Facebook желісінде Африка құрлығы Ресей елінен ұзын деген дерек тарап жатыр (1, 2, 3). Желідегі ақпаратқа сүйенсек, Ресей аумағы батыстан шығысқа қарай 6 400 км болса, Африка құрлығы 7 200 км екен-мыс. Ақпаратты Factcheck.kz тексеріп көрді.

Үкім: Жалған
Ресми деректерде Африка құрлығының горизонтальді қашықтығы 7 009 км екені көрсетілген. Ал, Ресей шекарасының батыстан шығысқа дейінгі арасы 10 000 км-ге жуықтайды.
Толығырақ
Африка құрлығының батыстағы шеткі нүктесі Сенегал елінің Дакар қаласы деп көрсетілсе, шығыстағы шеткі нүкте Сомали елінің Могадишо қаласы деп белгіленген. Арасы 7 009 км болады. Ресейдің энциклопедиясында батыстағы шеткі нүктесі Калининград облысындағы Балтық теңізінің Гданьск шығанағы, ал шығыс нүктесі — Чукотка түбегіндегі Дежнев мүйісі, Ратманов аралы деп жазылған. Сондай-ақ, батыста Латвия мен Эстония елдерімен шектесетіні жазылған.
Ашық деректерде Ресейдің горизонтальді қашықтығы нақты қанша км екенін таба алмадық. Түрлі дереккөз әртүрлі жазады — Britanica-ның жазбасында және Ресей президентінің сайтында горизонтальді қашықтықтың 9000 км-ден асатыны көрсетілсе, энциклопедия мен rosstat.gov деректерінде 10 000 км-ге жуық екені айтылған.
Біз Google Earth арқылы шар тәрізді картада Ресейдің шеткі нүктелерін бірнеше әдіспен сызып есептеп көрдік. Егер, Ресейдің шеткі нүктесін тек бойлық бойымен өткізсек 10 157 км екенін байқаймыз. Ал, бойлық бойымен есептеп келіп, сызықты құрлық бағытына қарай көтерсек 9 499 км екенін көреміз. Бұл тарап жатқан деректегі көрсеткіштен 3 000 км-ге көп.
Ақпарат таратқан парақшалар Африканың шығыстағы шеткі нүктесін Сомали елінің, Тохен ауылы маңына сызып есептеген, ал ресми деректерде Могадишо қаласы деп көрсетіледі. Сондай-ақ, Ресейдің батыстағы нүктесін Украина мен Беларусь шекарысынан есептеген, алайды негізгі батыстағы алыс нүкстесі Латвиямен Эстония шекарасында орналасқан. Тарап жатқан деректерде Ресей мен Африка құрлығының ұзындығын жазық картадағы тікелей сызық арқылы есептелгенін де байқаймыз.
Бұл жағдайда Ресейдің 6 800 км екенін көруге болады. Желіде таралған деректерге жақын. Егер жазық картаға сызылған осы сызықты, шар тәріздес картаға түсірсек, оның құрлықтан ауытқып, мұхит арқылы өтетінін көз жеткіземіз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.