Жасанды ұрықтандыру туралы мифтер

2018 жылы жасанды ұрықтандырудан (ел арасында ЭКО деп аталып кетті) алғашқы бала дүниеге келгеніне 40 жыл толды. Көмекші репродуктивті технологиялар бойынша халықаралық мониториң комитетінің (ICMART) ақпаратына сай, сол уақыт аралығына ЭКО көмегімен 8 миллионнан астам бала дүниеге келген. Қазақстанда 2021-2026 жылдары аралығына экстракорпоралды ұрықтандыруға жыл сайын 7 000 квота бөлуді көздейтін «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаны іске асыру кезінде 3 мыңнан астам әйел жүкті болды, 2 300 бала (21.09.2022 жылғы мәлімет бойынша) дүниеге келді.

2023 жылы жасанды ұрықтандыру пайдаланылып келе жатқанына 45 жыл толғанына қарамастан, қоғамда ЭКО-ға қатысты жаңсақ ой мен стереотип бары жасырын емес. Осыған байланысты Factcheck.kz негізгі мифтерді жинақтап, рас-өтірігін тексреді.

Материалымызды бастамас бұрын, негізгі анықтамаларды ажыратып алайық (1, 2).

Көмекші репродуктивті технологиялар (ART) — табиғи жолмен бала сүйе алмаған жұпты жұмыртқа, сперматозоид не эмбрион арқылы емдеудің барлық түрі. Оның ішіне ЭКО-да кіреді. Ал ЭКО кезінде аналық жасуша мен еркектің сперматозоиды зертханалық ыдысқа салынды. Кейін жұмыртқа ұрықтандырылса және жасушадан бөліне бастаса, алынған эмбрион әйелдің жатырына ауыстырылады.

1-миф. Алғашқы ЭКО-дан кейін бірден бала көтеру мүмкін емес.

Үкім: Манипуляция

ЭКО — бедеулікті жеңе отырып, жүктілік мүмкіндігін арттырады. Алайда алғашқы жасанды ұрықтандырудан соң (алғашқы емесінде де) балалы болуға әсер ететін фактор көп.

ЭКО-ның сәтті болуы көбіне адам мен сыртқы факторларға байланысты. Бұл жерде ананың жасы ең негізгі факторлардың бірі. АҚШ-тың Көмекші репродуктив технологиялар қоғамының (SART) ақпаратына сәйкес (және басқа да медициналық орталық ақпараттарына сай), сәтті екіқабат болу деңгейі 30 жастан кейін төмендейді. Әсіресе 40 жастан кейін бала көтеру мүмкіндігі 15-20%-тен аз болады. Баланың дүниеге тірі келуі де жасқа байланысты, әйел 40-тан асса мүмкіндік азая береді (1, 2, 3, 4).

Елімізде ЭКО жолымен ата-ана болуға шешім қабылдаған жұптар Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылдың 15 желтоқсанындағы бұйрығы бойынша бірнеше дайындық кезеңінен өтеді. Жұптың денсаулығы, бұрынғы аурулары талданады, емделеді. Әйел денсаулығы бала көтеруге дайын болғанда ғана жасанды ұрықтандыру жасалады.

2-миф. Балаңның жынысын таңдауға болады.

Үкім: Манипуляция

Ғылыми тұрғыдан қарағанда баланың жынысын таңдауға болады. Алайда Қазақстанның “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекстің 18-тарауы, 146-бабының 5-тармағына сай (жынысқа байланысты аурулардың тұқым қуалау ықтималдығы жағдайларын қоспағанда), қосалқы репродуктивті әдістер мен технологияларды пайдалану кезінде болашақ баланың жынысын таңдауға жол берілмейді.

Одан бөлек, жоғарыдағы Кодекстің 146-бабының 6-, 7-тармақтарында адамның эмбрионын коммерциялық, әскери және өнеркәсіптік мақсаттар үшін пайдалануға болмайтыны, сондай-ақ, жыныстық жасушаларды, адам эмбрионын коммерциялық, әскери немесе өнеркәсіптік мақсаттарда ҚР-дан әкетуге тыйым салынатыны жазылған (1, 2).

3-миф. ЭКО әйел денсаулығы үшін өте қауіпті.

Үкім: Манипуляция

ЭКО — бедеулікті емдеудің бір жолы, әрі ол әйел денсаулығына қауіпсіз. Дегенмен, басқа да дәрі-дәрмек пен медициналық процедура сияқты, ЭКО-ның кейбір қауіптері мен ықтимал жанама әсерлері бар.

Америкалық репродуктивті медицина қоғамы ЭКО-ны медициналық емдеу процедурасы екенін ескертіп, оның сәтті болуы үшін қолданатын кейбір бедеулікке қарсы препараттардың қауіпі барын жоққа шығармайды. Мысалы, бедеулікке қарсы препараттардың ықтимал жанама әсері келесідей болуы мүмкін:

  • Инъекция орнының жеңіл көгеруі;
  • Жүрек айнуы және (кейде) құсу;
  • Инъекция орнында терінің қызаруы я қышуы сияқты уақытша аллергиялық реакциялар;
  • Көңіл-күйдің өзгеруі және шаршау;
  • Аналық бездің гиперстимуляция синдромы.

SART мәлімдеуінше, ЭКО жасалып, әйел жүкті болған соң (ол табиғи жолмен жүкті болған әйелдерге де қатысты), белгілі бір дәрежеде қауіптер болады. Атап айтқанда:

  • Мерзімінен бұрын босану және шала туылған нәрестелерде (олар табиғи жолмен не ЭКО арқылы жүкті болғанына қарамастан) өкпенің даму проблемалары, ішек инфекциялары, церебральды сал ауруы, сөйлеудің кешігуі және мінез-құлық проблемалары сияқты аурулар;
  • Анадан қан кету;
  • Кесарь тілігі арқылы босану;
  • Жүктілікке байланысты жоғары қан қысымы;
  • Гестациялық қант диабеті.

4-миф. ЭКО арқылы дүниеге келген балалар болашақта табиғи жолмен бала көтере алмайды.

Үкім: Жалған

Бұл шындыққа жанаспайды, ұрықтандыру түріне қарамастан кез келген баланың мүмкіндіктері мен оларға төнетін қауіп бірдей. Яғни жасанды ұрықтандыру көмегімен туылғандар табиғи жолмен өз баласын сүйе алады.

Қазір ЭКО арқылы дүниеге келген алғашқы адамдардың жасы 30-дан асқан, ал кейбіреуі бала сүйді. ЭКО әдісімен Англияда дүниеге келген алғашқы адам Луиза Браун табиғи жолмен 2 бала туған.

Жасанды ұрықтандыру туралы мифтер
Луиза Браун

Ғалымдар ЭКО әдісі арқылы дүниеге келген балалардың денсаулығын зерттеп, еш зияны жоқ екенін дәлелдеді. Бұл зерттеу нәтижесі үшін 2010 жылы Роберт Эдвардс физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығына ие болды. Әдіс нәтижесін ғалымдар 30 жыл күткен.

Бұл мифке редакциямыз бірінші рет кездестіп отырған жоқ. Дәл осыған қатысты мақаланы мына жерден оқи аласыз.

5-миф. Эко арқылы егіз көтеру мүмкіндігі көп.

Үкім: Шындық

Расымен, жасанды ұрықтандыру сияқты көмекші репродуктивті технология процедуралары егіз не үшем туу мүмкіндігін арттырады. Бұл құбылыс тасымалданатын эмбриондар санына байланысты.

Американың репродуктив медицина қоғамы ақпаратына сай, жатырға неғұрлым көп эмбрион салынса, соғұрлым егіз не үшем туу мүмкіндігі көбейеді. Егер сіз бір бала ғана көтерігіңіз келсе, дәрігер қажет эмбрионның мүмкіндігінше аз мөлшерін тасымалдауы керек.

АҚШ-тың Ұлттық биотехнологиялық ақпарат орталығындағы Ұлттық медицина кітапханасында жарияланған Еуропалық адам репродукциясы және эмбриология қоғамына (ESHRE) жасаған зерттеу нәтижесіне сай, ЭКО арқылы жалғыз туылғандар — 82%, егіздер — 17,5% болса, үшемдердің үлесі сәйкесінше — 0,5% болған. Ал табиғатта егіздер 250 жүктіліктің бірінде, үшем 10 000 жүктіліктің бірінде, төртем 700 000 жүктіліктің бірінде кездеседі.

Зерттеушілер 100-ден астам елдің балалардың дүниеге келуі туралы жазбаны қарастыра келе, 1980 жылдан бері ЭКО арқылы егіздердің дүниеге келу деңгейі өскендігін анықтаған. Зерттеуге сәйкес, 42 адамның біреуінде егіз бала дүниеге келген, бұл жылына шамамен 1,6 млн балаға тең. Кейінгі 40 жылда әлемде егіздердің туу көрсеткіші орта есеппен 1/3-ке өскен.

1980 жылдан бастап бүкіл әлемде егіздердің саны 1 000 туылғанға шаққанда 9-дан 12-ге өскен. Қазір егіздердің дүниеге келу көрсеткіші бойынша үздік үштікке Солтүстік Америка (71%), Еуропа (60%) және Азия (32%) кіреді.

6-миф. ЭКО жасату дінге қайшы.

Үкім: Манипуляция

Діндердің жасанды ұрықтандыруға көзқарасы әртүрлі. Сондықтан бұған қатысты біржақты шешім айта алмаймыз.

Мысалы, исламда (Қазақстан мұсылман діни басқармасының үкімі) ЭКО жасату дінге қайшы емес. Алайда қолданылатын шәует пен жұмыртқа клеткасы бір ерлі-зайыптыныкі болу керек. Яғни әйелдің жатырына күйеуінің шәуеті салынуы қажет, ал бөгде әйелдің жұмыртқа клеткасы не өзге еркектің сперматозоиды бөтен әйелдің жатырына салу — дінге қайшы. Ресейдің проваслав шіркеуінің позициясы да ислам дініне ұқсайды. Шіркеудің айтуынша, жасанды ұрықтандыруға рұқсат етіледі, алайда тек күйеуінің аталық жыныс жасушалары пайдаланылуы керек, себебі бұл “неке одағының тұтастығын бұзбайды“.

Ал католик шіркеуінің басшысы Франциск 2014 жылы эвтаназиямен қатар аборт пен ЭКО-ны да сынап, мұны “құдайға қарсы күнә” деп атаған.

Factcheck.kz