Билік Алматыдағы бар маңында бір топ адамның ұсталғанына қатысты пікір білдірді

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиялық департаменті (CЭД) мен мониторинг топтың өкілдеріі 19 наурыз кешкісін қаладағы William Lawson’s 13 барына келгендердің ұсталғанына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Билік Алматыдағы бар маңында бір топ адамның ұсталғанына қатысты пікір білдірді
Алматыдағы бар маңында ұсталғандар полиция департаментінің ауласында тұр. 19 наурыз, 2021 жыл.

Ешкімді әкеткен жоқпыз. [Мониторинг топтың құрамында] үш-ақ адам болды. Келгендерді [ғимарат ішінен] шығарған жоқпыз. Бар жұмысшыларынан келгендерді шығарып, ғимаратты жабуды сұрад. Адамдарды қалай полиция басқармасына апарамыз? Бұл сұрақ бізге қойылмауы тиіс. Мониторинг топ ешкімді ешқайда апармайды, – деді Алматыдағы коронавирусты таратпау үшін құрылған мониторинг топтың координаторы Рауан Есіркенов.

Ал СЭД Азаттыққа барға келгендердің полиция бөлімшесіне жеткізілгенін растады.

Алматыда ғана емес, астанада, Атырауда және басқа қалаларда да ғимаратта маска тақпағаны үшін келушілерді полиция бөлімшесінде жеткізіп жүр. Ол жерде полиция рапорт жазып, СЭС мамандары видеожазбаны тексеріп, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Бұрыннан солай жасаймыз. Қазір [карантин шарасын] бұзу көбейді, сондықтан тексеріс те күшейді, – деді Алматы қалалық СЭД басшысының орынбасары Садуақас Байғұлов.

Байғұловтың сөзінше, 1 қаңтардан 20 наурызға дейін ғимаратта маска тақпағаны үшін 934 адамға айыппұл салынған.

Ол Азаттықтың “маска тақпағандарды полицияға жеткізбей-ақ сол жерде айыппұл салуға болмады ма?” деген сауалына “СЭС мамандары мониторинг тобына кірмейді” деп жауап берді.

Егер СЭС мамандары ғимаратқа кірсе, заң бұзған болып есептеледі. Тексеріс жүргізді деп оларды жауапқа тартып, тіпті оларды және басшыларын қызметтен шығарып жіберуі мүмкін. Себебі қазір тексеріске мораторий жарияланған, сондықтан олар полиция бөлімшесіне жеткізілді, – деді Байғұлов.

Алматыдағы барда не болып еді?

Саясаттанушы әрі “Oyan, Qazaqstan!” оппозициялық қозғалысының мүшесі Димаш Әлжанов 19 наурызда кешкі ондар шамасында Алматыдағы William Lawson’s 13 барының жанында 20-дан аса адамды полиция ұстағанын хабарлаған. Оның сөзінше, полицейлер не үшін ұстағанын түсіндірмеген.

“Нұр Отан” партиясының [логосы жазылған] кеудешесі бар бір адам бастаған топ келіп, барға кіріп кетті. Біз далада тұрғанбыз. Олар адамдарды іріктеп ұстап, автозакқа күштеп сала бастады. “Не істеп жатсыздар?” деп сұраған едік, көлікке бізді де салып алды. Себебін түсіндірген жоқ. Кейбіреулердің телефонын алып қойды. Мені көшеде ұстады. Не үшін екенін түсінбедім. Маска киіп тұрғанмын. Карантин [ережелерін бұзды] деген шығар, бірақ бәрібір ұстауға қақылары жоқ, – деді Әлжанов.

Кейін Әлжанов ұсталғандардың босатылғанын хабарлады. Бардың маңында ұсталған адамдардың ешқайсына айыппұл салынбаған, себебі олар “маска таққан” әрі “видеоға түспеген”.

– Егер адамды ұстап, полиция басқармасына апарса, хаттама толтыру керек. Маған хаттама толтырмады. Мониторинг топқа тек бір партия [“Нұр-Отанның”] өкілі кіргеніне де сұрақ көп. Басқа партиялар мен құқық қорғаушылар бұл топ та бар ма? Бұл жерде алалау жоқ па? – дейді ол.

Мониторинг топтың жетекшісі Рауан Есіркенов рейдтерге билік партиясының кіруі мен рөліне қатысты сұрақты жауапсыз қалдырды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz