Жанат Омарбекова мүгедектер туралы қаншалықты рас сөйледі?

Қарашаның 24-де өткен мәжілістің жалпы отырысында әлеуметтік жәрдемақыларды есептеудің жаңа әдіснамасын жасауды ұсынған депутат Жанат Омарбекова мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты дерек келтірді. Factcheck.kz депутаттың қаншалықты рас сөйлегенін тексерді.

Депутаттың айтқаны (тайм- код: 1:22:30)

Мәлімдеме: Бүгінгі таңда Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар 702 мың адам тұрады, оның ішінде жұмыс істейтіні – 126 мың адам.

Жанат Омарбекова

Үкім: Шындық

Data.egov.kz ақпаратына сай, Қазақстанда шынымен 702 158 мүгедек адам бар. Ал биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов 400 мың мүгедек жұмысқа жарамды жаста, оның 129 мыңы жұмыс істеп жатыр деген.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты, жыл сайынғы индексацияны ескергенде, олардың мөлшері [жәрдемақының-ред.] жыл сайын инфляция деңгейіне кепілді түрде 5%-ке өседі.

Жанат Омарбекова

Үкім: Шындық

Еліміздің “Мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы” заңына сай, мүгедектерге арналған айлық жәрдемақы:

  • бірінші топтағыларға – 1,92 ең төмен күнкөріс деңгейі;
  • екінші топтағыларға – 1,53 ең төмен күнкөріс деңгейі;
  • үшінші топтағыларға – 1,04 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде тағайындалады.

Ал ең төменгі күнкөріс деңгейінің кейінгі жылдарда қалай өзгергенін төменнен қараңыз:

Мысалы, биыл 1 қаңтардан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 5%-ке ұлғайған.

Мәлімдеме: Пандемия, экономикалық дағдарыс және инфляция әлеуметтік маңызы бар өнімдердің, дәрі-дәрмектің бағасының өсуіне әкелді және бұл 5% [инфляция деңгейіне кепілді түрде 5%-тік өсім – ред.] осы шығындардың кем дегенде бір бөлігіне жетпейтінін мойындау керек. Бұл ретте жылдық инфляция 8,9% деңгейінде сақталады.

Жанат Омарбекова

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, биыл 23-30 қараша аралығындағы жағдайға сәйкес, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар 10,4%-ке қымбаттаған. Ал инфляция деңгейіне келсек, депутат биылғы қыркүйектен былтырғы қыркүйек аралығындағы деректі келтірген, бірақ соңғы, қараша айындағы дерекке сәйкес, жылдық инфляция деңгейі 8,7%-ті құраған.

Бүгінгі таңда 3-топтағы мүгедектің жәрдемақысы ең төменгі жалақы – 42 500 теңгеге жетпейді. Сонымен қатар, қосымша кірісі жоқ 500 мыңнан астам азамат осы ең төменгі жәрдемақыға өмір сүруге мәжбүр.

Жанат Омарбекова

Үкім: Шындық және манипуляция

Шынымен-ақ 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап III топтағы мүгедектер ай сайын 35 675 теңге көлеміндегі жәрдемақы алады және бұл ең төменгі жалақыдан (42500 теңге) аз.

Алайда 500 мыңнан астам азамат “ең төменгі жәрдемақыға” өмір сүрмейді: себебі Қазақстанда III топтағы мүгедек саны 278 507 адам. Ал I топтағы мүгедектің жәрдемақысы 65 860 теңгені, II топтағы мүгедектікі 52 483 теңгені құрайды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz