Балқан түбегіндегі фактчек

Босния мен Герцеговинадағы фейк жаңалықтар санының артуына орай 2017 жылдың желтоқсан айында елде Raskrinkavanje деп аталатын фактчек сайты ашылды, бұл жөнінде Poynter хабарлады. Сайт рас-өтірікті анықтаумен айналысатын Istinomjer жобасынан бастау алады, 2010 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан бұл сайт – Zasto Ne үкіметтік емес ұйымының өнімі. Raskrinkavanje мейнстрим сайттарда жарық көрген жайттарды ғана емес, ойдан құрастырылған жалған ақпараттарды да тексермек.

Istinomjer жобасының үйлестіруші-зерттеушісі Тиана Цветичанин жалған ақпарат көбіне-көп саясаткерлер жақтан емес, медиа тарапынан тарайтынын айтады. “Оның себебін АҚШ-тағы президенттік сайлаудан кейін қалыптасып қалған көңіл күйден іздеуге де болады. Оның үстіне, “фейк жаңалықтар” деген термин бүкіл әлемде кеңінен тарап кетті”, – дейді ол.

Жарияланып үлгерген фактчектер қатарында басқа діни ағымға өткені үшін ақша алды делінген мұсылмандар туралы және 12 жастағы баласын емізіп жүрген әйел туралы оқиғаларды айтуға болады. Цветичанин мұндай әңгімелер саяси жағдайға ықпал етуді көздейтінін айтады. “Не нәрседе де саясаттың белгісі бар екенін көріп отырмыз. Өтірікке құрылған, науқанға орайластырылған жалған әңгіме мен қауесетті тарататын сайттар да белгілі. Жалған ғылым мен конспирология теориясы деген нарық күннен-күнге қанат жайып келеді”, – дейді ол.

Балқан түбегіндегі фактчек
Дереккөз: raskrinkavanje.ba

Mediacentar Sarajevo медиа ұйымының бас редакторы Эльвира Юкич мұның соңы жақсылыққа апармайтынын айтады: “Шын болсын, өтірік болсын, селебритистің өлімі туралы ақпарат оқырманға әрқандай әсер етуі мүмкін. Бірақ оған байланыста қандай да бір маңызды шешім қабылдамайтыны анық. Ал енді адамның денсаулығына қатысы бар фейк жаңалық олардың өміріне айтарлықтай өзгеріс алып келуі мүмкін. Мысалы, біреулер баласына екпе жасатудан бас тартуы мүмкін немесе қатерлі ауруды жұқтырып алу сынды тәуекелге баруы мүмкін”.

Міне, сондықтан да Босния мен Герцеговинада фактчекингке деген қажеттілік зор болып отыр. Алайда, Цветичаниннің айтуынша, жергілікті халық фейк жаңалықтарға жиі кез болатынына қарамастан, Боснияның жағдайы өзгеше. Цветичанин жалған ақпараттың негізгі ошағы Сербия мен Хорватия екенін айтады. Бұл елдердің тілі ұқсас болғандықтан, аудару оңай (тілдің ұқсастығын фактчекерлер де пайдаланған).  

Жалған ақпаратты тек кликбейт сайттар ғана жаряламайды. Цветичанин мен Юкич кейде беделді сайттардың да фейк жаңалық тарататынын айтады, олардікі көп жағдайда саяси мақсатпен байланысты.

“Балқанның ақпарат құралдарында кездесетін фейк жаңалықтардың ішінде мұндайлардың үлесі аз десек те, бұл өте қауіпті. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби деңгейінің төмендеуімен және сөз бостандығының жеткіліксіз болуымен тікелей байланысты”, – дейді Юкич.

Raskrinkavanje ресурсының штаты әзірге үлкен емес, дегенмен олар фейк контент тарататын сайттарды қадағалап, баспасөз туралы жағымсыз пікірмен күресті бастап та кетті. Заң бар екеніне қарамастан, Балқан елдерінде баспасөз бостандығы өте төмен деңгейде, жалған ақпарат таратушыларды табу да оңай емес.  

Цветичаниннің айтуынша, тағы бір мәселе босниялық жаңалықтар қызметінде істейтіндердің көбінің журналистика саласында жеткілікті тәжірибесінің болмауымен байланысты. Оның үстіне сапалы журналистік зерттеулерге жеткілікті қаржы бөлінбейді. Ал Raskrinkavanje жобасы үшін Ұлттық демократия қоры 29900 доллар көлемінде грант бөлсе, Босния мен Герцеговинадағы АҚШ елшілігі 20 мың доллар көлемінде қаражат берген.

Балқан түбегіндегі фактчек
Дереккөз: istinomjer.ba

Дегенмен, фактчекинг үшін ең түйткілді мәселе – толастамай отырған ұлттық толқулар. “Боснияда бұл мәселе өте қиын, өйткені бізде кемінде төрт қоғамдық орта бар, – дейді Цветичанин. – Олар тақырыпқа және оны қалай беруге міндетті түрде әсер етеді. Біз мұны кейбір мақалаларға жазылған комментарийлерден анық аңғарамыз”. Istinomjer Сараевода орналасқандықтан, елдің басқа жақтарында ресурсты босниялық деп біледі. Мәселен, Босния мен Герцеговинаның құрамына кіретін Серб Республикасы туралы жазса, комментаторлар олардың құзыреті туралы сұрақ қоя бастайды.

Бұл фактчекерлердің жұмысын қиындататын жағдай, себебі олар қоғамдағы топтардың арасындағы тепе-теңдікті сақтауы тиіс, өйткені олардың бірін азырақ, екіншісін көбірек жазса, бірден өз аттарына айыптау айтылатынын біледі.

Жалпы алғанда, Raskrinkavanje туралы көзқарас жаман емес. Юкичтің пікірінше, ұйым Босния мен Герцеговинадағы фактчек бойынша сұранысқа толық жауап береді, шын мәнінде оқылымды материалдар жариялайды. Цветичанин оқырманның қызығушылығы жоғары екенін айтады: “Алғашқы аптаның өзінде бізге 20-30 сұрақ келіп түсті. Бұл бізге жүктеліп отырған міндеттің ауыр екенін және бас көтермей жұмыс істеу керектігін білдіреді”.

 

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz