Грузия премьер-министрі оппозиция жетекшісінің қамауға алынуына байланысты отставкаға кетті

Грузия премьер-министрі Георгий Гахария отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұған оппозициялық “Бірыңғай ұлттық қозғалыс” партиясының штаб-пәтерінде күш құрылымдары жүргізетін операция жайлы мәселе бойынша биліктегі “Грузин арманы” партиясымен келісе алмауы себеп болған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Ішкі істер министерлігі ол операцияны Тбилиси қаласының сотының шешімі бойынша оппозициялық партияның лидері Никанор Мелияны тұтқындау мақсатында дайындаған еді. Мелия билікті күшпен басып алуға әрекет жасау және 2019 жылы 21 маусымға қараған түні полицияға қарсы топтасып күш қолдануға талпыну ісі бойынша 70 мың лари (21 мың доллар) кепіл ақшаны төлеуден екі мәрте бас тартқан соң сот әлгіндей шешім шығарған.

Георгий Гахария сот шешімімен келісетінін, бірақ елдегі оппозиция лидерлерінің түгелге дерлігі күш құрылымдары арнайы жасағына қарсы тұру үшін жиналған “Бірыңғай ұлттық қозғалыс” партиясының Тбилисидегі штаб-пәтерінде ауқымды операция жүргізілген жағдайда оның салдары үшін жауапкершілік алғысы келмейтінін айтқан.

“Мен тіпті әділет органның нақты адамға қатысты заңды шешімі бойынша қабылданған шара азаматтарымыздың денсаулығына, өміріне қауіп төндірсе, я тұтас алғанда елімізде саяси шиеленіске алып келсе, оған жол беруге болмайды деген ұстанымнан айнымаймын” деген Гахарияның сөзін келтіреді “Эхо Кавказа” сайты.

Грузия Конституциясы бойынша, премьер-министр қызметінен бас тартқан жағдайда үкімет құрамы толығымен оставкаға кеткен болып саналады. Мұндай жағдайда ел президенті саяси партиялармен жаңа үкімет құру жайлы кеңесуді бастауы немесе кезектен тыс сайлау тағайындауы тиіс.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz