Адамдарды ұстап қалу — Украина билігінің басты мақсаттарының бірі. Бұл мақсат қалаларды қорғауда да, әскери шешімдерде де, бейбіт келіссөздерде де, көші-қон саясатында да көрініс табады.
Бұл мақсатқа жетудің бір қадамы — бірнеше азаматтық енгізу. Бұл әділеттілікті қалпына келтіріп, миллиондаған украиндықпен — басып алынған аумақтардың тұрғындарымен, агрессор елдің паспортын алуға мәжбүр болғандармен, шетелде тұрып жатқан украиндық босқындармен және украиндық тамыры бар басқа елдердің азаматтарымен байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұлардың қатарында Украинаны қорғаушы шетелдік еріктілер мен олардың үйлерінен айырылған отбасылары да бар.
Екі немесе одан да көп азаматтыққа рұқсат берген елдер демографиялық және экономикалық артықшылықтары бар екенін біледі, сондықтан натурализацияны қолдайды. Украина билігі осындай қадам жасамаса, көптеген адам басқа елдің паспортын таңдауы мүмкін.
Заборона сарапшылар мен оқырмандардан Украинада бірнеше азаматтық енгізудің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы сұрады. Factcheck.kz серіктестер мәтінінің қысқартылған нұсқасын ұсынады.
Басты беттегі сурет: Jens Büttner/picture alliance via Getty Images
Президенттің ұсынысы
Бірнеше азаматтық — бұл бір адамның екі немесе одан да көп елдің заңдарына сәйкес сол мемлекеттің азаматы деп танылуы.
Украина заңнамасы бірнеше азаматтықты мойындамайды, бірақ бұл мәселе барған сайын өзекті болып келе жатыр. Шын мәнінде, көптеген украиндықтың бірнеше паспорты бар, бірақ Конституция бойынша мемлекет оларды тек өзінің азаматтары ретінде таниды. Сонымен бірге екінші (немесе одан да көп) азаматтықты декларациялау тәртібі жоқ, әрі оны иелену үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған.
2024 жылдың қаңтарында президент Владимир Зеленский бұл мәселені шешуге арналған екі заң жобасын ұсынды. Олардың біріншісі бірнеше азаматтыққа негіз қалыптастырса, екіншісі оның егжей-тегжейін нақтылайды. 2024 жылдың 17 желтоқсанында Жоғарғы Рада екінші заң жобасын алғашқы оқылымда қабылдады.
Негізгі жаңашылдықтар:
- Украина серіктес-мемлекетінің азаматтығын Украина азаматтығынан айырылмай-ақ алуға болады.
- 40-тан астам елдің азаматы үшін (ЕО, G7, Норвегия, Швейцария) жеңілдетілген азаматтық алу рәсімі қарастырылған. Олар өздерінің паспорттарынан бас тартпай-ақ Украина азаматтығын мойындайтын декларация тапсыра алады.
Мұндай жеңілдетілген рәсім арқылы Украина азаматтығын 1991 жылға дейінгі кезеңде Украина аумағында, яғни, УХР, БУХР, Карпат Украинасы немесе УКСР-де өмір сүрген немесе дүниеге келген адамдардың ұрпақтары ала алады. Бұл көбіне украин диаспорасын қамтиды.
- Украина азаматтығын алу үшін «Украина азаматы деп тану туралы декларация» тапсырып, үш жыл ішінде украин тілі, Конституцияның негіздері және Украинаның тарихы бойынша емтихандар тапсыру қажет.
Мұндай адамдар шетел азаматтығынан бас тартуға міндетті емес. Сонымен қатар бұл талап келесі шетелдік санаттарға да қолданылмайды:
- сол жерде қудалауға ұшырағанын растай алса, Жоғарғы Рада «агрессор мемлекет» деп таныған елдің (мысалы, Ресей) азаматтары;
- Украина бассауға берген босқындар немесе адамдар;
- Украина Қарулы Күштерінде, Мемлекеттік арнайы көлік қызметінде, Ұлттық гвардияда келісімшарт негізінде қызмет еткен немесе қызмет етіп жатқан шетел азаматтары, олардың жұбайлары мен балалары;
- Украина алдында ерекше еңбегі бар адамдар және олардың жұбайлары.
Заборона Украина азаматтары арасында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға қатысқандардың тек 12%-і Украинада бірнеше азаматтық институтын енгізуді қолдамайтынын білдірді.

Диаспора күтіп отыр ма?
Заң жобасын таныстыру барысында президент Владимир Зеленский: «Бұл құжат әлемнің әртүрлі еліндегі этникалық украиндар мен олардың ұрпақтарына Украина азаматтығын алуға мүмкіндік береді. Әрине, Ресей азаматтарынан басқаларына», — деді.
Алайда заң жобасы президенттің айтқанынан тар ауқымды елдер тізімімен шектеледі. Мәселен, тізімде Бразилия, Қазақстан, Аустралия сияқты елдер жоқ. Бұл елдерде жалпы саны 1 миллионнан астам украин тұрады.
Тізімнің кеңейтілетіні айтылғанымен, барлық елді бірден қамтитын толық тізімнің неліктен енгізілмегені түсініксіз.
Киев халықаралық әлеуметтану институты (КМИС) жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, 2024 жылғы ақпанда 1 202 респонденттің жартысына жуығы басқа елдің (Ресейден басқа) азаматтығы бар украиндарға жеңілдетілген тәртіппен Украина азаматтығын беру туралы бейтарап көзқарас танытқан.

Украин диаспорасының дүниежүзілік үні саналатын Бүкіләлемдік украиндар Конгресі бірнеше азаматтық институты енгізіледі деп үміттенеді, себебі бұл шетелдегі 20 миллионға жуық украинды біріктіруге мүмкіндік береді.
«Бұл адамдар – соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіруге қажет маңызды интеллектуалдық және экономикалық ресурс. Бірнеше азаматтықты заңдастыру осы әлеуетті пайдалануға, украиндық бірегейлікті сақтауға және бірнеше паспорты барларды көлеңкеден шығаруға көмектеседі», — деп есептейді ұйым президенті Павло Грод.
Сонымен қатар ол барлық азаматтың тең құқықтарға ие болуға тиіс екенін атап өтті. Алдыңғы бастамаларда бірнеше паспорты бар украиндықтардың құқықтарын шектеу, оларды дауыс беру немесе мемлекеттік лауазымдарға сайлану мүмкіндігінен айыру ұсыныстары болған еді. Алайда жаңа ұсыныстарда мұндай тармақ жоқ және адвокаттар бұл қадамды дұрыс деп санайды.
«Егер адам Украина азаматы атанса, дауыс беру құқығына ие болады. Бірақ халық депутаты немесе президент лауазымына кандидат болу үшін елде үздіксіз бес жыл тұруы керек. Бұл сайлау туралы заңда белгіленген. Ал басқа мемлекеттік лауазымдарға қатысты шектеулер жоқ – бұған дейін шетелдегі украиндықтар Украина азаматтығын алып, мемлекеттік қызметтерде жұмыс істеген жағдайлар болды. Біз азаматтарымызға осындай мүмкіндіктер беруіміз керек. Ең бастысы – заң бойынша адам Украина азаматы ретінде толық құқықтар мен міндеттерге ие болады», — деп атап өтті миграциялық құқық саласындағы адвокат Василий Чередниченко.
Алайда Бүкіләлемдік украиндар Конгресі диаспора өкілдерінің қаншасы Украина азаматтығын алғысы келетіні туралы нақты жауап бере алмады. Сонымен бірге экономика ғылымдарының докторы, Украинаның Ұлттық ғылым академиясының Демография және өмір сапасы мәселелері институты директорының орынбасары Александр Гладун бұл бастаманың украиндардың жаппай оралуына ықпал ететініне күмәнданатынын айтты.
«Олар Украинадан көп жыл бұрын кетіп, өздері тұрып жатқан елдерде орнығып алды. Сонда өмір сүріп жатыр, себебі өздері үшін сол жақ жақсырақ. Енді не себепті қайтып келуі керек? Оларды екі паспорт алуға мүмкіндік беру арқылы ғана қайтаруға көндіре аламыз ба?» — деп күмәнданады демограф.
Оның айтуынша, билік украиндардың Украинада лайықты өмір сүруі үшін жұмыс істеуі керек. Сол кезде ғана эмигранттардың Отанына оралуға деген қызығушылығын байқауға болады.
Шетелдік еріктілерге азаматтық беру
Заң жобасының негізгі міндеттерінің бірі – шетелдік еріктілерге өз азаматтығынан айырылмай-ақ Украина азаматтығын алу мүмкіндігін беру. Өзгертілген заңнама бұл процесті жеделдетуі мүмкін, өйткені бұрынғы азаматтығынан бас тарту рәсімі көп уақыт алады.
«Бұл бастама шетелдік еріктілердің өмірін жеңілдетуді көздейді. Олардың көбі қазіргі таңда украин қыздарымен қарым-қатынас орнатып жатыр. Олар үйленіп, Украинада қалғысы келеді», – дейді иммиграциялық адвокат Иван Гончаров.
Сонымен қатар украин азаматтығын алған шетелдіктер өз елінде қудалаудан және депортация қаупінен қорғану мүмкіндігіне ие болады.
«Әртүрлі елдерден шыққан шетелдіктер соғысып жатыр. Олардың арасында өз елдерінде сол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатындар бар. Мысалы, Франция заңнамасына сәйкес, азаматтарының басқа елдердегі әскери іс-қимылдарға қатысуы жалдамалы қызмет деп танылады. Украина азаматтығын алған жағдайда, ол украин заңнамасының қорғауында болады», – деп түсіндіреді Гончаров.
«Шетелдік азамат Украина азаматтығын алса және оны экстрадициялау сұралса, бұл жағдайда қылмыстық іс жүргізу заңы қолданылады. Ұсынылған заң жобасына сәйкес, мұндай адам тек Украина азаматы ретінде танылады», – деді Василий Чередниченко.
Бұл жеңілдіктердің Ресей Федерациясы азаматтарына қатысы жоқ, себебі агрессор мемлекетпен қос азаматтыққа тыйым салынады. Дегенмен, соғыс басталған кезден бері Украина жағында соғысып жатқан ресейліктердің саны айтарлықтай көп. Олардың көпшілігі Украина төлқұжатын алғысы келеді.
Агрессор мемлекеттерден келген еріктілер үшін 2021 жылдан бастап енгізілген РФ азаматтығынан декларативті түрде шығу мүмкіндігі сақталады. Яғни, оларға басқа елдің азаматтығынан бас тарту міндеттемесін тапсыру қажет емес — тек Украинада тек украин паспортымен өмір сүретіндерін растайтын декларацияны тапсыру жеткілікті. Бұл мүмкіндік олардың отбасыларына да қатысты.
2024 жылдың тамыз айында № 9585 заң қабылданды. Ол шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, Украинаны қорғап жүргендерге, мерзімі өткен құжаттармен де азаматтыққа өтініш беру мүмкіндігін береді. Сондай-ақ, заң бойынша Украинада міндетті тұру мерзімі бес жылдан үш жылға дейін қысқартылды. Ал денсаулығына байланысты қызметтен босатылған шетелдік азаматтар үшін бұл мерзім есептелмейді.
Дәл осындай принцип бойынша «ақ» тізімге енбеген елдерден келген еріктілер де Украина азаматтығын ала алады. Мысалы, беларусьтар, қазақтар, грузиндер және басқа елдердің азаматтары.
Оккупацияланған жерлердегі украиндардың тағдыры не болады?
Құқық қорғаушылар заң жобасындағы Украина азаматтығын жоғалту туралы нормасына алаңдаушылық білдірді. Бұл норма Жоғарғы Рада Украина мемлекеті «агрессор-мемлекет» немесе «оккупант-мемлекет» деп таныған елдің азаматтығын ерікті түрде алған тұлғаларға қатысты. Олардың пікірінше, бұл норма оккупацияланған аумақтағы тұрғындарға қауіп төндіреді, себебі олар қысым жағдайында қалып, Ресей паспорттарын алуға мәжбүр болуы мүмкін.
Иван Гончаровтың түсіндіруінше, бұл норма агрессор-мемлекеттің азаматтығын оккупацияланған аумақта алған Украина азаматтарына қолданылмайды.
«Украина Ресей тарапынан жүргізіліп жатқан мәжбүрлі паспорттауды заңсыз деп есептейтінін және оккупация кезінде Ресей паспорттарын алған барлық адамды өз азаматтары деп санайтынын мәлімдеген. Дегенмен, бұл мәселеде Ресей азаматтығын шынымен ерікті түрде алған коллаборационистерге қатысты күмәнді жағдайлар болуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайлармен арнайы қызметтер айналысуға тиіс», — деп санайды адвокат.
Тағы бір маңызды мәселе — әсіресе Ресейге қатысты болған жағдайда екінші азаматтықты анықтау.
«Бұл заң тексеру механизмін қарастырмайды. Кімнің қандай азаматтық алғаны туралы мемлекетаралық мәлімет алмасу механизмі жоқ. Яғни бәрі қазіргі қалпында қалады. Тек сол паспортты пайдаланған сәтте ұстап алса, мәселе туындауы мүмкін», — дейді Василий Чередниченко.
Заборона жүргізген сауалнамада Ресей оккупациялаған аумақтарда мәжбүрлі паспорттауға ұшыраған тұрғындарға арналған арнайы заң қажет пе деген сұрақ бойынша пікірлер екіге бөлінді.

Еуропа украиндардың келуіне мүдделі
Толық ауқымды соғыс басталғаннан миллиондаған украин Еуропа елдеріне көшіп, оларға уақытша қорғаныс және қаржылай көмек берілді. Әрине, бұл Еуроодаққа айтарлықтай экономикалық қысым түсірді. Бірақ уақыт өте келе жағдай түбегейлі өзгерді.
Украиндар ЕО-дағы еңбек нарығына белсенді түрде еніп, жұмыс күшіне айналды. Олар қазір тұрып жатқан елдерінің экономикасына қолдау көрсете бастады. Еуроодақтағы жұмысқа орналасу бойынша ең ірі компаниялардың бірі — EWL Миграциялық платформасының өкілі Маргарита Ситник Заборонаға берген сұхбатында зерттеулерге сәйкес, украиндық босқындардың еуропалық экономикаға қосқан үлесі әр елге байланысты 0,5-1,5% екенін айтты. Оның айтуынша, бұл өте жоғары көрсеткіш.
Польша Республикасының ішкі саясат және әкімшілік министрлігінің мемлекеттік хатшысының орынбасары Мацей Дущик 2024 жылдың басында украиндардың жұмыс істеуі арқасында Польшаның ЖІӨ өсімінің деңгейі алдағы бес жылда 1-1,2%-ке жететінін мәлімдеді.
2023 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы украиндық босқындардың Чехия, Польша және Эстонияның ЖІӨ-нің жылдық өсу қарқынына қосқан үлесі жылына 1,2% болатынын, ал Венгрия, Латвия, Словакия, Литва және Румынияда бұл көрсеткіш шамамен 0,8% екенін айтты. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш шамамен — 0,2%. Бұл жылына миллиардтаған еуроға пара пар.
«Қазіргі таңда еуропалық елдер украиналық азаматтарды өз елдерінде барынша интеграциялауға тырысып жатыр. Олар жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтіп, балалардың интеграциясын қолдап келеді», — дейді Маргарита Ситник. Мысалы, Германияда JobTurbo бағдарламасы енгізілді. Бұл украиндарға тілді жетік білмесе де жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл бұрын негізгі талаптардың бірі болатын. Осы бағдарламаның арқасында украиндардың жұмыспен қамтылу деңгейі екі есе — 20%-тен 38%-ке дейін өсті. Аустрияда 2024 жылдың қазан айынан бастап украин босқындарға уақытша қорғаныстың орнына жұмыс визаларын алу мүмкіндігі берілді.
Польша мен Чехияда украин балаларды жергілікті мектептерге бейімдеу процесін қолдау үшін отбасыларға қосымша қаржылай көмек беріледі және аралас сыныптар құру тәжірибесі енгізіліп жатыр.
Еуропадағы өмірге бейімделу процесімен бірге, украиндардың арасында сол жерде ұзақ мерзімге қалуды қарастыратындардың саны артып келеді.
«Біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, украиндардың шамамен 10-15% қазіргі тұрған елдерінде мәңгі қалуды шешкен. Тағы 20% (яғни әр бесінші адам) әлі нақты шешімге келген жоқ. Олар соғыстың аяқталғанына және Украинаға оралу қаншалықты қауіпсіз екеніне байланысты шешім қабылдайтынын айтты. Сондай-ақ олар елдегі экономикалық және саяси жағдайға назар аударады. Тәжірибемізге сүйенсек, соғыс аяқталғаннан кейін де көпшілік бірнеше жыл бойы Украинадағы жағдайдың қалай өзгеретінін бақылап қалуы мүмкін», — деді Ситник.

Еуропа үкіметтері украиндарды натурализацияға ынталандыруды логикалық қадам деп санайды. Еуропада қалғысы келетіндер үшін әртүрлі елдерде украиндықтарға ЕО-да заңды түрде болудың жаңа формаларын ұсына бастады. Мысалы, 2025 жылдан бастап Польшада Pesel UKR мәртебесі бар украиналықтар CUKR картасын ала алады. Бұл карта оларға елде заңды түрде үш жыл тұруға және жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Чехияда 2025 жылдан бастап украиндықтар ұзақ мерзімді тұруға (dlouhodobý pobyt) арналған жаңа рұқсат түріне өтініш бере алады. Бұл рұқсат шетелдіктерге елде бес жыл тұруға және еңбек нарығына еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді. Болашақта бұл осы елдердің азаматтығын алуға құжат тапсыруға жол ашады.
Еуропалық комиссияның миграция мәселелері жөніндегі комиссары Илва Йоганссон «Радио Свобода» радиосына берген сұхбатында Еуропада украиналық босқындарға тұрақты мәртебе беру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты. Оның пікірінше, ЕО екі негізгі санаттағы адамдар үшін шешім ұсынуы керек:
- Бірінші топ – Еуропада тұрақты тұруға ниетті адамдар;
- Екінші топ – отанына оралғысы келетіндер және оларға қолдау көрсету қажет.
Йоганссонның айтуынша, ЕО елдері уақытша қорғау мерзімін тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде есепке алу мүмкіндігін де талқылап жатыр.
Украиналық босқындардың арқасында экономикалық жағдайды жақсартуымен қатар, Еуропа өзінің тағы бір мәселесін — демографиялық ахуалды шешуге ұмтылып жатыр. ЕО елдерінде 65 жастан асқан адамдар саны артып келеді, ал туу көрсеткіші әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Еуростат деректеріне сүйенсек, 2022 жылы ЕО-дағы жалпы туу коэффициенті (бір репродуктивті жастағы әйелге шаққандағы бала саны) — 1,46. Халық саны тұрақты болуы үшін бұл көрсеткіш 2,1 болуы қажет.
Дегенмен, демограф Олександр Гладунның айтуынша, украиналықтардың Еуропаға миграциясы демографиялық жағдайды тек уақытша жақсартуы мүмкін. «Халықтың қартаюы — бұл тек Еуропада ғана емес, бүкіл әлемде әртүрлі қарқынмен жүріп жатқан жаһандық процесс, — дейді сарапшы. — Бұл табиғи құбылыс».
Демографиялық жағдайды талдағанда халық саны, оның құрылымы, сондай-ақ туу және өлім-жітім көрсеткіштерін ескеру маңызды.
«Украиналық мигранттардың бір бөлігі Еуропада қалса, бұл шынында да кейбір елдердегі халық санын сәл арттыруы мүмкін. Алайда, ЕО елдерінде өлім-жітім деңгейі туу көрсеткішінен жоғары болғандықтан, мигранттар ағымы бұл процесті тек уақытша баяулатуы мүмкін, бірақ оны толықтай тоқтата алмайды», — деп түсіндіреді Гладун.
Еуропа украиналық босқындарды интеграциялаудан тек пайда көріп отыр және олардың осы жерде қалуына ықпал етпек. Ал жақын арада Украина азаматтары украиналық төлқұжат немесе ЕО-ға мүше елдің паспорты деген екі таңдау алдында қалуы мүмкін.

Бірнеше азаматтықты енгізу украиналықтарға өз азаматтығынан бас тартпай-ақ басқа елдің азаматтығын алу мүмкіндігін береді. Еуропаның көптеген үкіметі екі немесе одан да көп азаматтыққа рұқсат етеді. ЕО елінің азаматтығы украиналықтарға қоғамға жылдам бейімделуге, шектеусіз жұмыс істеуге, сапалы білім мен медицинаға қол жеткізуге, сондай-ақ барлық әлеуметтік кепілдікті пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар украиналық азаматтықты сақтау туған жерімен мәдени, әлеуметтік және экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Ал болашақта бұл олардың Украинаға оралуына негіз бола алады.
Материал Медиажелі қолдауымен дайындалып, жарияланды.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.