OCCRP: Тоқаев телефоны тыңдалуы мүмкін деген адамдар тізімінде бар

20 шілдеде ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) Pegasus тыңшылық тізімінде болған қазақстандықтардың жаңа бөлігін жариялады. Тізімде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бар.

Бастапқыда тізімде екі журналист және үш белсендінің аты-жөні белгілі болды. Оның ішінде екі шетелдік бар. Зерттеу орталығының дерегінше, “қазақстандық тізімде” екі мыңға жуық нөмір бар.

Сонымен қатар, Тоқаевты президент болған кезде емес Қазақстанның Сенат спикері болған сәтте (2013 жылы қазаннан 2019 жылғы наурызға дейін) тыңдаған. Ал Маминнің вице-премьер болған кезде бақылауда болғаны жазылған.

“Бұл тізімге кіргендердің телефонына бұзып кірді деп нақты айта алмаймыз. Алайда олар NSO Group-тың (Pegasus тыңшы бағдарламасын әзірлеуші) клиенті болуы әбден ықтимал Қазақстан үкіметі қызығушылық танытқан болуы мүмкін деп болжай аламыз” делінген орталық жариялаған есепте.

OCCRP дерегінше, оннан аса елде шамамен 200-ге жуық журналист пен белсендіні аңдыған. Pegasus қызметін, Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Венгрия, Мексика, Бахрейн, Үндістан, Индонезия Марокко, Руанда, Того, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметі пайдаланған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz