Жапониядағы фактчек

Жапонияда жуырда өткен парламент сайлауы кезінде басқа елдердегідей айтарлықтай ақпараттық соғыс бола қойған жоқ. Дегенмен, сайлауалды науқан кезінде жергілікті медиа ақпаратты тексерудің жаңа формасы мен әдісі туралы да сөз еткенін хабарлайды Nieman Lab.

«Бізде АҚШ-тағыдай шындыққа жанаспайтын ақпараттар лек-легімен тараған жоқ, – дейді Хосэй университетінің доценті және JCEJ (Жапония журналистеріне арналған білім беру орталығы) негізін салушы Хироюки Фуджиширо. – Көбінесе бір-біріне ұқсас фейктерден тұратын, бір айтқанын бірнеше қайталайтын ұсақ топтарды бақылаймыз. Біздің міндетіміз – осы шағын топтардың бір-бірімен байланысын тауып, ықпал ету схемасын анықтау».

Мұнымен кім айналысады?

FactCheck Initiative Japan

Жапония парламентіне барудан үміттілер жарқын өмір туралы уәде беріп жатқан сәтте FactCheck Initiative Japan (қысқарған атауы – FIJ) жергілікті фактчек желісі сайлау алдындағы ақпаратқа мониторинг жүргізді. Мониторинг саясаткерлердің мәлімдемесін, әлеуметтік желідегі фейктер мен түрлі қауесетті талдаудан тұрды. Ол кезде FactCheck Initiative Japan құрылғанына төрт ай болған және оның құрамына журналистер, ғалымдар, үкіметтік емес ұйым мүшелері кірген. BuzzFeed Japan және GoHoo медиабірлестіктермен ынтымақтастық та орнатып үлгерген.

Жапониядағы фактчек
Дереккөз: FactCheck Intiative Japan

FIJ желісінің стандарттары құрамына кіретін медиадағы редакторлық саясатқа қарсы шықпайды. Мұны GoHoo негізін қалаушы Хитофуми Янай да растайды: «FIJ мүшелері бір-бірімен ақпарат алмаса алады, дегенмен көп жағдайда тақырып таңдаған уақытта және оларды жариялаған кезде бір-біріне тәуелсіз жұмыс істейді. Бірақ, барлығы ұстанатын ортақ принциптер мен стандарттар бар». Бұдан бөлек тәуелсіз эксперттерден тұратын жеке комитет бар, ол FIJ мүшелерінің материалдарына баға береді. FIJ сайтында тек комитет мақұлдаған және желінің стандарттарына сай келетін материалдар ғана бар.

JCEJ

Осыған ұқсас жоба JCEJ ұйымында да бар, ол әлеуметтік желідегі фейк жаңалықтардың дебанкингіне негізделген. Оған 19 бұқаралық ақпарат құралында істейтін журналистер қатысқан. Жоба серіктестері арасында француздың CrossCheck фактчек ресурсы да болған. JCEJ мүшесі Кайо Мимизука жобаға First Draft News тәсілі бағдар болғанын айтады, олар аударманың ақшасын краудфандинг арқылы жинаған екен. Мимизука былай дейді: Әзірге жалған ақпараттың қалай пайда болатынын және тарайтынын толық түсіне бермейміз. Сайлауалды науқан кезіндегі фактчекинг сынақ болды».

JCEJ мүшелері арасында күн сайын бюллетень таратады, ол Twitter желісін пайдалана отырып, сайлаумен байланысты қауесет пен әлеуметтік желідегі күдікті ақпараттардың жинағынан тұрады. Олар фактчекке араласатын журналистердің толық тізімін жария етпейді, себебі олардың көпшілігінің өздері қызмет ететін ұйым тарапынан рұқсаты жоқ. JCEJ сайтында басқа жолдармен қатар, ең аз дегенде үш тәуелсіз журналист тексерген материалдар ғана жарияланады.

News no Tane және басқалар

News no Tane (жапон тілінен аударғанда «Жаңалықтың қайнары») коммерциялық емес жаңалықтар сайты да FIJ желісіне кіреді және негізінен саясаткерлердің сөзіне назар аударады, бұлардың жұмыс тәсілі сәл бөлекше. News no Tane ұйымында фактчекингпен екі журналист және журналистік тәжірибесі жоқ 9 адам айналысады. Олардың арасында үй шаруасындағы әйел, кітап редакторы және университет профессоры бар.

«Олар еріктілер емес, барлығы жалақы алады», – дейді сайттың бас редакторы Йоичиро Татейва. Татейва Панама ісі бойынша зерттеу жүргізген және NHK радиосында қызмет еткен. Ал мұндай іспен айналысуға Еуропадағы жобалар ықпал етіпті. «Біздің әр қызметкеріміз жұмысына жауапкершілікпен қарайды», – дейді ол. Солардың бірі Йошико Накагава Yahoo Japan желісінде тәжірибесімен бөліскен екен. Накагава тұтыну салығы туралы деректер мен мәліметтерді жинап, құжаттарды оқып, қорытындыны растау үшін экономистен сұхбат алған. Ал News no Tane басқа қызметкерлері мақаланы жарияламас бұрын елдің Қаржы министрлігі мен Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігіндегі деректер арқылы тексерген.

Жапониядағы фактчек
Дереккөз: Wikipedia

News no Tane фактчек-рейтингке кейіпкер таңдау кезінде Washington Post басылымынан үлгі алған. Ол кейіпкер – Энма Дайо немесе Ұлы әмірші Яма, Шығыс Азия мифологиясындағы құдай. Энма Дайо тозақта өлілерді жазаға тартып, өтірікшілердің тілін кеседі.

Фактчекинг төңірегіндегі дау-дамайдың ықпалымен елдегі ең ірі газеттердің бірі «Асахи Шимбун» (екінші орында тұрған газет) тұрақты түрде фактчек бойынша материалдар жариялап, «фактчек» сөзін тақырыпқа шығарып, рейтингтің әдістемесімен де бөлісе бастаған.

Жапониядағы фактчектің қиындықтары мен түйткілдері

JCEJ жобасы негізінен әлеуметтік желілермен жұмыс істейді, дегенмен фейктер басқа жақтан да бастау алуы мүмкін. Өйткені, жапондар онлайнда жаңалықтармен бөлісе бермейді: Reuters Institute 2017 жылғы зерттеуіне қарағанда, цифрлы медиа әлеуметтік желіден жазба іздеу бойынша ең соңғы орында екен. Жапонияда YouTube, Line, Twitter, Facebook желілері танымал, бірақ бұл платформаларды пайдаланатындар басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда аз.

Соған қарамастан, Жапонияда да жалған ақпарат бар. FIJ пен JCEJ әлеуметтік медиадан толып жатқан қауесет пен гиперпартизандық контент тапқан. Алайда, ең көп тараған фейктердің өзі де жапондарға ешқандай әсер етпейді, тіпті, 100 миллионнан астам сайлау құқығы бар адам болса да.

FIJ серіктесі BuzzFeed Japan премьер-министрдің сайлауды БҰҰ тарапынан бақылаушыларды қабылдаудан бас тартқаны туралы фейкіне дебанкинг жасаған екен. Buzzsumo дерегі бойынша, бұл жазбаның алғашқы нұсқасына Фейсбукте 4900 адам назар аударған, ал Twitter желісінде 2300 рет репост жасалған. Ал осы фейкке жасалған фактчек Twitter желісінде 3900 рет ізделген.

Тағы бір мысал ретінде Жапония демократиялық партиясының бас хатшысы қызметін атқарған саясаткер Кийоми Цужимотоға қатысты жаңалықты айтуға болады. TBS мейнстрим арнасы Цужимотоның «Үміт» консервативті партиясының қатарына ресми қабылданғаны туралы туит 2,2 миллион рет көрілгенін айтқан болатын. Ал шын мәнінде одан әлдеқайда аз болып шықты, дәлірек айтсақ – 230. Фактчек материал жарық көргеннен кейін TBS қатесін түзеп, кешірім сұрады.

Жапондар негізінен бұқаралық ақпарат құралдарына сенім артады, әсіресе, аға буын. Мұны Сыртқы істер және коммуникация министрлігі мен Жапония журналистік зерттеу институты жүргізген сауалнамадан да көруге болады. Мұны фактчек үшін ең қолайлы сәт деп қабылдауға да болар еді. Алайда, «Асахи Шимбун» газеті фактчек жаңалығы арқылы қалыптасқан аудиториясын кеңейтті ме, жоқ па, беймәлім. Өйткені, бұл газет те, оның аудиториясы да «солшылдарға» жатады.

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz