Жер сілкінісі кезінде тоңазытқыш маңы қауіпсіз орын екені рас па?

Мессенджер мен әлеуметтік желілерде Түркияда 2023 жылдың 6 ақпанында болған жойқын зілзаладан кейін көмек көрсетіп жатқан Қазақстанның ТЖ өкілдері айтты делінген ақпарат тарап жатыр. Онда жерасты дүмпуі кезінде аман қалу мүмкіндігі көп қауіпсіз орын – тоңазытқыштың маңы екені айтылған. Дәлел ретінде жер сілкінісінен бүлінбеген бірнеше тоңазытқыштың суреті берілген.

  • Жер сілкінісі кезінде тоңазытқыш маңы қауіпсіз орын екені рас па?
  • Жер сілкінісі кезінде тоңазытқыш маңы қауіпсіз орын екені рас па?
  • Жер сілкінісі кезінде тоңазытқыш маңы қауіпсіз орын екені рас па?

Төтенше жағдайлар кезінде мұндай кеңеске сенетін адамның өмірі байланысты екенін ескере отырып, Factcheck.kz редакциясы мәлімдеменің дұрыс-бұрыстығын тексеріп көрді.

Үкім: Жалған

Жер сілкінісі кезінде тоңазытқыштың жанына тығылу керегі туралы ұсыныс ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтында да (12), шетелдік органдардың сайтында да (12) жоқ. Керісінше тоңазытқыш немесе басқа да ауыр әрі нық бекітілмеген жиһаздың маңын қалқалау денсаулық үшін қауіпті болуы мүмкін. Мәселен, жер қатты тербелген кезде ауыр зат адамның үстіне құлап, басып қалуы ықтимал.

Оған қоса, тоңазытқыш дегеніміз – электроника. Егер адам құрылғыны желіден ажыратып үлгермесе, оны тоқ ұру қаупі жоғары. Себебі жер сілкінген кезде әдетте электр желілері істен шығып, қосымша қауіп төндіреді. Бұл газ желілеріне де қатысты. Сол себепті ТЖМ мүмкіндігінше газ бен су құбырын жауып, электрді өшіруге кеңес береді.

Тоңазытқыш бейнеленген суреттерге келсек, ол таңдамалы ойдың нәтижесі, яғни «аман қалған адамның қатесі» болуы мүмкін. Біз зілзала кезінде қанша тоңазытқыш қирап, қаншауы сақталғанын, ал нешесі адамдардың жарақат алуы мен өліміне себеп болғанын нақты білмейміз. Мәліметтердің аз екенін ескерсек, бүлінбеген тоңазытқыштардың суреті –  қатты зілзала кезінде маңына тығылатын ерекше қауіпсіз аймақ ретінде қарастыруға жеткіліксіз аргумент.

ҚР ТЖМ жер сілкінісі кезінде адамдардың мерт болуына әкелетін бірнеше себепті атап өтті, олар:

  • Ғимараттың жеке бөліктерінің қирауы;
  • Сынған әйнектің құлауы;
  • Үзілген электр желілері;
  • Пәтердегі ауыр заттардың құлауы;
  • Өрт;
  • Адамдардың қорқыныштан байбалам салуы.

Жер сілкінген кезде сіз ғимараттың ішінде болсаңыз не істеу керек?

АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) алғашқы тербеліс сезілген кезде тізе мен қолды төмен түсіруге кеңес береді. Бұл әрекет сізді құлап қалудан сақтап, жерде еңбектеп жүруіңізге мүмкіндік береді. Ары қарай, егер мүмкіндік болса, мойын мен басты, тіпті бүкіл денені берік үстелдің астына тығу керек. Бұл құлаған заттар мен сынықтардан қорғайды.

Егер жақын жерде үстел болмаса, үйдегі қабырғаны ұстап тұрған тірек жанында, әсіресе сіздің үстіңізге құлап кетпейтіндей төмен жиһаздың жанына тығылу керек. Сілкініс тоқтағанға дейін тығылған жеріңізден қозғалмаңыз. Бірақ, қалқалап отырған затыңызбен бірге жан-жаққа тербелуге дайын болыңыз. Бас пен мойынды қорғауды ұмытпаңыз.

Зілзала кезінде ешқайда қашудың қажеті жоқ. Орныңызда қалсаңыз аман қалу мүмкіндігі көбейеді. Бір қызығы CDC есіктің жақтауының астына тұруға тыйым салса, ҚР ТЖМ кеңес береді. Біздің пікірімізше, есіктің астында тұру тіреуіші бар қабырғаларға ғана қатысты. Оған қоса, есіктің асты жарақат алып қалудан, яғни құлайтын немесе ұшатын заттардан қорғамайды. Жер сілкіну кезінде алған жарақат пен өлімнің көбі заттардың құлауы немесе ұшуынан болған, мысалы: теледидар, шам, әйнек немесе кітап салынған шкаф.

Егер сіз ғимарат ішінде үйінді астында қалсаңыз сізді естуі үшін батареяларды ұрып көріңіз. Түркия құтқарушылары мүмкіндігінше қалта шам мен ысқырғыш алып алған абзал дейді. Ең бастысы – сабыр сақтаңыз. Үрей, байбалам салу – мұндай жағдайда адамдар өлімінің негізгі себептерінің бірі.

АҚШ-тың Төтенше жағдайлар кезіндегі басқармасы федералды агенттігі мүгедектігі бар адамдарға да кеңес береді. Мәселен, арбада отырғандарға дөңгелекті бекітіп қойып, басты төмен түсіріп, мойынды қолмен қалқалау керек. Нақты нұсқаулық төменде көрсетілген:

  • Жер сілкінісі кезінде тоңазытқыш маңы қауіпсіз орын екені рас па?
  • Жер сілкінісі кезінде тоңазытқыш маңы қауіпсіз орын екені рас па?
  • Жер сілкінісі кезінде тоңазытқыш маңы қауіпсіз орын екені рас па?
Factcheck.kz