Тоқаев уәделері: қаншасын орындады, қай сөзі желге ұшты?

Орталық сайлау комитетінің 2022 жылғы 20 қарашадағы президент сайлауының қорытындысына сай, Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыс жинап, тағы бір рет президент атанды.

Бұл сайлау 2019 жылы билікке келген Тоқаевтың бір мерзімі аяқталатынын білдіреді. Ол 3 жыл бұрын президент сайлауына қатысарда елдің әлуметтік-экономикалық жағдайы мен саяси ахуалына байланысты бірнеше уәде берген. Тоқаев сөзінде тұрды ма, жоқ па деген сұраққа Factcheck.kz жауап іздеді.

Материал толықтырылады

Экономика

Уәде: Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күресеміз. Жемқорлық мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді, мемлекеттің дамуына тосқауыл қояды.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Орындалмады

Тоқаев жемқорлықпен қалай күрескені бізге беймәлім, алайда елдегі коррупция деңгейі туралы көрсеткіштерде айтарлықтай өзгеріс жоқ, тіпті кейбірінде кері кету байқалады.

Мысалы, 2019 жылы кем дегенде бір рет мемлекеттік лауазымды тұлғамен байланысқан және мемлекеттік лауазымды тұлғаға пара берген не мемлекеттік лауазымды тұлға пара талап еткен адам үлесі 4,9% болған. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 3,6%-ке, ал 2021 жылы 13,7%-ке жеткен. Коммерциялық компаниялар арасындағы осы секілді сауалнама келесі нәтижелерді көрсеткен: 2019 жылы — 8,5%, 2020 жылы — 2,8%, 2021 жылы — 6,6%.

Бұл ретте құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегіне сай, пара алу баптары бойынша қылмыс саны кейінгі төрт жылда түрліше ауытқып отырған: 2022 жылдың 10 айы мен 2021 жылдың 10 айының әрбірінде 952, 2020 жылы сол уақытта 1 225 2019 жылы 1 085 құқық бұзушылық тіркелген.

Transparency International ұйымы жариялайтын Corruption Perception Index-тің* (қаз — сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі) есебіне сай, 2019 жылы Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орынға жайғасып, 100-ден 34 балл жинаған. 2020 жылы 38 ұпай жинап, 179 елдің ішінде 94-орынға тоқтаған. 2021 жылы Қазақстан индексі 1 тармаққа, яғни 37 балға, ал позиция 102 орынға дейін төмендеді.

* Corruption Perception Index — сарапшылар мен кәсіпкерлердің пікірлері негізінде мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықтың қабылдану деңгейін бағалайды. Ел алған балл саны не оның көрсеткіші мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша көрсетеді, мұндағы 0 өте жоғары, ал 100 сыбайлас жемқорлықтың өте төмен деңгейін білдіреді.

Мемлекет халықтың сыбайлас жемқорлық деңгейін қабылдау көрсеткішіне қатысты статистика жүргізеді. Бұл 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарының мониторингі шеңберінде жүзеге асады. Осы ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әлеуметтік сауалнамасының деректері Transparency International-ға қарағанда анағұрлым оптимис нәтижелерді көрсетеді. 2019 жылы 62,6%-тен 2020 жылы 64,9%-ке өсімнен кейін бұл көрсеткіш 2021 жылы 55%-ке дейін төмендеген. Сауалнама әдістемесі, өкінішке орай, Ұлттық статистика бюросының сайтында көрсетілмеген.

Уәде: Отандық бизнесті қолдаймыз. Экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 30 пайызға жеткіземіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Орындалды

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сай, 2019 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 31,7%, ал 2020, 2021 жылдары сәйкесінше 32,8% және 33,5% болған. Ұлттық статистика бюросына сілтеген Halyk Research 2022 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 32,5% екенін жазды.

Жоғарыда жазғанымыз Тоқаев президент қызметіне кіріскен кезде ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 30%-ке жақын болған деп болжауға мүмкіндік береді. Сондықтан ШОБ-тың көрсеткішін Тоқаев саясатының жетістігі деп санауға бола ма — даулы сұрақ.

Уәде: 2022 жылға қарай ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге дейін көтереміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Ішінара орындалды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2019 жылдың алғашқы алты айында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі (бір жұмысшыға шаққанда) 526 600 теңге болған. Ал 2022 жылдың сол уақытында 923 400 теңгеге жетті. Демек, еңбек өнімділігі Тоқаев айтқандай 2,5 есе емес, 1,7 есе артқан.

Уәде: Бюджет шығынының шикізат бағасына тәуелділігін азайтамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Орындалмады

Бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы есебінде республикалық бюджеттің әлемдік шикізат нарықтарындағы ахуалға әлі де тәуелді екені айтылады. Соның ішінде, мұнай экспортының әлемдік бағаларға тікелей тәуелділігі сақталып, Ұлттық қордың мемлекеттік бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін төмендетуге қатысты жоспары орындалмаған. Одан бөлек, шоғырландырылған бюджеттің шикізат секторына деген тәуелділігі күшейгені анықталған. 2022 жылғы халықаралық жағдайды және оның Қазақстанға әсерін ескеріп, шығыстардың шикізат бағасына тәуелділігін азайту міндетіне қол жеткізілмегенін сеніммен айтуға болады.

Уәде: Орталық Қазақстанды «Сарыарқа» жобасы арқылы газдандырып, магистральді бөлігінің құрылысын 2019 жылы аяқтаймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Ішінара орындалды

2019 жылы желтоқсанда «Қызылорда–Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының 1 061,3 км желілік бөлігінің бірінші кезеңінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген.

Дегенмен, Ұлттық экономика министрлігінің кейінгі деректеріне қарағанда, газ тарату желілерінің құрылысы 2021 жылы да жалғасқан: Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларында газ тарату желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Ал іске қосу кешендерінің екінші кезеңін бастау (Шахтинск қаласын, Жаңаарқа және Сарыбел аудандарын газдандыру) 2022 жылға жоспарланған.  

Әлеуметтік саясат

Уәде: Құқық қорғау органдары қызметкерлері мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Ішінара орындалды

Жалпы алғанда ішкі істер министрлігінің қарауындағы қызметкерлерге қолдау жоспары туралы бірнеше рет хабарланған. Мысалы, 2021 жылы қабылданған заңға сейкес, ІІО қызметкерлеріне әскерилердікіне ұқсас тұрғын үй төлемдерінің тетігі белгіленген. Осыған байланысты Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев полицияларды тұрғын үй жеңілдіктерімен қамтамасыз етудің бастапқы кезеңінен бері (2021 жылы) олардың саны 4 еседен астам өскенін, тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлердің 70%-і осындай төлемдермен қамтамасыз етілгенін хабарлаған.

Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев президент «тапсырмасы» аясында 2023 жылға дейін полиция қызметкерлерінің жалақысы 50%-тен 90%-ке дейін өсетінін айтқан. Әзірше біз мұны тексере алмаймыз.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, 2022 жылдың III тоқсанында мемлекеттік басқару және қорғаныс саласындағы қызметкерлердің орташа айлық атаулы жалақысы 249 408 теңгеге жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20,6%-ке көп (206 867 теңге). Бір жыл ішінде нақты жалақының өсуі 3,7%. 2020 жылдың III тоқсанында атаулы жалақы 178 544 теңге, ал 2019 жылы — 162 877 теңге болған. 2019 жылдан 2021 жылға дейін мемлекеттік басқару және қорғаныс саласындағы қызметкерлердің медианалық жалақысы 101 мың теңгеден 143 мың теңгеге не 41%-ке өскен. Алайда мұны «құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қолдау» деу қиын, себебі дәл сол уақытта барлық саладағы медианалық және орташа айлық атаулы жалақының өсімі де 40%-50% айналасында болған. 
2022 жылдың маусымында Қасым-Жомарт Тоқаев жедел-тергеу қызметкерлерінің жалақысы 1 қазаннан бастап өсетінін айтқан. Әзірге бұл өзгеріс ресми статистикада жоқ.

Уәде: Біз әлеуметтік саясатты әрі қарай жалғастырып, әлеуметтік саланы дамытуға қосымша 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Орындалды

2019 жылы республикалық бюджеттің әлеуметтік блокқа шығыны 5,2 трлн теңге болған. Ал 2021 жылы республикалық бюджет шығыстарының ішінде әлеуметтік салаға 7,5 трлн теңге не жалпы шығыстың 50%-і кеткен. Үш жыл ішіндегі әлеуметтік салаға бөлінген қаржы 2,3 трлн теңгеге өскен.

Уәде: Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынуын қамтамасыз етеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Ішінара орындалды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, 2020, 2021 жылдары және 2022 қаңтар-қыркүйек айларында аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін жалпы саны 19 077 пәтер салынып, пайдалануға берілген. Бұл материал аясында пәтер сапасы тексерілмейді.

Уәде: Халықтың барлық топтары үшін тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешеміз. Барлық тұрғын үй бағдарламалары бірегей тұрғын үй құрылысы саясатына біріктіріледі. Бұл саясаттың аясында ұстаздар мен дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз етудің арнайы бағдарламасын іске қосамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Ішінара орындалды

2020 жылы Қазақстанда тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы құрылды, бұл туралы Индустрия министрлігі хабарлады. Оның құрамына «Бәйтерек Девелопмент», «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» және «Қазақстан ипотекалық компаниясы» кірді.

2019 жылы Білім беру және денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерге бастапқы жарнасыз берілетін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Тұрғын үйді жалға беру «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша іске асады. Оған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» қол қойған.

Алайда мұндай келісімдер мен бағдарламалар әзірге ел басшылығы баспана мәселесін «шешті» дегенді білдірмейді. Бұл (жоқ дегенде) жоғарыда жазған аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған пәтерлер салу туралы уәдені тексергенімізде байқалған.

Денсаулық сақтау

Уәде: Денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын шығынды тұрақты негізде арттырып, ІЖӨ-нің 5 пайызына дейін жеткіземіз. Әрбір қазақстандық үшін сапалы медициналық қызметті қалада да, ауылда да қолжетімді етеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Ішінара орындалды

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің дерегінше, 2019 жылы денсаулық сақтауға арналған шығыстары — 1,1 трлн теңге. Бұл ЖІӨ-нің 1,9%-і. Ал 2021 жылы денсаулық сақтау шығыны 2,09 трлн теңгеге жеткен, бұл ЖІӨ-нің 3,2%-і.

2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы ҚР 2021 жылғы 2 желтоқсандағы № 77-VII ҚРЗ Заңына сәйкес, 2022 жылы денсаулық сақтау саласына 2,04 трлн теңге бөлінген. ЖІӨ-нің нақты көрсеткіші жыл соңында не келер жылдың басында белгілі болады. Ал 2022 жылы денсаулық саласына нақты қанша қаражат жұмсаланыны әлі белгісіз екенін ескере отырып, біз ЖІӨ-нің денсаулық сақтау шығынын есептей алмаймыз.

Уәде: Біз дәрігерлердің мәртебесін көтеріп, оларға түсетін жүктемені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған көрсеткішке сәйкес азайтамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Ішінара орындалды

2020 жылдың 7 шілдесінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекс» күшіне енді, ол алдыңғы кодекспен салыстырғанда медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі туралы ережелерді біршама кеңейтті. Сондай-ақ, бүгінгі күні парламент қарауында дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі заң жобасы бар, оны 2023 жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, 2022 жылдың III тоқсанында денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметкерлердің орташа айлық атаулы жалақысы 245 212 теңгеге жеткен. 2021 жылдың тиісті кезеңінде көрсеткіш 225 079 теңге, 2020 жылы — 182 104 теңге, ал 2019 жылы — 138 799 теңге болған. Сонымен қатар егер 2019 жылдан 2021 жылға дейін нақты жалақының айтарлықтай өсуі байқалса (2019-2020 — 22,6%, 2020-2021 — 13,7%), инфляцияға байланысты номиналды өсім айтарлықтай азайып, 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2022 жылдың III тоқсанында 6,4%-ке төмендеу байқалады.

Сала қызметкерлерінің жұмыспен қамтылуы жалпы өсіп жатыр десе болады, дегенмен әр тоқсанның соңында айтарлықтай ауытқулар (ондаған мың) байқалады.

Егер Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік мерзімінің басында денсаулық сақтау саласында жұмыспен қамтылғандар саны 502 700-ге жуық болса, 2022 жылдың үшінші тоқсанының соңындағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш ~539 100 адам.

2021 жылғы қазақстандық денсаулық сақтау жүйесіне шолу саланы кадрлармен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған медициналық жоғары оқу орындарының түлектері міндетті түрде пысықтаудан өтуге тиіс деп хабарлайды.

МСАК дәрігерлеріне жүктемені азайту мақсатында жалпы практика дәрігерлерін қабылдаудың 480 қосымша учаскесі құрылды, 2019-2021 жылдар кезеңінде 249 МСАК нысаны салынды және ашылды. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін 500-ге жуық МСАК объектісін, оның ішінде 420-сы ауылда салу және ашу жоспарланып отыр, сондай-ақ 350 МСАК объектісіне күрделі жөндеу жүргізіледі.

Қазақстандық денсаулық сақтау жүйесіне шолу: 2021 жылдың қорытындысы

Дегенмен, әртүрлі ақпаратқа сай (мысалы: 1, 2, 34), өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде медицина қызметкерлерінің тапшылығы әлі де бар. Денсаулық сақтау министрлігінен 2022 жылдың сәуірінде алған деректерге сүйенсек, дәрігерлердің тапшылығы — 3 931 штат бірлігі жетпейді, оның ішінде ауылдық жерлерде 848, алғашқы медициналық-санитарлық көмекке — 2 074 бірлік, стационарларда — 1 857.5.

Ең көп сұранысқа ие мамандар — жалпы практика дәрігерлері, анестезиологтар-реаниматологтар, терапевттер, педиатрлар, акушер-гинекологтар, инфекционистер, невропатологтар, хирургтар. Біз бұл туралы басқа материалда толығырақ жаздық.

Ал медициналық қызметкерлерге түсетін жүктемеге қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормалары табылмады.

Білім беру

Уәде: Ауылдағы және қаладағы білім сапасының айырмашылығын азайтамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Үкім жоқ

Әр аймақтағы білім сапасын бақылайтын PISA және TIMSS сынды тәуелсіз халықаралық тестілеу түрлері бар. Алайда олар ең кейінгі рет 2018 және 2019 жылдары өткізілген. Одан кейінгі сынақ нәтижелері әлі жарияланбады, сондықтан еліміздің ауылындағы және қаласындағы білім сапасына объектив баға беру қиын.

PISA-2018 нәтижесіне сай, Қазақстандағы қалалық және ауылдық оқушылар арасындағы алшақтық жаратылыстану пәні бойынша 31 балл, математика бойынша 22 балл және оқу бойынша 37 балл болған. Ал TIMSS-2019 нәтижелері ауыл және қала оқушылары арасындағы математика біліміндегі айырмашылық сәйкесінше 4 және 8 сыныптарда 17 және 21 балл, ал жаратылыстану пәндерінде 24 және 33 балл болғанын көрсеткен.

Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижелері бойынша біршама жаңа деректер бар. Онда қалалық және ауылдық мектеп түлектерінің арасындағы балл айырмашылығы келесідей: 2018 жылы — 6.29 балл, 2019 жылы — 1.43 балл, 2020 жылы — 4.47 балл. Өкінішке орай, 2021 және 2022 жылдардағы деректер әлі жарияланбаған.

Қолда бар ақпарат қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтық болғанын және, бәлкім, әлі де бар екенін көрсетеді, алайда 2022 жылға арналған өзекті деректердің жоқтығына байланысты біз бұл уәдені үкімсіз қалдырамыз.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, Қазақстанда 2021/22 оқу жылы 3 597 159 оқушы бар. Оның ішінде қалада – 2 060 369, ауылда – 1 536 790 оқушы. 2021 жылы ауылдық жерлерде орта біліммен қамту коэффициенті небәрі 90,59%-ке жеткен. Бұл қалалардағы 2000 жылғы көрсеткіштен төмен.

2021 жылы ауылдық жерлерде 2 101, қалада 1 632 мұғалім жетіспеген. Бұл туралы толығырақ мына материалымыздан оқи аласыз.

Уәде: Орта мектептегі 12 жылдық оқыту жүйесіне көшуді аяқтаймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Орындалмады

12 жылдық білім беру жүйесіне көшу Назарбаевтың тұсында басталды. Олар реформаны 2020 жылы енгізгісі келді, бірақ белгісіз себептерге байланысты жоспар іске аспады. 2021 жылы ведомство алқасының отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 12 жылдық оқыту жүйесіне көшу 2023 жылы болатынын мәлімдеді. Кезектен тыс сайлауға байланысты Президент Тоқаевтың қазіргі мерзімі 2022 жылы аяқталатынын ескерсек, уәде орындалмады.

Қауіпсіздік

Уәде: Біз қоғамдық қауіпсіздікті күшейтеміз. Көшелерімізде тыныштықты қамтамасыз етіп, балаларымыздың ортасын қауіпсіз етеміз. Қылмысқа қарсы табандылықпен күресеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Ішінара орындалды

Тоқаевтың нақты көрсеткіштерді айтпауы уәдені тексеруді қиындатады. Қоғамдық қауіпсіздікті қайта-қайта күшейтуіге болады және қоршаған орта кез келген жастағы адам үшін қауіпті болуы мүмкін. Яғни, қылмыс әрқашан болады, мәселе оның қаншалықты жоғары не төмен деңгейде екенінде. Дегенмен, кейінгі үш жылда көшелер мен қоғамдық орындардағы, сондай-ақ балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың қалай өзгергенін көруге болады.

Егер 2022 жылғы қаңтар-қазандағы қылмыстың жалпы деңгейін 2019 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырасақ, айтарлықтай төмендеу байқалады. Алайда, қылмыстың азаюы 2020 жылы, пандемияға қарсы локдаунның арқасында басталған. Бір қызығы, карантиндік шектеулер аяқталғаннан кейін қылмыстың (карантинге дейінгі көрсеткішке) өскені байқалмаған.

2021 жылы көшедегі, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар мен қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыс санаттарындағы көрсеткіштің азаюы жалғасты. Бұл ретте кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс саны қайта өсіп, 2019 жылғы деңгейге жетті. 2022 жылдың қаңтар-қазанында көшелер мен қоғамдық орындардағы қылмыс 2021 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда өсіп, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс аздап төмендеді.

Көріп отырғанымыздай, қылмыс деңгейін төмендетуде пандемия Тоқаевтың пайдасына асты, ал қаңтар қырғыны, керісінше, статистиканың нашарлауына әсер еткен болуы мүмкін.