16 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Германия» бизнес форумында сөз сөйледі. Тоқаев Қазақстанның табиғи ресуртарына қатысты мәлімдеме жасап, Германиямен бірлескен жобалардың маңызына тоқталды. Оның сөзінше Еуроодақ үшін аса маңызды 34 материалдың 19-ы Қазақстанда өндіреледі екен.
Factcheck.kz Тоқаевтың сөзі қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп көрді.
Мәлімдеме: Бүгінде біз Еуропа Одағының экономикасы үшін аса маңызды сирек кездесетін 34 материалдың 19 түрін өндіреміз. Осыған орай Минералдық ресурстар жөніндегі неміс агенттігі (DERA) мен қазақ серіктестері маңызды шикізат саудасы бойынша консорциум құрып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Техникалық қате
Тоқаевтың Еуроодақ аса маңызды деп тапқан сирек кездесетін 34 материалдың Қазақстанда 19 түрі өндірілетіне қатысты дерек ескірген. Еуроодақтың 2020 жыл бойынша бекіткен маңызды шикізаттар тізіміндегі 30 материалдың 19-ы Қазақстанда өндірілгені рас. Кейіннен жаңартылған маңызды шикізаттар тізімінен бірқатар материалдар алынып жаңа 6 шикізат қосылған.
2023 жылы бекітілген Еуроодақтың аса маңызды деп саналатын сирек кездесетін 34 материалдың 23-і Қазақстанда өндіріледі.
2023 жылы Германия Қазақстаннан экспорттайтын никельдің ең ірі алушысы болды: никельдің 95%-і Германияға жіберілді. Сонымен қатар, ЕО елдеріне фосфордың 65%-і және титанның 36%-і Қазақстаннан жеткізіледі.
Контекст
2021 жылы жарияланған есепке сай, Қазақстанда 2020 жылы бекітілген сирек (Critical raw materials) деп саналатын 30 материалдың 29-ы кездеседі. Қазақстанда 29 материалдың 17 түрі қазылып алынса, 21-і өндіріледі. Өнімдерінің негізгі бөлігі экспортталады. Сирек кездесетін материалдың бесеуі Қазақстанда (кокстелетін көмір, фосфатты тау жынысы, фосфор, боксит, титаний) үлкен көлемде өндіреледі.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.