Жақында мемлекеттік сатыпалым порталында Factcheck.kz редакциясы Атырау облысының полиция департаменті ғимаратында орналасқан музейді жаңғыртуға қатысты қызық тендерге тап болды. Алайда бұл қарапайым жөндеу емес, толықтырылған шындық элементтері бар виртуалды музей жобасы туралы екен.
Интерактивті музейде не болады және оның құны қанша екенін айтайық.
Цифрлы музей
10 маусымда Атырау облысының полиция департаменті «Seedstars Kazakhstan» ЖШС-мен музейді безендіру және тақырып бойынша экспозиция жасау қызметін сатып алу туралы келісім-шарт жасасты. Келісім-шарттың жалпы құны – 33 млн теңге.
Техникалық сипаттамаларға сәйкес, жоба Атырау облысы полициясының тарихын ашатын цифрлы технология қолданылған жаңа музей кешенін салуды көздейді. Кешен бір залдан тұрады, онда стеллаж, сөре, ақпараттық стенд, әртүрлі кезеңдегі мундир киген манекендер қойылған экспозиция және департаменттің бұрынғы ғимаратының қайта жасалған макеті болады.
Бұдан бөлек, музейге толықтырылған шындық стендтерін орнатып, виртуалды экскурсия өткізу үшін арнайы бағдарлама әзірлеу жоспарланған. Жоба тапсырыс берушінің сұранысына сәйкес, 360 градус форматындағы виртуалды 3D-турды қамтиды. Барлық бейне заманауи 3D-графика бағдарламаларында фотореалистік сапада жасалуы тиіс.
Сонымен қатар, жеткізуші 20-дан кем емес объектіні фото және видео форматта түсіріп, оларды толықтырылған шындық үшін жарқын және интерактивті көріністер жасауға арналған виртуалды 3D модельде жасап шығуы керек. Олардың арасында квадрокоптермен түсірілген бейне роликтер де болуы керек. Виртуалды экскурсия кезінде кез келген объект таңдалған жағдайда, сол мезетте «жоғарыдан түсірілген» бейнеролик қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде мәтіндік және интерактивті дыбыстық сүйемелдеумен қатар қосылуы қажет.
Жалпы, виртуалды тур пайдаланушыларға музейдің кем дегенде 10 түрлі бұрышын және 20 шолуын ұсынуы тиіс. Бұған қосымша, бағдарламаға фотогалерея, бейне анимация, ғимарат сызбасы және геолокация интеграцияланады. Сондай-ақ, виртуалды көрме контентін кез келген браузер арқылы, оның ішінде мобильді Chrome-да көруге болады.
Жобаны жүзеге асыру үшін полиция департаменті инфрақызыл сенсорлы экраны бар диагоналі 55 дюймдік екі интерактивті ақпараттық терминал және диагоналі 50 дюйм болатын екі ақпараттық панель жиынтығын сатып алған.
Ит, мотоцикл және президент
Бұл тек басы ғана, Атырау облысының полиция департаменті музей дизайнын түбегейлі өзгертіп, жаңа экспонаттар сатып алуды да шешкен.
Мәселен, 20 ақпараттық стенд, департамент тарихына арналған қосымша бір стенд, милицияның туына арналған жарықтандырылған шыны сөре, тағы 20 жарықтандырылған шыны сөре, төрт текше пішінді сөре, екі колоннаның ортасына орналастырылатын марапат пен кубокқа арналған стеллаж, облыс пен қаланың картасы, полиция бекеттері бар коллаж, жүзден астам шам және колоннаны безендіруге арналған ою-өрнекке тапсырыс берілген.
Сонымен қатар, милиция мен полиция қызметкерлерінің әртүрлі кезеңде киген формасын көрсету үшін бес манекен, басшылық құрамға арналған милиция формасын киетін тағы төрт манекен сатып алынған. Бұл манекендер арнайы сөрелерде тұрады. Музейде сондай-ақ «полиция қызметкерлерінің күнделікті өмірі мен қызметінен фотоколлаж» жасалып, департамент қызметкерлерінің әрқайсысына аты-жөні алтын түсті әріппен жазылған 41 портрет ілінеді.
Жоғары басшылық туралы да ұмытпаған. Музей қонақтары ішкі істер министріне (қандай министр екені нақтыланбаған) және Қазақстан президентіне арналған стендтерді көре алады. Бұдан бөлек, ескі қосалқы орындығы бар мотоциклді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, экспонат ретінде қойылады. Мотоциклге арнайы тұғыр жасалып, таңқаларлығы – «овчарка» тұқымды иттің тұлыбы да экспонат ретінде қойылады.
Министр, Тоқаев және мотоцикл стендтері «болаттан жасалған қоршау тұғырмен» қоршалады. Қонақтардың жайлылығы үшін полиция 114 шаршы метр «Кремль үлгісіндегі» кілемді де сатып алған. Музейдің кіреберісіндегі жазба дизайны тапсырыс берушімен жеке келісіледі.
Шығын ақтала ма?
Полиция департаменті мемлекеттік сатыпалым талаптары бойынша екі жеткізушімен келіспей қалған.
Барлық жұмысты 20 күн ішінде аяқтау талабына байланысты “HEPTAGON” ЖШС өкілі «жеткізушінің кітапханадан, қордан және архивтен өз бетімен ақпарат жинау» пункті дұрыс емес екенін айтқан. Себебі материалдарды жинауға кемінде 30 күн қажет, сонымен қатар ғалымдар, тарихшылар, музей мамандары және тіпті кәсіби бағдарламашыларды тарту қажет болады. Осыған байланысты жеткізуші бұл пунктті тендерден алып тастауды сұраған, бірақ полиция бас тартқан.
Екінші жеткізуші жеткізу мерзімін 60 күнге дейін ұзартуды сұраған, бірақ департамент оған да келіспеген.
Қазір жаңа музей туралы ақпарат табу мүмкін болмады, бірақ жоба осы уақытқа дейін дайын болуы керек еді.
Атырау облысы полиция департаментінің бұрын да өзінің музейі болған. Бұл туралы олар биыл мамыр айында Instagram парақшасында хабарлаған. Ол жерде мектеп оқушылары мен студенттерге экскурсия ұйымдастырылған. Мемлекеттік бюджеттен «интерактивті 3D музей» жасау үшін осындай ауқымды шығынның қаншалықты қажет болғаны белгісіз.
Бізге басқа полиция департаменттерінде осындай онлайн-экскурсия ұйымдастырылды ма деген сұрақ қызық болды. Павлодар облысы полиция департаментінің музейінде осындай жоба бар екені анықталды. Polisia.kz сайтының мәліметінше, бұл – «бірегей экспонаттар, құжаттар мен фотосуреттер арқылы өткенге қызықты саяхат ұсынатын инновациялық жоба».
Шын мәнінде, онлайн-экскурсия сайтына кірген кезде бізге сапасы нашар, 360 градусқа шолу жасайтын музейдің фотосуретін көрдік. Оның үстіне қолданысқа ыңғайсыз әрі интерактив элементтер аз.
Сайтта ұсынылған экспонаттардың барлығымен өзара әрекеттесу мүмкін емес екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, кейбір интерактив экспонаттардың, әсіресе манекендердің, сипаттамасы немесе атауы жоқ. Бірақ бұл экскурсия туралы мақалада 3D модельдер немесе толықтырылған шындық элементтері бар көрме туралы ештеңе айтылмаған.