Фактчек | Егін судың 90%-ін оңтүстік өңірлер пайдалана ма?

Ақпанның 10-да өткен сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы суға қатысты мәселе қозғап, дерек келтірген. Factcheck.kz сенатор сөзі қаншалықты шындыққа келетінін тексерді.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 43:38)

Мәлімдеме: Еліміздегі егін судың 90 пайызын оңтүстік өңірлер пайдаланады.

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 2020 жылы (ең кейінгі дерек) суаруға, суландыруға және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге пайдаланылған су көлемі 12 361 млн текше метр болған, оның ішінде оңтүстік өңірлер (Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облысы мен Шымкент, Алматы қаласы) 10 948 млн текше метр суды пайдаланған. Бұл жалпы көрсеткіштің 88,57%-і.

Контекст

Үкімет басшысына жолдаған сауалында депутат су қоймаларына жиналатын судың азайып жатқанын айтады. Сенатор сөзінің жаны бар: Қазақстанда су жетіспеушілігі қазірдің өзінде сезіліп жатыр, ал болжамға сәйкес, 2040 жылға қарай қажет судың 50%-і тапшылығын сезуі мүмкін. Ал экономиканың барлық дерлік саласы суға тәуелді болғандықтан 2050 жылға қарай өңірлерде ЖІӨ 6%-ке төмендеуі ықтимал екені айтылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы Қазақстан өзендеріндегі судың 44%-і көрші елдерде қалыптасатынын, сондықтан тапшылық, бірінші кезекте, сол елдердің суды белсенді пайдалануынан болатынын жазады, алайда, ұйым сөзінше, Қазақстанның өзі де суды ұтымды пайдала алмайды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz