Киіктер Қазақстанның Қызыл кітабына енген бе?

Медиада киіктің Қазақстанның Қызыл кітабына енгені туралы анықтаманы (12) жиі кездестіруге болады. Мысалы, былтыр жазда және күзде киік мүйізін сатпақ болғандар ұсталғанда, бірнеше ақпарат агенттігі «қызыл кітапқа енген киіктердің мүйізі» (12) деп жазды. 

Киіктер расымен Қазақстанның Қызыл кітабына енген бе? Анықтап көрейік. 

Мәлімдеме: Киік Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Медиа

Үкім: Жалған

Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесі анықтайды. Бұл құжатты ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 Қаулысы бекіткен, оған кейінгі түзетулер 2022 жылғы 16 қыркүйекте енгізілген (ҚР Үкіметінің №706 Қаулысы). Материал дайындалған кезде бұл тізбеде киік болған жоқ

Мұндай қате қайдан шығуы мүмкін?

Алдымен контекстке тоқталайық. Әлемдегі киіктің 90%-і Қазақстанды мекендейді. 2022 жылғы әуе есебінің нәтижесі бойынша, қазір мемлекет территориясында 1,3 млн бас киік бар. 2015 жылы тіркелген бәріне белгілі алаңдаушылық туғызған көрсеткішке қарағанда, киік саны 12 есе өскен. Бұған браконьерлікпен күрес шараларының арқасында қол жетті. Бұл, әрине, жақсы жаңалық. Бірақ оның басқа жағы да бар. Киіктердің саны қалпына келтірілгендіктен, оларды атуға қайтадан рұқсат берілуі мүмкін, ал бұл браконьерліктің артуына әкелуі ықтимал. 

2022 жылғы жазда Экология министрлігі киіктердің санын реттеп отыру үшін оларды атуға рұқсат бере жаздады. Нақтырақ айтқанда, министр Серікқали Брекешев Ғылым және жоғары білім министрлігі Зоология институтының ұсынысымен қазіргі таңда сан жағынан ең көп болып тұрған Жайық популяциясынан 80 мың бас киікті ату туралы ойын айтты. Бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолдамай, «басқа әдістерді қарастырып болған соң ғана жүгінуге болатын соңғы шара» деп атады

Қазақстанда киіктердің Қызыл кітапқа енгені туралы жаңылыс пікірдің шығуы төрт мәселеге байланысты болуы мүмкін: 

  • 1. Оларды аулауға салынған тиым 

Қазақстанда киіктерді, оның бөліктерін (мысалы, мүйізін) және өнімдерін ғылыми мақсаттан басқа жағдайларда қолдануға тыйым салынған. Оны аулауға да тыйым салатын бұл мораторий 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылды. Ол алдымен 1999 жылы енгізіліп, бес рет: 2001, 2005, 2011, 2020 және 2022 жылдары ұзартылды. Қазір киік саны өскен соң, шаруашылық үшін құнды түрді қолдану перспективалары пайда болғанын ескеріп, аң аулау ассоциациялары тыйымды алып тастау керек деп жүр. Бірақ қазақстандықтардың көбі мораторийді қолдайды. 

  • 2. Көрші мемлекеттердегі қорғау статусы 

Қазақстанда киікті Қызыл кітапқа енгізген деген мәлімдеме оның көрші мемлекеттерде Қызыл кітапқа енгізілгенімен байланысты болуы мүмкін. Ресейде ол 2020 жылы, Өзбекстанда — 2008 жылы күшіне енген. 

  • 3. Халықаралық қызыл кітап

Жаңылуға себеп болуы мүмкін тағы бір фактор: Халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл кітабында, былайғы ортада Халықаралық қызыл кітап атанып кеткен жинақта киіктердің жаһандық жағдайына аса қауіп төнген (CR — Critically Endangered) деп бағаланған. Халықаралық одақ градациясы бойынша, ол жабайы табиғатта жоғалу мүмкіндігінің алдында тұр. 

  • 4. Импорт, экспорт және реэкспортқа міндетті рұқсаттың болуы 

Бұл теріс пікірге әкелген себептердің соңғысы, себебі Қазақстандағы киіктер статусының бұл нюансы туралы аз маман ғана біледі. Киік СИТЕС немесе Жойылу алдында тұрған жабайы фауна және флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы Конвенция қорғауында бар. Қазақстанға келсек, бұл мораторий (1-п) болмағанда, киіктердің импорт, экспорты мен реэкспортына СИТЕС рұқсаты болғанда ғана рұқсат етілер еді. 

Қазақстан СИТЕС-ке 1999 жылы қосылған. Бұл механизм оған кірген өсімдіктер мен жануарлардың халықаралық саудасы олардың тіршілігіне қауіп төндірмейтініне кепілдік береді. 

Материалды «Online Factcheck Academy» курсының түлегі Әлия Тонкобаева Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының консультациялық қолдауымен дайындады

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz