оқиға. Инцидент — жарақаттар, өлім немесе ауқымды шығындарға әкелмеген оқиға.
Осы сайттағы деректерден 25-31 желтоқсан аралығында Оңтүстік Кореядағы әуе оқиғасы ғана құлау ретінде бағаланғанын білуге болады. Сол кезеңде, Azerbaijan Airlines ұшағына болған жағдайды қоспағанда, екі апат пен 16 инцидент тіркелген. Ал 25 қараша мен 25 желтоқсан аралығында сегіз апат пен 76 инцидент болған.


The Aviation Herald барлық оқиғаны толық қамтымайтынын айта кету керек. Мәселен, АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесінің сайтында АҚШ аумағы мен оның иеліктерінде болған азаматтық авиация оқиғаларының деректері бар, бірақ олардың кейбірі The Aviation Herald сайтында көрсетілмеген.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.