Фактчек | Дүйсембинов қоқысты сұрыптау туралы

21 сәуірде өткен Сенаттың жалпы отырысында депутат Сұлтан Дүйсембинов қоқыс пен оның сұрыпталуы жайлы бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz депутат мәлімдемесі қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп көрді.

Тайм-код: 40:30:00

Елімізде коммуналдық қалдықтар көлемі жыл сайын өсіп келеді. Ресми деректер бойынша жыл сайын 4,5-5 млн. тонна қалдық жиналады.

Сұлтан Дүйсембинов

Үкім: Техникалық қате

Қоршаған ортаның жай-күйі туралы және ҚР табиғи ресурстарын пайдалану туралы 2020 жылғы ұлттық баяндамасына сәйкес, елімізде жыл сайын 4,5-5 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық (ТҚҚ) түзіледі (177 бет), ал депутат айтқан коммуналдық қалдық осы ТҚҚ құрамына кіреді. Яғни, депутат коммуналдық қалдық деп ТҚҚ дерегін келтірді. Жылдар бойынша ақпарат төмендегі инфографикада.

Оның тек 1 млн. тоннасы ғана сұрыпталады. Ал қайта өңделетін қалдықтар мөлшері 13-15 мың тонна шамасында ғана.

Сұлтан Дүйсембинов

Үкім: Шындыққа жақын

Депутат мәлімдемесі мен статистикалық деректер әртүрлі болғанымен, Дүйсембинов сұрыпталған коммуналдық қалдықтардың бәрі қайта өңделмейтіні туралы айтқан сөзі шындыққа жанасады. 2017-2020 жылдары ресми полигонға түскен коммуналдық қалдықтың 181 мың-1,1 миллион тоннаға жуығы сұрыпталған, ал оның 5 мың-616 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберілген. Толық ақпарат инфографикада:

Сонымен қатар, елімізде 31,6 млрд. тоннаға жуық өндірістік қалдықтар жинақталған және де жыл сайын шамамен 1 млрд. тоннаға ұлғаюда.

Сұлтан Дүйсембинов

Үкім: Шындық

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сай, (538 бет), елімізде бүгінде 31,6 млрд тонна өндіріс қалдықтары жинақталған және жыл сайын шамамен 1 млрд тоннаға жуық түзіледі.

Баяндамаға сай, бұл негізінен техногенді-минералды түзілімдер, тау-кен кәсіпорындарының аршынды жыныстары мен күлшлактары. 2020 жылы өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату 36%-ті құраған. Түзілген өнеркәсіптік қалдықтардың қалған көлемі, бұл шамамен 500 млн тонна, жыл сайын үйінділер мен полигондарға орналастырылады. Министрліктің жазуынша, бұл қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына қауіп төндіреді.

Контекст

  • Дүниежүзілік Банктің дерегінше, әлемде ТҚҚ-ның 37%-і полигонға тасталады, оның 8%-і полигон газын жинау жүйесі бар санитарлық полигондарға кетеді. Ашық қоқыс қалдықтары шамамен 31%-ті құрайды, ал 19%-і қайта өңдеу және компосттау арқылы қалпына келтірілсе, 11%-і өртеледі.
  • Қазақстанда қалдықты жинаған және тасымалдаған кәсіпорынның ішінде жеке кәсіпорындар басым, 2017-2020 жж. оның үлесі 91-93%-ті алған. Мемлекеттік кәсіпорын үлесі 5-8%, шетелдік компаниялардың үлесі — 0,2-0,7%. Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы дерегіне сәйкес, елімізде коммуналдық қалдықтарды жинау және шығару бойынша 676 кәсіпорын мен ұйым бар; оның ішінде: 429 кәсіпорын/ұйым және 247 жеке кәсіпкер; 676 кәсіпорынның: 41-і мемлекеттік, 632-i жеке және 3-еуі шетелдік.
  • 2020 жылғы баяндамаға сай, елімізде жыл сайын 4,5-5 млн тонна қалдық жиналса, ТҚҚ-ның 2020 жылдың соңында ресми жұмыс істеп тұрған полигондарында барлығы 45,7 млн тоннадан астам қалдық жинақталған.
  • Экология министрлігінің біздің сауалға жіберген жауабына сай, ТҚҚ Астана, Шымкент және Жаңаөзен қалаларындағы зауыттарда, сондай-ақ, негізінен шағын және орта бизнес кәсіпорындарында сұрыпталып, қайта өңделеді.
  • Экология министрлігінің ақпаратына сай, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ҚТҚ полигондарының саны 3007, оның 603-і (20%-і) экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді. Қазіргі таңда елімізде ірілі ұсақты қалдық өңдейтін, тасымалдаумен, жинаумен айналысатын 251 астам мекемелер бар. Жыл сайын Қазақстанда шамамен 4,5 млн.тонна қатты тұрмыстық ҚТҚ түзіледі. Қайта өңделген және кәдеге жаратылған ҚТҚ үлесі 2021 жылдың қортындысы бойынша 21,1%-ды құрады. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 4 % өскен. (2017 жыл – 9,5 %, 2018 жыл – 11,51%, 2019 жыл – 14,9%, 2020 жыл – 18,6%).

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz