Twitter Clubhouse-ты 4 миллиард долларға сатып алу туралы келіссөз жүргізді

Twitter бірнеше айдан бері Clubhouse-ты сатып алу туралы келіссөздер жүргізді. Алайда қазір бұл мәселені талқылау тоқтады. Бұл туралы Bloomberg сайты дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Bloomberg сайтының хабарлауынша, компаниялар Clubhouse-ты 4 млрд долларға бағалаған. Әзірше, неліктен келіссөздің тоқтағаны белгісіз. Ал Twitter өкілі бұл туралы түсініктеме беруден бас тартты, Clubhouse өкілдері Bloomberg сауалына жауап бермеген.

2020 жылдың сәуірінде Пол Дэвисон мен Рохан Сет Clubhouse қосымшасын іске қосты. Қосымшаға шақыру жіберілсе ғана қолдануға болады. Әзірге тек iOS қолданушыларына ғана қол жетімді.

Компанияның хабарлауынша, қосымшаның Android нұсқасын әзірленіп жатыр. Биыл қаңтар айының соңында инвесторлар әлеуметтік желіні 1 миллиард долларға бағалаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz