Adidas-тың негізін қалаушы Адольф Хитлерді қолдаған ба?

Жақында америкалық рэпер Канье Уэст антисемиттік мәлімдемелерінен соң үлкен даудың ортасында қалды. Бірқатар танымал компания музыкантпен серіктестігін тоқтатты. Оның ішінде әлемдік спорт киімі нарығының алыбы Adidas та бар. Компания рэпермен 10 жыл жұмыс істегеніне және Yeezy брендінің кроссовкалары кеңінен танылып, жақсы пайда әкелгеніне қарамастан өнер иесімен байланысын үзді.

Осы жанжалдың тұсында америкалық Snopes басылымы Adidas-тың негізін қалаушы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік партияның мүшесі болғаны туралы көптен бері айтылып жүрген мәлімдемені тексеруді ұйғарды. Материалдың қысқартылған аудармасын жарияладық.

Фактчекерлер Адольф «Ади» Дасслердің шынымен де ҰСНЖП (Ұлттық социалистік неміс жұмысшы партиясы) мүшесі болғанын анықтады.

Adidas-тың веб-сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Дасслер компанияны 1924 жылы тіркеп, оны Gebrüder Dassler Schuhfabrik деп атаған. Компания ең жақсы спорт жабдықтарын өндіру үшін құрылған. Бұдан кейін сайтта бірден 1949 жылғы мағлұматтар берілген. Оған сәйкес, Ади Дасслер 49 жасында Adi Dassler adidas Sportschuhfabrik компаниясын тіркеп, 47 қызметкермен Херцогенаурах шағын қаласында жұмысын бастаған.

Сонда Дасслер екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және оған дейін немен айналысқан?

Жоғарыда айтылғандай, Ади бірінші компаниясын ағасы Рудольфпен бірге 1924 жылы құрды.

Германияның Der Spiegel журналының мәліметінше, ағайынды Дасслерлер 1933 жылы нацистік партияның мүшесі атанған. Оксфордтың спорттық зерттеулер сөздігіне сәйкес, олардың бірінші кәсіпорны «1930 жылдары спорт Хитлер режимінің мақсаттарымен тығыз байланысты болғанда өркендеді». Тіпті, 1935 жылы Ади Hitler-Jugend деп аталатын ҰСНЖП-ның жастар ұйымына спорт жаттықтырушысы және жеткізуші ретінде қосылған.

Соғыс кезінде Германиядағы көптеген шағын және орта кәсіп сияқты ағайындылардың зауыты да әскерилерді қамтамасыз етумен айналысты. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін төрт жыл өткен соң, 1943 жылғы желтоқсанда Дасслерлердің туып-өскен қаласындағы аяқкиім өндірушілеріне азаматтық өнімдерді шығаруды тоқтату туралы бұйрық берілді. Себебі неміс әскері шегініп жатты, ресустар азайды. Дасслер фабрикасының аяқкиім жасайтын машиналары қару-жарақ өндіруге арналған нүктелік дәнекерлеу жабдығына айналды.

Алайда ағайындылардың саясатқа деген көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Барбара Смиттің «Кроссовкалар соғысы: Adidas пен Puma-ның негізін қалаған ағайынды-дұшпандар және спорт кәсібін мәңгілікке өзгерткен отбасы жанжалы” кітабына сәйкес, Рудольф нацистік идеологияны көбірек қолдаған, ал Адольф (Ади) кәсібіне көңіл бөлуді жөн көрген.

«Фашистердің Германиядағы барлық саланы тұншықтырып ұстауы ағайындылардың да қозғалысқа белсенді түрде қатысуға мәжбүрледі. Олар «Хайль Хитлер!» деген міндетті тіркес бар хаттарға қол қойды. Оларда свастика мөрі басылған Ұлттық социалистік жүргізушілер корпусының NSKK мүшелік карталары болды. Әйтсе де, бұл жағдай екеуіне бірдей ұнай қоймады. Рудольф үкіметтің саясатын құптайтынын ашық білдіресе, Ади әдетте өзінің қарапайым еңбекқорлығын көрсетіп қана жүрді»,-делінген Дасслердің өмірбаянын зерттеген кітапта.

Der Spiegel басылымы мәліметінше, Дасслерлер мемлекетке Panzerschreck деп аталатын танкіге қарсы гранатаатқыш (гранатомет) шығаруға көмектескен. Ал француздар сол цехте жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Мюнхендегі қазіргі заман тарихы институтының әскери тарихшысы Кристиан Хартман Der Spiegel басылымына берген сұхбатында: “Panzerschreck жаяу әскер үшін танкіден қорғанудағы сапалы алға жылжу болды. Бұл шайқаста жалғыз жүрген неміс жаяу әскеріне алыстағы танкіні жоюға мүмкіндік берген алғашқы қару болды».

Бірақ соғыс Германияның пайдасына шешілмеді. Хитлерге қарсы коалиция әскерлері қаланы басып алып, зауытты қирату мәселесін талқылады. Дегенмен Адидің әйелі әскерилерді компания иелері тек спорт аяқкиімін шығаруға мүдделі екеніне сендірді.

Соғыстан кейін Адидің нацистік партиямен қарым-қатынасы туралы әртүрлі ақпарат тарай бастады. Барбара Смиттің кітабына сәйкес, Ади “саяси надандығынан” қатысқанын мәлімдеген.

Алайда Адидің бұл мәлімдемесі оған “соғыс кезінде пайда тапты” деген айыптаудан құтылуға көмектеспеді. Ади өзін ақтау үшін фабрикаға танымал антифашисті, босқындар мен тұтқындарды жұмысқа алып, жомарттық танытқанын айтты. Сонымен бірге ол саяси митиңгілерден әдейі қашқақтап, спорт өндірісіне ден қойғанын және саяси қозғалыстармен ойы бір жерден шықпайтын көптеген спорт ұйымының белді мүшесі болғанын айтты. Оған қоса кітапта Адидің еврей қауымдастығы мүшелерімен қарым-қатынасы былайша сипатталған:

“Жазбалар оның саяси тұрғыдан дұрыс емес болғаннан кейін де еврей тері саудагерлерімен қарым-қатынасын жалғастырғанын растайды. Бірақ ең сенімді дәлел өзін жартылай еврей деп сипаттаған Вайзендорф көрші ауылының мэрі Ганс Вормсердің хатынан алынды. Вормсердің айтуынша, Адольф Дасслер мэрді жақында гестапо тұтқынға алатынын ескерткен және оны өз меншігінде паналатқан. “Адольф Хитлердің шын қолдаушысы өз өміріне және отбасының әл-ауқатына қауіп төндіретін мұндай әрекетке бармас еді“,-деп жазды Вормсер”.

Соғыстан кейін Рудольф Ади Дасслерден бөлініп, Puma-ның негізін қалады. Ағайындылардың бөлінуі Рудольфтың қамауға алынуымен ішінара байланысты болды: АҚШ әскерилері оны қарсы барлау мен цензурамен айналысқан нацистік партияның жоғары лауазымды мүшесі деп айыптады. Әскерилер Рудольфке оны, өзі күдіктенгендей, інісі ұстап бергенін айтты-мыс. Кейін денацификация комитетінің алдында Рудольф Адиді соғыс кезінде танкіге қарсы гранатометтің өндірісіне жалғыз жауапты деп айыптады.

Алғашында денац-комитеттері Адиді нацистік режимнен пайда тапқан адам деп тапты. Алайда оның мәртебесін өзгертуді сұраған көптеген өтініштен, әйелінің қорғауынан және туған бауырымен жанжалынан кейін оны “митлауфер” — саясатқа белсенді араласпай, партияға мүшеге болған немістердің бірі ретінде қарастырды.

Factcheck.kz редакциясынан: Оқырмандарға жоғарыдағы мәтін рэпер Йені қорғау және Adidas компаниясын қаралау әрекеті емес екенін айтқымыз келеді (компания тарихы соғыстан кейін басталған және олардың кейінгі шешімі гуманистік құндылықтарды қолдайтынын көрсетеді). Сонымен қатар Snopes-тағы әріптестеріміздің мәтінінің өзі Ади Дасслердің саяси жағынан пассив, еврейлерге көзқарасы адал болғанын айқындайды. Сондықтан біз бұл фактіні тексеруді жағдайға ирониямен қарау ретінде емес, өмірдің сан қыры мен дүниежүзілік тарихтың күрделілігін көрсету тәсілі ретінде бағалаймыз.

Factcheck.kz