Смартфонның салдарынан жыл сайын 5 млн бала қаза таба ма?

Желтоқсанның аяғында қазақ тілді интернет кеңістікте “жыл сайын бес миллион бала смартфонның кесірінен көз жұмады” деген тақырыпта бірнеше материал шықты (мында, мында, мында және мында). Сайттардың жазуынша, қаза тапқан балалардың көбі телефон ойынына құмартқан және мұндай балалардың саны жыл сайын артып келеді. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Жыл сайын бес миллион бала смартфонның кесірінен көз жұмады.

Медиадағы ақпар

Үкім: Дәлелденбеген

Көптеген сайттардың “5 млн бала смартфонның кесірінен көз жұмады” деген деректі қайдан алғаны белгісіз және ешқандай сілтеме көрсетілмеген. Тек “ДДСҰ жариялады” деп келтіреді, алайда не ДДСҰ-дан, не ЮНИСЕФ-тен дәл бұндай дерек таппадық.

Сонымен қатар, смартфонның тікелей өлімге апаратыны туралы әлемде нақты бір зерттеу жоқтың қасы. Тек телефонның жарылып кетуі, өртенуі, батареяның қызуы және видео-ойын салдарынан болған суицидті қоспағанда. Бұл ақпарат тек биыл ғана емес, осыдан бірнеше жыл бұрын да осыған ұқсас жаңалықтар тараған.

ДДСҰ, БҰҰ, ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік банк бірігіп жариялаған жаңа бағалауға сәйкес, 2017 жылы 6,3 млн 15 жасқа дейінгі бала түрлі аурулардан қайтыс болған. Оның ішінде жаңа туған нәрсетенің шетінеуі, түрлі дене жарақаттары, әртүрлі аурулар және жол-көлік апаты сияқты себептер бар, алайда “смартфонның зияны” туралы сөз қозғалмайды. Ал 2022 жыл басындағы дерек бойынша, 5 жасқа дейінгі балалар арасында өлім көрсеткіші 5 млн-ға жуық болса, 5-14 жас аралығында 869 мыңға жеткен. Бұл жерде де смартфон туралы айтылмайды.

ДДСҰ дерегі бойынша, қазіргі уақытта балалардың денсаулығына қауіп төндіретін негізгі себептер мыналар:

  • Экологиялық қатер;
  • Семіздік және жұқпалы емес аурулар;
  • Түрлі жарақаттар;
  • Зорлық-зомбылық;
  • Түрлі қақтығыстар

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz