АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцина дайындаған ғалымның өлтірілгені рас па?

Әлеуметтік желі мен БАҚ-та коронавирусқа қарсы вакцина дайындаған ғалым АҚШ-та өлтірілді деген ақпарат тарала бастады. Оқырмандардың сұрауымен бұл ақпараттың рас-өтірігін бірге ажырайтайық.

Америкалық зерттеуші Бин Лю COVID-19-ға байланысты жаңалық ашуға жақын болған. Ол Пенсильваниядағы үйінде өзінің досының қолынан ажал құшты, – деп хабарлайды Америка басылымдарының бірі жергілікті полиция мен ғалым жұмыс істеген Питтсбург университетіне сілтеме жасап. Әріптестерінің айтуынша, вирустың табиғи құрамын анықтап, вакцина жасауға мүмкіндік беретін өте маңызды жаңалық ашуға жақын болған. Өткен демалыс күндері, профессорды өзінің үйінде бірнеше рет атып өлтірген. Оны өлтірген адам көп ұзамай өзінің көлігінде профессор пәтерінен бірнеше шақырым қашықта өлі күйінде табылды. Ол қытайлық Хао Гу екені анықталды. Полицияның болжауынша, Бин Люды өлтіргеннен кейін өзіне қол жұмсаған. Қылмыстың орнауына не себеп болғаны тергеушілер анықтамады.

Kazakh Inform

Бұл не үшін манипуляция және Биннің негізгі қызметі қандай?

Біріншіден, тақырыпта манипуляцияны байқайсыз. Бин Лю (толық аты Бинфень Лю) вирусолог емес. Ол SARS-Cov-2-ге қарсы вакцинамен жұмыс жасамаған. Бин Питсбург университетінің ресми мәліметінше, вирустың организмге әсерін зерттеген. Бин Лю аутоиммунды аурулар, Т-жасуша қызметі, әр түрлі ісіктер және қатерлі ісікке қарсы иммунотерапияны зерттегенін өзі жұмыс жасаған университет сайтында жазылған.

Бин Лю вакцинациядан гөрі вирустың қалай әсер ететінін, иммундық реакциясы мен асқынуларын емдеу мәселелерін зерттеген. Зерттеуші туралы университет тарапы былай мәлімдеме жасады.

Бин SARS-CoV-2 инфекциясының жасушалық механизмдерін түсіну үшін өте маңызды қорытынды жасауға жақын болды. Біз оның зерттеулерін құрметтей отырып, бастаған ісін соңына дейін жеткіземіз.

Университет тарапынан вакцина туралы ештеңе айтылмады.

Екіншіден, полиция Биннің өліміне Питтсбург университетіндегі жұмысының немесе денсаулық сақтау саласындағы дағдарыстың (Коронавирус пандемиясына) қатысы бар екеніне ешқандай дәлел таппады. Дегенмен, БАҚ-та және блогтарда осындай ой қалыптасуы мүмкін.

Полицияның ресми мәлімдемесінде не айтылды?

Расымен Бин Люді өзінің жақын танысы Хао Гю 2020 жылдың 2 мамырында өлтірді. 6 мамырда Росс полиция департаменті Биннің өліміне қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Полицияның хабарлауынша, Бин Лю мен Хао Гюдың өліміне екеуінің хабарламадағы түсініспеушілік себеп болған. Полиция Лю мен Гюдің қылмыс болған жерден табылған смартфондарын зерттей келе осындай қорытынды жасады. Мына сілтемеде Питтсбург полициясының өкілімен сұхбат көрсетілген.

Полиция қаза болған екі адамның АҚШ азаматы болмағандықтан Федералды тергеу бюросы қосымша тергеу жүргізетінін айтып, істің соларға жіберілгенін мәлімдеген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz