ЖАЛҒАН | Банкке несиесін төлей алмағандардың психикасы бұзылып жатыр

2017 жылғы маусымның 16-сында kaz.365info.kz сайтында «Елімізде банкке несиесін төлей алмаған адамдардың психикасы бұзылып жатыр» деген тақырыппен материал жарияланды. Материалда жыл басынан бері психикасы ауытқығандар саны 220 мыңға жуықтағаны, бірақ бұл тек ресми тіркеудегілері ғана екені жазылған. Сондай-ақ, олардың қатары кредитін төлей алмай жүргендердің есебінен көбейіп жатқаны айтылады.

ЖАЛҒАН | Банкке несиесін төлей алмағандардың психикасы бұзылып жатыр
Скриншот kaz.365info.kz сайтынан

 Үкім: Жалған  

Негізі бұл материал 2016 жылғы қазанның 10-ында КТК телеарнасында жарияланған. Алдымен телеарнада, бір жыл өткен соң көшіріп басқан сайтта «ресми» деп көрсетілген дерек әсірелей көбейтіліп берілген. Несие алған ел азаматтарының ақыл-есі бұзылып жатыр деген де қате тұжырым.

ЖАЛҒАН | Банкке несиесін төлей алмағандардың психикасы бұзылып жатыр
Скриншот ktk.kz сайтынан

Ең алдымен «жыл басынан бері психикасы ауытқығандар саны 220 мыңға жуықтағаны» туралы «дерекке» тоқталсақ. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми жауабына сәйкес, психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар азаматтардың саны 2015 жылғы 193936 адам болса, бұл көрсеткіш 2016 жылы 190945 адамға азайған. Телеарна ресми статистиканы 20 мың адамға көбейтіп айтқан. Ал материалдағы «шын мәнінде ауруын жасырып жүргендер тым көп екен» деген сөйлем манипуляция деуге болады.

ЖАЛҒАН | Банкке несиесін төлей алмағандардың психикасы бұзылып жатыр
Скриншот Денсаулық сақтау министрлігінің ресми жауабынан

«Несиесін төлей алмаған адамдардың психикасы бұзылып жатыр» деген ақпарат тарады. Бұл дерек шындыққа сай келе ме?» деген сауалымызға министрлік мамандары «кредит тек әсер етуі мүмкін, бірақ оның негізгі себебі мүлдем басқада» деп жауап берді.

ЖАЛҒАН | Банкке несиесін төлей алмағандардың психикасы бұзылып жатыр
Скриншот Денсаулық сақтау министрлігінің ресми жауабынан

Материал соңында психиатр-дәрігер Айгүл Сүлейменова қазақстандықтардың 90 пайызында кредит бар екенін айтады. Кредит алу талаптары қаржылық қызмет көрсететін ұйымдарда әртүрлі болғанымен, барлығына ортақ талап-міндеттер бар. 18 жастан асқан, тұрақты жұмысы мен табысы болуы тиіс. Қазақстан азаматтарының 90 пайызы бұл талапқа сәйкес келмейтіндіктен, мұндай тұжырым ресми деректен бұрын, логикаға қайшы екені анық. Осы материал жарияланғаннан екі ай бұрын Ұлттық банк қаржы нарығы методологиясы департаментінің директоры Нұрлан Абдрахманов қазақстандықтардың 20,5 пайызында кредит бар екенін мәлімдеген.

ЖАЛҒАН | Банкке несиесін төлей алмағандардың психикасы бұзылып жатыр
Скриншот krisha.kz сайтынан
Factcheck.kz