Сауалнама: Қазақстандықтар төтенше жағдайға дайын ба?

Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы жүргізген сауалнамаға 14 облыс пен республикалық маңызы барқалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын, 18 жастан асқан 1100 адам қатысқан. Олардың 47%-ы ерлер, 53%-ы әйелдер. Іріктеу ықтималдығы 95%,статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 3%-дан аспайды.

Demoscope жүргізген жедел сауалнама нәтижесі көрсеткендей,  48% қатысушылар COVID-19 – адамдардың өмірі мен денсаулығына, сонымен қатар экономикаға төнген үлкен қауіп дейді. 27% қатысушылар бұл пікірмен келіспейді. Олардың ойынша, қауіп туралы асыра айтылып жатыр, коронавирус тұмаудан қауіпті емес. 

Респонденттердің 19%-ы үрейді кейбір елдер мен трансұлттық компаниялар тудырып отыр, оларға халық арасында дүрбелең тудырған тиімді деген пікірде. Азаматтардың 1%-ы ғана коронавируқа мән бермейді, олар “бұдан маңыздырақ шаруаларым бар” деп жауап берді. 

Сонымен қатар, қазақстандықтардың күнделікті тіршілігіне уақытша өзгеріс енгізуге дайын болуы да –маңызды көрсеткіштердің бірі. Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігіне, нақтырақ айтсақ 47%-на ешқандай әсер етпеген, 20%-на аз ғана әсері болған.  Олар ең қажетті деген тауарлар мен азық-түліктерді ғана молынан алып қойдық, басқа өзгеріс болмады деп жауап берді. 

Қатысушылардың үштен бірі жағдайға бейімделіп, күн тәртібін біршама өзгерткен. Мәселен, жұмыс сапарлары мен іс-шараларды кейінге қалдырған. Шет елге демалыстарынын бас тартып, халық көп жүретін жерлерге бармауға тырысып жүр. 

Сауалнамаға қатысқан азаматтардың көпшілігі (56%-ы) үкіметке сенім білдіреді. Олар үкімет барлығын бақылауда ұстап отыр, айғай-сүреңге салынудың қажеті жоқ деп санайды. Респонденттердің үштен бірі (38%) жаңалықты үреймен қабылдаған, дегенмен бұл ауруды жұқтырып алмаймын деп үміттенеді. 4% елді апат күтіп тұр, жағдай нашарлайды деп қорқады. 

Қоғамдық пікірдің негізгі көрсеткіштерінің бірі – халықтың коронавирустың Қазақстанда таралуына биліктің дайындығын бағалауы. Азаматтардың ой-пікірі теңдей үшке бөлінді.

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, 35% дайындық деңгейін орташа деп бағалады. Мемлекетте ауруды дер кезінде анықтап оны емдеуге қажетті барлық медициналық және әкімшілік мүмкіндіктер жоқ. Тағы да 35% мемлекеттің дайындығын жоғары дейді. Олар еліміздің денсаулық сақтау жүйесі бұл қауіпті жеңуге дайын деп үміттенеді. 26% мемлекетке ғана сеніп отыруға болмайды деп санайды. Олардың ойынша, Қазақстан пандемияға дайын емес. Әр адам алдын-алу шараларын өз бетінше жасауы тиіс. 

Төтенше жағдай кезінде биліктен қандай үміт күтесіз деген сұраққа жауап берген азаматтардың көпшілігі (36%) халықты, әсіресе қарттарды, әлеуметтік қамтамасыз етудің уақытша режимін енгізу керек дейді. Мысалы, несие бойынша төлемдерді уақытша тоқтату, коммуналды шығындарды жартылай төлеуге мүмкіндік беру, маскалар мен азық-түлік бағасының қымбаттамауын қадағалау. 

18% респонденттер денсаулық сақтау жүйесін мейлінше қатаң қадағалау мен мобилизациялауды қамтамасыз ету  керек дейді. 14%  азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалынып жатқан санитарлық және медициналық шаралар жеткілікті деп санайды.

Қазақстандықтарды коронавирус эпидемиясы туралы көзқарасына ұлттық валютаның девальвациясы мен алдағы экономикалық дағдарыс та әсер етпей қоймады. Халық биліктен COVID-19-ды алдын-алу үшін жасалатын әрекеттерді ғана емес, тиімді әлеуметтік-экономикалық оң саясатты да күтіп отыр. Халықтың үміті ақталса, биліктің халық алдындағы абыройы асқақтары сөзсіз. Билік мүмкіндікті қалт жібермейді деп сенеді халық.

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz