Factcheck.kz редакциясы қазақстандық мемлекеттік органдардың БАҚ арқылы өзін-өзі жарнамалауға жұмсайтын шығыны туралы бірнеше рет жазған-ды. Бұл тендерлердің әрқайсысы ең қомақты мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың бір бөлігі, ол биліктің пікірінше, ішкі саяси тұрақтылықтың дамуына ықпал етуге тиіс.
Бұл жолы біз Алматы әкімдігіне қарасты басқарманың «Алматы қаласын дамыту орталығы» деп аталатын өте қызықты тендеріне тап болдық. Ұйым Қазақстанның барлық ірі басылымынан имидждік материалдарға бірден тапсырыс беруге шешім қабылдады.
«Алматы қаласын дамыту орталығы» деген не?
Ұйымның ресми сайтында «Алматы қаласын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы 2008 жылы қала әкімдігінің қаулысы негізінде құрылғаны, серіктестіктің жарғылық капиталының 100%-і мемлекетке тиесілі екені айтылған.
Компания өз миссиясын әкімдік пен тұрғындарға, азаматтардың өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыруға бағытталған кәсіби қызметтердің кең спектрін ұсыну арқылы «Алматы қаласының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу» деп атайды.
Орталық қаланың тыныс-тіршілігі туралы мәліметтерді жинақтап, талдайды, жергілікті атқарушы органдар мен халық арасында делдал қызметін атқарады, сонымен қатар әртүрлі бизнес-жоспарлар мен даму стратегияларына экономикалық сараптама жүргізеді.
90 млн теңгеге 95 материал
20 тамызда Алматыны дамыту орталығы «Тиімді шешімдер орталығы» ЖШС-мен маркетиңдік науқан өткізу бойынша қызметтерді сатып алу туралы келісім-шартқа отырды. Келісімшарт сомасы тура 90 миллион теңгені құрады. Тендер ашық конкурс арқылы өткізіліп, жыл соңына дейін ашық болады. Жазбаны жазу кезінде жеткізушіге жалпы соманың 9 545 000 теңгесі төленген.
Тендер сипаттамасынан мемлекеттік сатыпалымның негізгі мақсаты 24 ақпараттық порталдар мен телеарналарда Алматы қаласын дамыту орталығының қызметі мен жобалары туралы 95 ақпараттық-түсіндіру материалын дайындау. Бір қызығы, барлық мәтіндер мен бейнематериалдар «PR», «R», «Жарнама» белгілерінсіз және жарияланымдардың жарнамалық сипатын көрсететін басқа да белгілерсіз жариялануға тиіс. Барлық материал қазақ және орыс тілдерінде дайындалады.
Электронды жазбаларға сәйкес, жеткізуші 12 қыркүйекте БАҚ арқылы жарнамалық мақалаларды тарата бастаған, бірақ қандай басылымдар екені көрсетілмеген. Бұл деректерді техникалық сипаттамадан табуға болады.
Жеткізуші қазақстандық бес телеарнамен: Хабар 24, Atameken Business Channel, КТК, Еуразия бірінші арнасы және Qazaqstan TV арнасымен келісім жасасқаны нақтыланды. Жарнамалық материалдарды таратқаны үшін бұл БАҚ-тарға 21 473 000 теңге төленеді. Ең көп келісім-шарт Qazaqstan TV арнасына тиесілі. Оларға үш имидждік сюжет үшін 5,7 миллион теңге төленген. Одан кейінгі орында 5,2 миллион теңгеге төрт сюжетке «Хабар 24», үшінші орында 4,1 миллион теңгеге екі сюжетпен «КТК» тұр.
Онлайн-басылымдардың тізіміне еліміздің Tengrinews.kz, Zakon.kz, Nur.kz, Informburo.kz, Kapital.kz, Orda.kz, Kazinform сынды т.б. ірі порталдарының барлығы дерлік кіреді. Олар 19 ақпараттық басылымдағы жарнамаға барлығы 68 527 000 теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Мақаланың көлемі екі мыңнан жеті мың таңбаға дейін деп көрсетілген.
Ең ірі келісім-шарттар Finprom.kz және Ranking.kz порталдарына түсті. Бұл порталдардың әрқайсысы 10 тақырыптық талдау жариялауы керек, ал басылымдар атқарылған жұмысы үшін 11 миллион теңге алады. Energyprom.kz сайты төлем көлемі бойынша екінші орында. Авторлар 7 937 370 теңгеге тоғыз аналитикалық материал шығаруы керек. Ал үшінші орында 5 250 000 теңгеге 2,5 мың таңбаға дейінгі алты жарнамалық материал жазуы тиіс Tengrinews.kz сайты.
«Алматыны дамту орталығы» қазақстандық БАҚ арқылы өзін-өзі жарнамалау үшін мемлекеттік сатыпалымда бірінші рет байқау өткізіп отырған жоқ. Өткен жылы ұйым дәл осы жеткізушімен, бірақ 78 967 640 теңгеге шарт жасасқан.
Бұл ретте мемлекеттік органның жұмысы туралы имидждік материалдар 24 ақпараттық портал мен телеарнада да таратылды. 2023 жылы жеткізуші 91 жарнамалық материалды шығаруға міндетті болды. Атқарылған жұмыс үшін бес телеарнаға 23 100 000 теңге, 19 онлайн-басылымға 55 867 640 теңге төленді. Даму орталығы осыған ұқсас басқа шарт жасасқан жоқ.
60 млрд теңге тұратын ақпараттық тапсырыс
Бұқаралық ақпарат құралдарында өзін-өзі көрсету үшін мемлекеттік сатыпалым ең ақылға қонымсыз және даулылардың бірі болып саналады. Алайда, бұл тендер мемлекеттің мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды өңдеуге қанша ақша жұмсайтынымен салыстырғанда, бір тамшы ғана.
2024 жылы мәдениет және ақпарат министрлігі жарнама үшін 62,8 млрд теңге бөлді. Оның басым бөлігі, атап айтқанда, 60,5 млрд теңгесі БАҚ-қа мемлекеттік тапсырысқа түседі. Бұл ақшаға Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде газетте, интернет-ресурстарда және теледидарлық БАҚ-та мақалалар мен материалдар жариялау қажет. Барлығы 255 мың баспа өнімі, интернет-ресурстарда 351 мың мәтін және телеарналарда 240 мың сюжет жарияланады.
Мәдениет министрлігі мемлекеттен түсетін ақпараттық тапсырыстар ішкі саяси тұрақтылықты нығайтып, отандық ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен отандық өнімнің сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс деп санайды. Шынтуайтында, бұл материалдардың көпшілігі қазақстандықтар алдында мемлекеттік органдардың мәртебесін арттыруға бағытталған имидждік жарияланымдарға ұқсайды.
Бір қызығы, кейінгі кездері Алматы әкімдігі үлкен пиар-науқандар жүргізіп үлгерді. Мәселен, биыл жергілікті шенеуніктерге тек туризмді дамытуға 2,3 миллиард теңге бөлінді. Ақшаның бір бөлігі жарнамаға, маркетиңге және блогерлерге арналған пресс-турға жұмсалды. Осындай тендерлердің бірі сәуір айында өтті. Мемлекеттік орган бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға ақпараттық материалдарды дайындау бойынша қызметтерді сатып алу туралы хабарландыру орналастырып, оған 176 854 460 теңге бөлінді. Жарнамалық басылымдар қазақ ақпараттық ресурстарында орналастырылуы тиіс болатын.